“Отбасылық өмірдің ең жақсы бастауы“ желіде қазақстандық жас жұбайлардың әрекетіне сүйсінді

28.07.2026

Tengrinews.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..

Жас жұбайлар Ерхан мен Ажар тойда жиналған барлық ақшалай сыйлықты қайырымдылыққа жұмсауды ұйғарды. Олар қаражатты "Ана үйі" қоғамдық қорына табыстады, деп хабарлайды Tengri Life.

Бұл ерекше шешім туралы қордағылар айтып берді. Ұйым өкілдерінің сөзінше, бұл бастама күйеу жігіттің ата-анасы – Серік Төлебаев пен жұбайы Жаннұр Жанатбекқызы тарапынан туындаған, ал жас жұбайлар оны қуана қолдаған.

Қор мәліметінше, Серік Төлебаев 21 жыл бойы ірі құрылыс компаниясында қызмет етеді, бүгінде компанияның топ-менеджері әрі акционері. Ол ұзақ жылдар бойы әлеуметтік жобаларға қолдау көрсетіп келеді. Ол жиналған қаражатты тапсыру үшін қорға жұбайымен бірге арнайы келді.

"Жас жұбайлар мен олардың ата-анасына осындай ізгі әрі өнегелі шешімдері үшін шын жүректен алғысымызды білдіреміз. Отбасы мейірім мен қайырымдылықтан басталса, оның іргесі де берік болады", - делінген қоғамдық қор хабарламасында.

Жарияланған видеода Серік Төлебаев бірнеше жобаның қамқоршысы екенін айтты. Оның сөзінше, кейінгі бірнеше жылда отбасынның "Ана үйі" қорына да қолдау көрсету ниеті пайда болған. Сондай-ақ ол той 25 шілдеде өткенін айтты.

Жұбайы Жаннұр Жанатбекқызы ұлының үйлену тойы болатыны белгілі болған соң, отағасы бұл қуанышты тек отбасы үшін емес, қоғам үшін де пайдалы ету жолдарын ұзақ ойланғанын қосты.

"Тойға дайындық басталған күннен бері жолдасым бұл туралы көп ойланды. Нәтижесінде мерекеде жиналған барлық ақшалай сыйлықты қорға өткізуді шештік. Өзгелерді де осындай игі бастамаларға қосылуға шақырамыз. Еліміздегі барлық баланың бақытты болғанын қалаймыз", - деді ол.

Instagram-дағы бұл жарияланымды көру

Ана үйі / Ресурс орталықтары (@dommamy) жариялаған жазба

Қордың бұл жазбасы әлеуметтік желіде кеңінен таралды. Желі қолданушылары пікірлерде жас отбасын құттықтап, игі бастама көтерген ата-анаға алғыс айтып жатыр.

"Ерхан мен Ажардан тамаша үлгі! Жарайсыңдар! Ата-аналарыңа мың алғыс! Жаңа шаңырақтарың биік болсын!", "Балаларыңызға шын жүректен бақыт, өзара түсіністік пен отбасылық береке тілеймін! Жасаған жақсылықтарыңыз өздеріңізге еселеп қайтсын!", "Керемет жандар", "Жарайсыңдар! Нағыз асыл іс!", "Жомарттың қолы ешқашан ортаймайды, берекесі арта берсін", - деп жазды оқырмандар.

Сонымен қатар көп адам жас отбасына ақ тілектерін жаудырып, бақыт пен амандық тіледі.

"Ана үйі" қоғамдық қоры әлеуметтік жетімдіктің алдын алу бағытында жұмыс істейді. Ұйымның негізгі мақсаты - қиын жағдайға тап болған отбасыларға қолдау көрсету арқылы жыл сайын балалар үйіне түсетін балалар санын азайтуға үлес қосу.

Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз

Жазылу

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью