Отбасы жауапкершіліктен басталады

30.07.2026

Egemen.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..

Жалпы, отбасын, ананы, әке мен баланы қорғауды Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемле­кеттік саясаттың басты басым­дықтарының бірі ретінде дәйекті түрде айқындап келеді. Осы орайда конституциялық кепіл­діктердің тәжірибеде қалай іске асырылуы керектігі туралы бірыңғай түсінік қалып­тастырудың маңызы ерекше. Конституциялық бақылау органдарын, құқық қорғау институт­тарын, мемлекеттік орган­дар мен сарапшылық қоғамдас­тықты біріктірген осы талқылау жиыны дәл осы міндетке арналды.

Пікірталасқа Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары, Отбасы мәселелері жөніндегі уәкіл Снежанна Имашева модераторлық етсе, талқылауға Конституциялық сот төрағасы Эльвира Азимова, Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия төр­ағасы Жақып Асанов, Конс­ти­туциялық сот судьясы Айжан Жатқанбаева, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев, Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов, сондай-ақ Ұлттық комиссия­ мүшелері, мемлекеттік органдардың, ғылыми және сарапшылық қоғамдастықтың өкілдері қатысты.

Жиын барысында қатысу­шылар отбасы саясатының конс­титуциялық-құқықтық не­гіз­дерін, отбасын, ана мен әкені және баланы қорғаудың конституциялық кепілдіктерін іске асыру мәселелерін, теңдік пен кемсітушілікке жол бермеу қағидаттарын қамтамасыз етудің маңызын талқылады.

Дөңгелек үстелде Конс­титу­циялық соттың нақты істер бойынша қалыптасқан және отбасылық заңнама мен құқық қолдану тәжірибесін жетіл­діруге ықпал еткен құқықтық ұстанымдарына ерекше назар аударылды. Э.Азимова биыл­ғы 1 шілдеден бастап күшіне енген еліміздің жаңа Конс­титу­циясы отбасын дер­бес консти­туциялық құнды­лық ретін­де бекітіп, оны қор­ғаудың кепіл­діктерін едәуір күшейт­кенін мәлімдеді. Төрағаның айтуынша, Ата заңның 30-бабы­ның консти­туциялық мәні оның сөзбе-сөз мазмұнынан әлдеқайда кең.

– Отбасы тек әлеуметтік қорғау нысаны ретінде ғана емес, сонымен қатар адамның қадір-қасиетіне, бостандығына, ерлі-зайыптылардың теңдігіне, отбасы мүшелерінің өзара жауапкершілігіне және ұрпақтар сабақтастығына негізделген дербес конституциялық құндылық ретінде бекітілген, – деді Э.Азимова.

Ол сондай-ақ отбасын қорғау мен гендерлік әділдікті қамта­масыз ету бірін-бірі толық­тыратын міндеттер екенін айтты.

Жиында Ж.Асанов ертеректе өзінің еңбек жолында енгізген ұжымдық тәртіп пен жүйеге тоқталып, ғибратты әңгіме өрбітті. Оның айтуынша, отбасы кездейсоқ құрылмайды, оған уақыт, білім, жауапкершілік пен саналы дайындық қажет. Спикер бірнеше мысал арқылы қазіргі қоғамдағы басты мәселе ретінде жұмыс пен тұрмыс арасындағы тепе-теңдіктің бұзылуын, отбасындағы әке рөлінің әлсірегенін және жастардың некеге дайындықсыз қадам басатынын айтты.

– Жұмысқа шектен тыс беріліп, отбасына уақыт бөлмеу – үлкен мәселе. Еліміздің Бас прокуроры болған кезімде мені бір үлкен мәселе мазалап, «Неге біздің қызметкерлер түннің бір уағына дейін жұмыста отыруы керек?» деген сұрақ көкейімнен кетпей қойды. Не керек, ақыры саладағы қажетсіз бюрократиядан арылғаннан кейін қызметкерлердің кешкі уақытын отбасына арнауына мүмкіндік туды, – деді Ж.Асанов.

Бұған қоса, ол мемлекет жас­тарды отбасылық өмірге дай­ындайтын арнайы бағдар­ламалар мен қанатқақты жобаларды қолға алуы керек деген ұсынысын жеткізді. Себебі прокуратура қызметкерлерін жұмыс уақытынан кейінгі артық жүктемеден арылтып, отбасына көбірек көңіл бөлуіне мүмкіндік ашып бергенімен, олардың біразы ескі әдетпен үйіне кетуге асыға қоймапты.

– Жігіттерге бос уақыт беру жеткіліксіз екен. Әке болуды, отбасының жауапкершілігін сезінуді де үйрету керек. Себебі отбасы – өздігінен қалана салатын дүние емес, оны біліммен, жауапкершілікпен және өзара құрметпен бірге құру қажет, – дейді Ж.Асанов.

Ал Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов отбасын қолдау жүйесін дамыту мен мемлекеттік отбасылық саясатты жетілдіру жөніндегі ведомство жұмысының нәтижелерін ұсынды.

Сондай-ақ жиында Консти­туциялық соттың шешімдері, Ұлттық комиссияның бастамалары, құқық қорғау инсти­тут­­тары мен мемлекеттік орган­­дардың қызметі отбасын қорғаудың бірыңғай жүйе­сін қалыптастыратыны, онда құқықтық кепілдіктер азамат­тарға көмек көрсетудің тәжіри­белік тетіктерімен толық­тырылатыны айтылды.

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью