Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
Адамзат тарихындағы алғашқы ғарышқа сапар қазақ жерінен бас-талды. Сондықтан еліміздің әлемдегі ғарышты игерудегі тарихи орны бөлек. Қазір мемлекет ғарыш саласын дамытуға ерекше басымдық беріп отыр. Бірнеше жаңа ғылыми жобалар қолға алынды. Осы орайда «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясының басқарушы директоры Аманат Үмбетбаевпен еліміздегі ғарыш саласының дамуы туралы әңгімелестік.
– Аманат мырза, өзіңіз қызмет істейтін компания ғарыш саласында қандай жобаларды жүзеге асырып жатыр?
– Бүгінде елімізде ғарыш саласын дамытуға арналған 10-ға жуық мемлекеттік ұйым бар. Соның ішінде біз ұлттық компания саналамыз. Компания құрылғаннан бастап, ғарыш саласына қатысты бірнеше жобаны іске асырды. Айталық, 2014 жылы елімізден екі ғарыш спутнигі ұшырылды. Бұлар ғарыш кеңістігінде 7 жыл ұшуға ғана жоспарланған. Алайда олар он екі жылдан бері тоқтаусыз жұмыс істейді. Бұл – біз үшін үлкен жетістік. Сондай-ақ 2018 жылы отандық инженерлер құрастырған ғылыми-техникалық ғарыш аппараты да ұшырылды. Оның ұшу мерзімі бір жылға жобаланған. Бірақ биыл оған 8 жыл болды. Әлі де қызмет көрсетіп тұр.
Шындығында, отандық ғарыш саласының жоспары ауқымды. 2023 жылы елімізде Орталық Азиядағы ең ірі ғарыш аппаратын құрастыру мен сынақ кешені іске қосылды. Кешен халықаралық талапқа сай жабдықталған. Қазір мұнда ғарыш спутниктерінің топтамасы әзірлену үстінде. Оны біздің мамандар құрастырды. Бүгінде ғарыш аппаратының бөлшектері жиналып, функционалдық сынақтан өткізіліп жатыр. Топтаманы ұшыру 2027 жылға жоспарланған. Оның негізі мақсаты – қолданыстағы «KazEOSat-2» спутнигін кезең-кезеңімен алмастыру. Бұдан бөлек, алдағы таңда осы кешен базасында жерді қашықтықтан зондтау спутниктерін әзірлеу жоспарланып отыр. Бұл жобаларға жеке инвестиция тартсақ дейміз. Жалпы алғанда, 2030 жылға дейін елімізде, кем дегенде 6 ғарыш спутнигін ұшыру көзделген.
– Спутниктердің техникалық сипаттамасына да тоқталасыз ба?
– Қазір жоғары және орташа анықтау қабілетіне ие оптикалық спутниктер жұмыс істеп тұр. Айталық, «KazEOSat-1» спутнигі 1 метрге дейінгі суретті анық түсіреді. Бұл аппарат инфрақұрылым нысандарын бақылауға, топографиялық карталар жасауға және төтенше жағдай аймағын талдауға бағытталған. Ал «KazEOSat-2» спутнигі кең аумақты қамтиды. Мұнда ауыл шаруашылығы, орман алқабы және экология мен табиғи ресурстарға мониторинг жасалады. Оның кеңістікті анықтау қабілеті – 6,5 метр. Онда өсімдіктердің жағдайын дәл анықтайтын «Red Edge» арнасы қарастырылған. Ғылыми-технологиялық «KazSTSat» микроспутнигі үлкен аумақты шолып, бақылайды. Сонымен бірге ол ғарыш аппараттарын басқару мен деректерді беру технологиясын сынақтан өткізуге арналған тәжірибелік платформа қызметін атқарады.
Бүгінгі таңда ғарыш аппараттарын одан әрі дамыту қолға алынды. Қазір 3,5 метр анықтау қабілетіне ие жаңа спутниктер әзірленіп жатыр. Мәселен, «KazEOSat-MR» топтамасы үш бірдей спутниктен тұрады. Бұл – маңызды инженерлік шешім. Себебі орбитада бірнеше аппараттың болуы бақылауды едәуір арттырады. Егер бір спутник белгілі аумақты орта есеппен 3-4 күнде бір рет түсірсе, үш спутниктен тұратын топтама сол аумақтағы деректерді күн сайын алуға мүмкіндік береді. Біздің спутниктер нарыққа шығатындықтан оның сапасына да қатты мән береміз.
– Ғарыш аппараттарын жасауда отандық компаниялардың үлесі қандай?
– Ғарыш спутнигін әзірлеу – күрделі технологиялық үдеріс. Онда жобалаудан бастап, конструкторлық құжаттаманы әзірлеу, қосалқы жүйелер мен құрамдас бөлшектерді өндіру, құрастыру, сынақтан өткізу, ұшыруға дайындау секілді жұмыстар толық қамтылған. Айта кетейік, әлемдік тәжірибеде бірде-бір мемлекет ғарыш аппараттарын толықтай тек өз ресурстары есебінен өндірмейді. Спутник жасау – халықаралық кооперацияға негізделген сала. Себебі әр елдің белгілі бір технологиялық бағыттағы жекелеген компоненттер өндірісінде – өзіндік артықшылығы бар.
Сондай-ақ мұндағы ең негізгі кезең – ғарыш аппаратын жобалау. Бұл жұмыстарды елімізде толық біздің мамандар іске асырып отыр. Бұлардың дені елордадағы ғарыш аппаратын құрастыру мен сынақ кешенінде жүргізіледі. Қазір спутниктерді жобалау, құрастыру және сынақтан өткізуді еліміздегі компаниялар мен ғылыми ұйымдар атқарады. Осы жобалар аясында отандық өндірістің үлесі артып келеді. Бүгінгі таңда біз спутниктерді экспортқа шығара бастадық. Бұған 2024 жылы келісім жасалды. Былтыр екі ғарыш аппаратына байланысты экспорттық келісімге қол қойылды.
– Қандай елге экспортталады?
– Моңғолия, Конго Республикасы және Нигерия федаратив Республикасымен үш инвестициялық келісім жасалды. Осы келісім аясында ғарыш аппаратын әзірлеу жұмысы басталды. Сондай-ақ жоба шеңберінде серіктес елдердің мамандарын оқыту, спутниктік деректерді өңдеу технологиясын құру секілді іс-шаралар қарастырылған.
– Түркі мемлекеттерімен бірлескен ғарыш спутнигі әзірленіп жатыр. Бұл туралы не айтасыз?
– Иә. Осы бағыттағы жұмыстар қызу жүріп жатыр. Бұған Түркия, Өзбекстан, Әзербайжан мамандары да белсенді атсалысуда. Мәселен, Өзбекстан мамандары спутник қозғалтқышын жасауға ұсыныс білдірді. Біз оны қолдаймыз. Егер олар жасаған құрылғының сапасы жоғары болса, оны қолдануға болады. Сондай-ақ Әзербайжан мамандары да спутникке өздері жасаған антеннаны пайдалануды ұсынды. Оны да көреміз. Қазір ғарыш аппараты дайын. Енді оны ұшыру мәселесі талқылану үстінде. Бұйырса, келер жылы ұшуы мүмкін.
– Мемлекеттік ұйымдар жұмысына қандай мониторинг жасайсыздар?
– Қазір біз ғарыш спутниктері арқылы еліміздегі 49 экономикалық салаға мониторинг жасаймыз. Мұнда ауыл шаруашылығы, су шаруашылығы, табиғи ресурстар, пайдалы қазбалар, экология, төтенше жағдай, қорғаныс секторы және т.б. салалар қамтылған. Мәселен, ауыл шаруашылығы министрлігі егін себу жұмыстарынан бастап, оны жинап алғанға дейінгі деректерді сұрайды. Егер бір төтенше жағдай орын алса, соған байланысты да сурет береміз. Біздің ақпаратымыз нақты. Айталық, халықаралық әріптестер «KazEOSat-1» спутниктік деректерінің сапасын жоғары бағалады. Осы жұмыстың бәрі жүйелі жолға қойылған. Алдымен Аэроғарыш комитеті жыл соңында барлық мемлекеттік ұйымнан түскен өтінімдерді жинақтайды. Сосын олар біздің мамандармен бірге сипаттама әзірлейді. Содан кейін жыл бойы осы ақпараттарға мониторинг жасалады.
