Өткенге деген ренжіш болашақтан айырылумен тең Тоқаев тарихты дұрыс түсіну туралы

24.09.2026

Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тарихты дұрыс түсінуге және өткендегі сәтсіздіктер үшін кінәлілерді іздемеуге шақырды. Ол өткенге үнемі ренжу адам мен халықты болашаққа нық сеніммен қарау мүмкіндігінен айыратынын атап өтті, деп хабарлайды Tengrinews.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Қазақстан Халық Кеңесінің сессиясында Мемлекет басшысы тарихты дұрыс түсіну – ең маңызды дағдылардың бірі екенін мәлімдеді. Өткенге өкпе арту болашақтан айырылумен бірдей.

"Тарихты дұрыс тани білу – ең қажетті дағды. Өткенге өкпе арту – болашаққа балта шабумен тең әрекет. Айналасына кінә тағып, үнемі жұбаныш іздеп жүретін адамның да, ұлттың да келешегі бұлыңғыр болады. Мұндай кертартпа әдеттерден аулақ болу керек. Күнделікті өмірде де мұңға батпай, еңсені тік ұстап жүрген жөн.", - деді Президент.

Тоқаевтың айтуынша, өскелең ұрпақты жасық, кінәмшіл, уайымшыл мінезден сақтау қажет. Олар ұлтының тарихын мақтан етіп, еліміздің болашағына сеніммен қарауы керек.

"Қазақтың біртуар жазушысы Мұхтар Әуезовтің "Ел боламын десең, бесігіңді түзе" деген жақсы сөзі бар. Ұрпақ тәрбиесі – ел болашағының кепілі. Сондықтан біз қазір "Адал Азамат" біртұтас тәрбие бағдарламасын жүзеге асырып жатырмыз. Бұл жұмысқа атүсті қарамай, сапалы атқару керек", - деді Тоқаев.

Тоқаев қазақ қилы замандардан қайыспай өткен, өр рухын жықпаған, қайсар, жігерлі ұлт болғанын атап өтті.

"Біз ата дәстүрімізді, асыл дінімізді, ана тілімізді, бірегей болмысымызды сақтай отырып, жаңашылдыққа, жасампаздыққа ұмтылуымыз қажет. Тұтас елімізге көлеңкесін түсіретін жат ағымдарға, қараңғылықтан басқа берері жоқ ескілік ұстанымдарына қатаң тосқауыл қоюымыз керек. Ұлт болып ұйысып, қоғамда жаңа этика қалыптастыруымыз қажет", - деді Мемлекет басшысы.

Осы орайда Президент бұл аса маңызды істі орындауға Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері де елеулі үлес қосатынына сенетінін айтты.

Қазақстан Халық Кеңесі – Қазақстан халқының мүддесін білдіретін жоғары конституциялық консультативтік-кеңесші орган. Оның міндеті - мемлекеттік саясатты қалыптастыру мен іске асыруға қоғамның қатысуын қамтамасыз ету.

Халық Кеңесінің құрамына 126 адам – этномәдени бірлестіктердің, қоғамдық және басқа да коммерциялық емес ұйымдардың, мәслихаттар мен өңірлік қоғамдық кеңестердің өкілдері кіреді.

Кеңестің алғашқы отырысы 23–24 қыркүйекте Астана қаласында өтіп жатыр. Жаңа органның төрағасы болып Ерлан Қошанов сайланды.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз

Қосу

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью