Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..
Павлодар облысының «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасында агроөнеркәсіп кешені жөніндегі салалық кеңестің отырысы өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Жиында отандық азық-түлік өндірушілерін қолдау тетіктері мен жергілікті кәсіпкерлердің өнім өндіру және оны ішкі нарыққа өткізуде кездесетін өзекті мәселелері қаралды. Іс-шараны Павлодар облысының Кәсіпкерлер палатасы мен Қазақстан Республикасы азық-түлік секторының салалық одақтары альянсы бірлесіп ұйымдастырды.
Отандық азық-түлік өнімдерін өндірушілердің өзекті мәселелерін және жалпы қазақстандық нарықты талқылауға Кәсіпкерлер палатасының, мемлекеттік органдардың, өңірдегі азық-түлік өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуші жетекші кәсіпорындардың өкілдері қатысты.
Кездесудің басты тақырыбы импорттық өнімдермен жоғары бәсекелестік жағдайында қазақстандық азық-түлік өнеркәсібін бұдан былайғы дамыту мәселесі болды. Жиынға қатысушылар Павлодар облысындағы шекаралық ахуалды талқылап, жергілікті сауда орындарында отандық өндірушілерге басымдық берудің маңызын атап өтті. Сонымен қатар елге «көлеңкелі» схемалар арқылы әкелінетін импорттық өнімдердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылауды күшейту қажеттігі де сөз болды.
Талқылау барысында қатысушылар ішкі нарықта отандық өнімнің үлесін арттыру мәселесі саладағы ең өзекті түйткілдердің бірі болып отырғанын айтты. Өндірушілердің пікірінше, соңғы жылдары қазақстандық дүкен сөрелерінде импорттық азық-түлік өнімдерінің үлесі артып келеді. Ал көптеген тауар санаттары бойынша отандық өнімдердің нарықтағы үлесі біртіндеп азайып барады.
«Бүгінгі талқылау отандық азық-түлік өндірушілерін қолдау мәселесі кешенді тәсілді және бизнес пен мемлекеттің тұрақты өзара іс-қимылын қажет ететінін көрсетті. Отырысқа қатысушылар ішкі нарықтағы импорттық өнімнің жоғары үлесі, Қазақстан шекарасы арқылы әкелінетін азық-түлік өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін бақылауды күшейту, сондай-ақ жергілікті сауда желілерінде отандық өндірушілерге басымдық беру секілді өзекті мәселелерді көтерді. Кәсіпкерлер палатасы үшін мұндай кездесулердің тек пікір алмасу алаңы болып қана қоймай, заңнаманы жетілдіруге және отандық өндірісті дамытуға бағытталған нақты бастамаларды әзірлеуге негіз болғаны маңызды. Қазақстандық кәсіпорындардың тиімді жұмысы елдің азық-түлік қауіпсіздігіне, өңірлік экономиканың дамуына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына тікелей әсер етеді», – деді Павлодар облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының міндетін атқарушы Айдос Шайхислам.
Жиын барысында азық-түлік өнімдерін елге кіргізу кезіндегі бақылау мәселесіне де ерекше назар аударылды. Қатысушылар тауардың шыққан еліне қарамастан, сапа мен қауіпсіздікке қойылатын бірыңғай талаптарды сақтау адал бәсекелестіктің негізгі шарты екенін атап өтті. Сала өкілдерінің пікірінше, мемлекеттік шекарадағы бақылау тетіктерін жетілдіру нарықтың ашықтығын арттырып қана қоймай, ішкі нарықты тиімді қорғау арқылы отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге мүмкіндік береді.
Өңірлік кәсіпорындардың өкілдері де өздерінің тәжірибесін бөлісті.
«МолКом Павлодар» ЖШС-нің директоры Виталий Михайлов атап өткендей: «Отандық өндіруші ретінде біз сауда желілерінде әлі де импорттық өнімдерге, әсіресе Ресей мен Беларусьтен келетін тауарларға басымдық берілетінін байқап отырмыз. Жаңа өнімді нарыққа шығарған кезде өндірушілер тауарды дүкен сөрелеріне орналастыруда және қосымша коммерциялық талаптармен бетпе-бет келеді. Шағын кәсіпорындар үшін мұндай талаптар үлкен кедергі болса, ірі компаниялардың бөлшек сауда желілерімен жұмыс істеу шығынын едәуір арттырады. Іс жүзінде біздің өндірушілер тауардың сауда желісінде болуы үшін ғана емес, сол сөреге іліну мүмкіндігінің өзі үшін ақша төлейді. Бұл мәселе салалық кеңестерде бірнеше рет көтеріліп, сауда желілерімен өзара жұмыс істеу шарттарын қайта қарау қажеттігі айтылды. Алайда әзірге мүдделер теңгерімі көбіне сауда желілерінің пайдасына шешіліп отыр. Қазіргі жағдайда дүкен сөрелерінің көрнекті орындарында әрі кең көлемде отандық өнімдердің ұсынылуы аса маңызды. Бұл тек экономикалық тұрақтылықтың ғана емес, ұлттық мақтаныш пен елдің азық-түлік қауіпсіздігінің де мәселесі», – деді Виталий Михайлов.
Кездесу барысында қазақстандық өндірушілер бүгінде тек шетелдік компаниялармен ғана емес, сонымен қатар Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше елдерде қолданылатын мемлекеттік қолдау тетіктерімен де бәсекелесуге мәжбүр екені айтылды. Қатысушылардың пікірінше, көрші мемлекеттердің кәсіпорындары ауқымды субсидиялау бағдарламаларының, жеңілдетілген қаржыландырудың және өндірістік инфрақұрылымның жақсы дамуының арқасында бірқатар артықшылыққа ие. Осындай жағдайда Қазақстанда да отандық өндірушілерге ішкі нарықта тең дәрежеде бәсекелесуге мүмкіндік беретін тиімді қолдау тетіктерін қалыптастырудың маңызы арта түседі.
Кездесу қорытындысында қатысушылар азық-түлік өнімдерінің отандық өндірісін дамыту елдің экономикалық және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін негізгі факторлардың бірі екенін атап өтті. Олардың айтуынша, әлемдік нарықтағы тұрақсыздық жағдайында Қазақстан өз азық-түлік өндірісінің әлеуетін сақтап, ішкі нарықтың сыртқы жеткізілімдерге тәуелділігін азайтып, отандық кәсіпорындардың тұрақты дамуына әрі өндіріс көлемін ұлғайтуға инвестиция салуына қолайлы жағдай жасауы қажет. Отырыс барысында айтылған барлық ұсыныстар жинақталып, заңнаманы жетілдіру бағытындағы алдағы жұмыстарға негіз ретінде жолданатын болады.