– Ғарыш саласының мамандарына да тоқтала кетсеңіз?
– Бұл өте өзекті мәселе. Біз мамандарға ерекше көңіл бөлеміз. Өйткені әрбір білікті инженердің орны бөлек. Мамандар біліктілігін арттыру үшін шетелге барып оқыды. Сондағы қызметкерлермен тәжірибе алмасты. Алайда кадр тапшылығы бар екенін жасырмаймын. Бірақ қол қусырып отырған жоқпыз. Былтыр Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің түлектерін конкурссыз жұмысқа қабылдадық. Бұл аталған оқу орнымен әріптестікті нығайту мақсатында жүзеге асты. Сондай-ақ олар ғарыштық компаниямен бірлесіп, жаңа білім бағдарламасын әзірлеуді қолға алды. Бағдарлама жас мамандарды өндіріске бейімдеп, олардың кәсіби деңгейін көтеруге бағытталмақ. С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетімен де байланысымыз жақсы. Назарбаев университетімен бұрыннан тығыз қарым-қатынастамыз. Мұнда мамандарды даярлауда теориялық қана емес, практикалық база жақсы қалыптасқан. Алдағы таңда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық зерттеу университетімен де жұмыс істегіміз келеді. Бұл оқу орындарында мамандар даярлау жоғары деңгейде екенін білеміз.
– Қазір барлық салаға жасанды интеллекті дендеп енді. Осы бағытта ғарыш саласында қандай жаңалықтар бар?
– Біздің компания Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне қарайды. Сондықтан бұл салаға белсенді кірістік. Бір жағынан, жасанды интеллекті көп жұмысымызды жеңілдетті. Қазір еліміздегі орман шаруашылығына байланысты мемлекеттік орман қорын толық цифрландырдық. Бұрын орман ағаштарын заңсыз кесу секілді түрлі құқық бұзушылық жиі орын алатын еді. Оны анықтауға бір айдан аса уақыт жұмсалатын. Қазір оны ЖИ-дің көмегімен бір күнде анықтаймыз. Сондай-ақ ауыл шаруашылық саласына да қатысты осындай жобалар қолға алынды. Ендігі мақсатымыз – ғарыш аппараттарына жасанды интеллектіні енгізу. Қазір спутниктер ұшып жүр. Олар көрсеткен жерді ғана түсіреді. Ал аспан бұлтты болса, түсірілім іске аспай қалады. Сондықтан мамандар осы технологияны жасауды қолға алды. Мұндай құрылғы Қытай мен Еуропадағы кейбір ғарыш компанияларында бар. Біз өзіміздікін қолданғымыз келеді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Азамат ЕСЕНЖОЛ,
«Egemen Qazaqstan»
Соңғы жаңалықтар
Ата заң • Бүгін, 08:15
Аймақтар • Бүгін, 08:10
Мал шаруашылығын өрістетуге қолайлы өңір
Саясат • Бүгін, 08:05
Парламенттік дипломатия: Қазақ-өзбек зиялыларының форумына ұйытқы болды
Саясат • Бүгін, 08:00
Экономикалық әріптестік нығая береді
Саясат • Бүгін, 07:58
Пікір • Бүгін, 07:55
Бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға мүдделі
Саясат • Бүгін, 07:53
Ғылым қоғамға қызмет етуі керек
Пікір • Бүгін, 07:50
Қасым-Жомарт Тоқаев: Адамзаттың барлық жетістігі – ғалымдардың зияткерлік еңбегінің жемісі
Президент • Бүгін, 07:45
Еркін Әбіл: Қазақстан эволюциялық жаңару жолын таңдады
Қоғам • Кеше
Гранттан баспанаға дейін: Мемлекет жас ғалымдарға қалай қолдау көрсетуде?
Қоғам • Кеше
Қоғам • Кеше
Астанада «Болашақ ойындары 2026» турниріне волонтёрларды іріктеу басталды
Елорда • Кеше
Алматы – Шаңхай бағытында жаңа тікелей әуе рейсі ашылды
Қоғам • Кеше
Қазақстан IT-қызметтердің экспортынан 1 млрд доллардан астам табыс тапты
Технология • Кеше