Отандық өндірушілерді қорғау маңызды

31.03.2026

Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..

Жиында отандық азық-түлік өнімдерін өндірушілерді қорғау және қолдау жөніндегі шаралар қаралды. Сонымен қатар ішкі сауда саясатының дамуы, отандық өндірушілердің нарықтағы жағдайы және баға қалыптастыру тетіктерінің ашықтығы мәселелері көтерілді.

Іс-шара Парламент Мәжілісінің де­путаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нұржан Әшімбетовтің төрағалығымен өтті. Отырысқа мемлекеттік органдар, салалық қауымдастықтар, агроөнеркәсіп кешені өкілдері мен сарапшылар қатысты.

Жиынды ашқан Нұржан Әшімбетов отандық өндірушілерді қорғай отырып, халыққа сапалы және қолжетімді азық-түлік жеткізу негізгі міндет екенін айтты.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихат депутат­тарының ІІІ республикалық форумында агроөнеркәсіп секторын жан-жақты дамыту мемлекет саясатындағы негізгі басымдық болып қала беретінін және өнімдеріміз ішкі нарықтың сұранысын толық өтеп, шетелге де тұрақты шығарылуға тиіс екенін атап өткен еді. Бүгінде ішкі нарықты тек импортпен емес, отандық өніммен толықтыру стратегиялық мақсат болып отыр. Ол үшін мемлекет өндірушілерді қолдаудың барлық мүмкін шараларын қарастыруда. Сауда саласындағы ашықтық пен әділ бәсекелестікті нығайту үшін заңнама жетілдіріліп келеді. Сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар тауарларға баға үстемесін бақылау күшейтіліп, әлеуметтік осал топтарға қолдау көрсету шаралары енгізілуде. Осылайша, Қазақстанның аг­рар­лық секторын жаңа сапалық деңгейге көтеріп, өнім өндірушілер мен тұтынушылар үшін тұрақты нарық қалыптастырамыз», – деді Кеңес төрағасы.

Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша ішкі тауар айналымы 14,6%-ға өсіп, 80 трлн теңгеге жетті. Ал көтерме сауда 53,5 трлн теңгені, бөлшек сауда 26,4 трлн теңгені құрады. Сондай-ақ отандық әлеуметтік маңызы бар азық-түлік та­уар­ларының ішкі нарықтағы үлесі 80%-дан асты.

Аталған министрліктің Ішкі сауданы дамыту департаменті директоры Аңсар Оразалиевтің мәлімдеуінше, соңғы үш жылда салаға салынған инвестициялар көлемі 42%-ға өсіп, 1 229 млрд теңгеге жет­ті. Ол әлемдік деңгейдегі қиындық­тарға қарамастан, сыртқы сауда айналымы да өсім көрсетіп, 143,9 млрд-қа жетке­нін, сон­дай-ақ шикізаттық емес экспорт 41 млрд-ты құрап, былтырғы көрсеткішті сақтап отырғанын атап өтті.

«2030 жылға дейінгі сауда саясатының тұжырымдамасы бойынша сауда өнімділігін арттыруға бағытталған заманауи сауда экожүйесін қалыптастыру, отандық тауар­ларды ішкі және сыртқы нарықта ілгерілету, шикізаттық экспорттан жоғары қосылған құнды өнімдер экспортына көшу, тұтыну­шы­лардың құқығын жан-жақты қорғау, тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз ету – басым ба­ғыттар ретінде танылды. Ішкі сауда саласында құ­рылымдық жаңғырту және ашықтықты арттыруға бағытталған шаралар жүзеге асы­рылуда. Сауданың заманауи форма­тын дамыту үшін бірыңғай стандарт әзірлен­ді», – деді ол.

Сонымен қатар Аңсар Оразалиев ішкі сауда субъектілеріне мемлекеттік қолдау шаралары алғаш рет енгізілгенін жеткізді. Бұл бағытта 4,3 млрд теңге бөлініп, екінші деңгейлі банктер арқылы 460 жоба қолдау тапқан. Оның сөзінше, әкімдіктермен бірлесіп атқарылып жатқан базарларды жаңғырту жұмысы аяқталуға жақын. Бұдан бөлек сауда сөрелерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін отандық өнімдердің кемінде 30% үлесі барлық тауар топтары мен сауда инфрақұрылымына енгізілгенін айтты.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, әлеуметтік маңызы бар өнімдерге сауда үстемесін бақылау күшейтілді және әлеуметтік осал топтарға атаулы көмек ретінде азық-түлік ваучерлерін енгізу қолға алынды. Ақмола мен Павлодар қалаларында пилоттық жоба тиімді нәтиже көрсетіп, жыл соңына дейін оны барлық өңірге кезең-кезеңімен енгізу жоспарланып отыр», – деді ол.

Жиында сөз алған «Ақтөбе облысының сүт және сүт өнімдерін өндірушілер қауым­дастығы» ЗТБ басқарма төрағасының орын­басары Сағынғазы Құрманалин сауда желілерімен жұмыс барысында туындайтын бірқатар жүйелік мәселеге тоқталды.

«Біздің «Айс» сүт компаниясы Батыс Қазақстан облысына өнім жеткізеді. Алайда логистика, салықтық өзгерістер және сауда желілеріндегі қосымша маркетингтік талап­тар өнімнің өзіндік құнына тікелей әсер етеді. 27 қаңтарда дистрибьюторға сауда үстемесін асыру фактісі бойынша айыппұл салынды. Бірақ бұл өсімнің артында объективті себептер бар. Сондай-ақ тасымал шығындары, жаңа салықтық талаптар мен сауда желілеріндегі жасырын ретро-бонус жүйесі баға қалыптасуына қосымша жүктеме түсіреді. Бұл жүйе тікелей көрсетілмейді, бі­рақ түрлі акциялар, жарнамалық міндетте­мелер арқылы өндірушіге қосымша шығын ретінде жүктеледі. Соның салдарынан дис­трибьюторлар да, өндірушілер де ашық түрде шағымдана алмайды», – деді Сағынғазы Құрманалин.

Ол нарықтағы қатынастарды барынша ашық әрі бірізді ету қажеттігін атап өтті. Спикердің сөзінше, қазіргі жүйе өндіруші үшін де, дистрибьютор үшін де қосымша тәуекелдер туғызып отыр.

Өз кезегінде Сауда комитеті төрағасының орынбасары Дәулен Қабдушев сауда саласындағы қатынастар заңмен нақты реттелгенін атап өтті. Оның айтуынша, сауда желілеріне төленетін сыйақы мөлшері 5%-дан аспауы тиіс, ал әлеуметтік маңызы бар тауарлар бойынша бұл көрсеткіш 0% деңгейінде белгіленген.

«Өндірушілер мен сауда желілері арасындағы кез келген жасырын немесе қосымша төлемдер заңмен реттеледі. Заңнаманы бұзған жағдайда әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Бүгінде ішкі сауда ережелерін жетілдіру бойынша жұмыс жалғасуда», – деді ол.

Жиын қорытындысы бойынша қатысу­шылар ішкі сауда жүйесін дамыту, отандық өнімдердің нарықтағы үлесін арттыру және баға қалыптастыру тетігінің ашықтығын күшейту мәселелерінің өзектілігін атап өтті.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью