Sputnik.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
АЛМАТЫ, 16 ақпан – Sputnik. Отардағы әскери бөлімде сарбаз соққыға жығылған. Қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлады Бас әскери полиция.
Сарбаздың туыстары оқиға туралы бейнежазбаны әлеуметтік желіде жариялады.
"Інім топ-томпақ болған. Тісін көріңіздер міне, жағы дұрыс салынбаған. Қалай әскерге баланы жіберуге болады", - дейді жәбір көрген сарбаздың әпкесі.
Бейнежазбада сарбазды ұстаған пәтер де көрсетілген.
Сарбаздың сөзінше, ол пәтерде екі апта бойы жатқан. Өзін жауапты командирмін деп таныстырған лейтенанттың айтуынша, екі сарбаз төбелескен.
"Гвардейск гарнизонының әскери полициясы әскери бөлімдердің бірінде әскери қызметшіге қатысты күш қолдану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Оқиға салдарынан әскери қызметшілердің бірі жақ сүйегінен жарақат алды. Зардап шеккен әскери қызметші Алматы қаласындағы әскери-клиникалық госпитальға жатқызылды. Оған барлық қажетті медициналық көмек көрсетілуде, денсаулық жағдайы әскери дәрігерлердің тұрақты бақылауында", - дейді Бас әскери полициясы.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тексеріс жүріп жатыр. Тергеу барысында оқиғаға қатысы бар барлық жауаптылар, сондай-ақ жарғыға қайшы өзара қатынас фактісі туралы жоғары тұрған қолбасшылыққа дер кезінде баяндамаған және медициналық көмекті ұйымдастыруда кемшілік жіберген лауазымды мамандардың әрекеттеріне құқықтық баға беріледі.
Тергеу шаралары кезеңінде әскери бөлімнің бірқатар лауазымды тұлғасы қызметтік міндеттерін атқарудан уақытша шеттетілді.
Жағдай Қарулы Күштер басшылығының ерекше бақылауында.