Отан алдындағы борышын өтеуге ұмтылатын жастар көбейді капитан Мағжан Жолды

31.03.2026

Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..

Бұл науқан 30 маусымға дейін жалғасады. Биыл 18 бен 27 жас аралығындағы 21 мыңнан астам жас Отан алдындағы борышын өтеуі тиіс.  

Қорғаныс министрлігінің ұйымдастырумен Астанадан Ақтауға арнайы барған БАҚ өкілдері Каспий теңізінің қауіпсіздігін күзететін әскери теңізшілердің жұмысымен танысты.

Десанттық шабуылдау батальонында мерзімді қызметін өтеген әскери теңізшілердің Жауынгерлік тумен қоштасу салтанатты іс-шарасына қатысты.

Бөлімше басшысы матростарға әскери борышын атқарғаны үшін ерекше алғыс айтты. Алғысхат табыстап, естелік сыйлық тарту етті.   

Әскерге келгеніме өкінбеймін – сарбаз Бейсенбаев   

«29011 әскери коменданттық ротасында қызмет еттім. Былтыр көктемде әскер қатарына шақырылдым. Отан алдындағы борышымды абыроймен өтеп, үйге қайтып бара жатырмын. Көптеген жетістікке жеттім. Спортпен жүйелі шұғылдандым. Жарыстарға қатысып, жүлде алдым. Әскерге келгеніме өкінбеймін», – дейді сарбаз.

Әскери теңіз күштерінің жұмысы қарқынды дамып келеді – капитан

Әскерге шақыру науқаны басталған кезде жастардың әскерге баруға ынтасы жайында 29011 әскери бөлімінің коменданттық ротасының командирі, капитан Мағжан Жолдының пікірін сұрадық. Ол – Құрлық әскері әскери институтының түлегі. 2020 жылдан бері әскери теңіз күштерінде қызмет етеді.

«Менің коменданттық ротамда 69 әскери матрос қызмет етіп жатыр. Оның 29-ы 1/25 шақырылымында әскер қатарына қабылданған. Бүгінде кезекті әскери борышын өтеп, үйіне қайтып бара жатыр. Біздің әскери теңізшілердің міндеті – Қазақстан Республикасы және Каспий секторының қорғанысын қамтамасыз ету, әрдайым жоғары жауынгерлік дайындықта болу. Қазіргі таңда әскери теңіз күштері қарқынды дамып келеді. Жыл сайын әскери теңіз күштерінде Отан алдындағы борышын өтеуге ниет білдіретіндердің қатары артты. Олардың көпшілігі Атырау, Орал, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облысынан келеді», – дейді капитан Мағжан Жолды.   

Әскери теңіз экипажының жұмысы қарбалас әрі ауа райына байланысты кенеттен қауіп туындауы да мүмкін. Каспий теңізінің тереңдігі, қауіпті аймағын мұқият барлап қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін теңіз әскерлері күні-түні еңбек етеді. Кеменің қорғаныс жүйесі  теңіз үстінде шабуыл жасалса, қорғанысқа көшу тәсілін, қашықтан бақылау жүйесін көрсетті. 

Сонымен қатар сүңгуірлердің жұмысымен таныстық. Әскери теңізші болу үшін жауапкершілік, жылдамдықпен қатар қырағылық та өте маңызды. Себебі, су астында төнетін қауіп түрі көп. Дауылмен арпалысып жүзу. Істен шыққан кемелерді жөндеу, қауіп төнген кеме экипажын құтқару. Қазақстан Каспий теңізі арқылы бірнеше мемлекетпен шектеседі. Сондықтан қауіпсіздік өте маңызды. 

Сарбаздар сүңгуір болу үшін қанша уақыт жаттығады?

Әскери теңіз күштеріндегі сүңгуірлерді жаттықтырудың өз ережесі бар.

«Сарбаздардың икемі мен талабына қарай жаттығу кезеңі де әрқилы болады. Ұмтылысы жоғары сарбаздар тез үйренеді. Бәріне бірдей талап қойылады. Суға түсу ережесі, су астындағы қауіп-қатер, әскери кемелерді су астында жөндеу барлығын мамандар кезең-кезеңімен үйретеді. Біздің салада сүңгуір дәнекерлеушінің еңбегі ерекше деп айтар едім. Себебі, су астында кеменің істен шыққан бөлігін дәнекерлеу өте күрделі шаруа. Судың қысымы, дауыл, толқын барлығы сүңгуірдің жұмысына кедергі келтіреді. Осындай қиындықтарға қарамастан, дәнекерлеуші сүңгуір болу үлкен жауапкершілік», – дейді бөлімше басшысы, капитан-лейтенант Руслан Қунақов. 

Жағалау күзеті жұмысының күрделі болатын себебі, Қазақстан Каспий теңізі арқылы бірнеше мемлекетпен шектеседі. Көрші елдердегі әріптестерімен бірге оқу-жаттығу жиындарына қатысып тұрады.

Шетелдік әріптестермен бірлесе өткізілетін оқу-жаттығу жиындарындағы ең маңыздысы – тәжірибе алмасу.

«Каспий теңізінің Қазақстан жағындағы бөлігі терең әрі судың температурасы өзге аймағымен салыстырғанда суық. Ашық теңізге шықпас бұрын ауа райын, желдің бағытын мұқият қадағалаймыз. Соған қарамастан, күтпеген жерден дауыл соғып, толқын көтерілуі мүмкін. Сондықтан сүңгуірден физикалық дайындықпен қатар психологиялық көңіл күйі де маңызды рөл атқарады», – дейді капитан-лейтенант Руслан Қунақов. 

Бұған дейін Маңғыстау облысындағы 25744 әскери бөлімінің «Оймаша» оқу полигоны аймағындағы оқу-жаттығу туралы жазған болатынбыз.  

Майра ЖАНЫСБАЙ,

Астана – Ақтау – Астана

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью