Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
Айдаудың ауыртпалығын бірге бөліскен әйелдердің ерлікке бергісіз іс-әрекеттерін әлі күнге дейін айтамыз. Олардың қатарында қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаевтың жары Зылиха Құрманбайқызы, Міржақып Дулатовтың жары Ғайнижамал Досымбекова, Хамза Есенжановтың жары София Жақияқызы сынды тағы бірқатар арулардың есімі аталады. Олар жазықсыздан-жазықсыз түрмеге қамалған күйеуінің жоқтаушысы, жанашыры бола білді.
Жастыққа жасырылған жырлар
Мағжан Жұмабаевтың жары Зылиха Құрманбайқызы: «1937 жылы Мағжанды ұстап алып кетердің алдында, үйде еді. Мен пельмен жасап жатыр едім. Ол риза болып әңгіме айтып, қасымда отырған. Бір кезде екі адам келіп, сол пельменді жегізбей алып кетті ғой. Содан кейін Мағжанды танитындар, Мағжанды үйіне қондырғандар, Мағжанның өлеңін оқығандардың бәрін шетінен ұстай берді. Мағжанның кітабының бәрін кәмпеске жасады. Енді қазақ Мағжанды көрмейтін шығар деп ойладым», – дейді бір естелігінде. Сөйтіп, қолда бар қолжазбаларын жинап, төсектің астына, жастықтың ішіне, матрацтың ішіне тығып сақтаған екен. Алаш қайраткері Мағжан Жұмабаев туралы ең алғашқы «Мағжан» деректі фильмінің режиссері Зылиха апайдың оны Сосновецкіге дейін іздеп барғанын айтады.
«Мағжан – үш рет сотталған адам. 1929 жылы ұсталғаннан кейін, ол Беломорканалға, Медвежьегорск деген жерге түседі. Одан 50-60 шақырым жерде, Сосновецкіде Міржақып Дулатов болды. Міржақып Дулатовты әйелі Ғайнижамал іздеп барған. Ал Мағжанға Зылиха апамыз барған. «1922 жылы Мағжан Омбыдан оралғаннан кейін дәм-тұзымыз жарасып, қосылдық. Сол кездері бізден бақытты жан жоқ еді. Бірақ бақытымыз баянды болмады. Мағжан 1926 жылы ұсталып, он жылға бас бостандығынан айырылды, жазасын қияндағы Карелия ормандарында өтейтін болды», – деген Зылиха шешей алғашқы сұхбаттарының бірінде. Бұл Жұмабаевтар отбасына келген қасіреттің басы ғана екен», – деген Қ.Омар бір сұхбатында. Ол қасірет Мағжанның екі ағасы – Әбәммүсілім мен Қаһарман тұтқындалуымен жалғасқан. Осындай қаралы күндер туғанда, Мағжанды іздеген, «Сусын беріп, жастық қойып басына. Маңдайынан сипай сүйіп жұбатқан» жалғыз адам – Зылиха.
Дереккөздерде Зылиха Құрманбайқызы Мағжанды іздеп Ленинградқа бір емес, бірнеше рет барғаны айтылады. Соның бір мысалы, Ж. Бектұровтың «Бес арыс» кітабында: «Зылиха байғұс теңізден өтіп, нелер батпақ, тоң жерді белшесінен кешіп, Мағжанға талай рет барыпты. Тамақ апарып тұрған. Саясатты, ертеңгі тағдырды көп ойламай, көзжұмбаймен асқан ерлікке, жанын шүберекке түйіп, өзін құрбан етуден тартынбаған, ештеңеден қорықпаған, жасқанбаған, жары жолында жанын пида қылған әйелдердің бірі Зылиха апай болған. Бұл айдаудағы Мағжанға күш, көңіліне көп демеу болған», – деп жазылады.
Сосновецке созылған соқпақ
Алаш арысы Міржақып Дулатовтың жары Ғайнижамал Сыздыққызы өз заманының парасатты да білімді, көркіне ақылы сай аруларының бірі болды. Қызылжар өңірінің тумасы, оқыған отбасынан шыққан ол Міржақып Дулатұлының өміріндегі ең қиын сәттерде айнымас тірегіне айналды. Міржақып абақтының тар қапасында жатқанда, Ғайнижамал жарымен кездесу үшін Максим Горькийдің жары Е.Пешковаға хат жазып, көмек сұрауға мәжбүр болады. Екі айдан соң келген рұқсат қағаз Ғайнижамалды алыстағы Сосновец аралына жетеледі. 1934 жылы ол ұлы Әлібекті ертіп, Сібірдің сұрапыл қиындығын кеше отырып, аралға жетеді. Дулатов өзінің ауыр жағдайын сезгендіктен, Ғайнижамалға елге қайтуға кеңес береді. 1935 жыл қайғы үстіне қайғы жамаған жыл болды. Ұлы Әлібек аурудан қайтыс болады. Сол кезде айдаудан қайтқан Ахмет Байтұрсынов Ғайнижамалдың шаңырағына келіп: «Гая, шырағым, қайғыңа ортақпын. Мезгілсіз солған гүл үзіліп түсті... Арты тек қайырлы болсын. Қалғандардың, Міржақыптың амандығын тілейік. Ақырын сұра. Әлібектің қайтыс болғанын Міржақыпқа естіртіп, хат жазбаңдар. Өзі ауырып жүргенде қиналып қалар. Артымда ұл-қызым бар деп үміті үзілмей жүрсін» деп жүрегі қақ айырылып, көңіл айтқан екен. Бұл – екі арыстың бір-біріне деген қимастығы мен адалдығының көрінісі еді.
Көп ұзамай, сол жылдың қарашасында НКВД-дан Міржақыптың лазаретте қайтыс болғаны туралы суық хабар жетеді. Елу жылдық ғұмырының отыз жылын қуғынмен өткізген, соңғы жеті жылын тар қапаста тауысқан Міржақып дүниеден өтті.
«Тағдырымды екі қинауға барамын»
Жиырма бес жылға «халық жауы» ретінде сотталып, бітпей қалған романының кей бөлігін қайыңның қабығына жазған, кейін сол романы үшін Мемлекеттік сыйлық алған тағдырлы жазушы болса, ол – Хамза Есенжанов. ХХ ғасырдың 20-жылдарынан басталып, 30-50-жылдары жалғасын тапқан сталиндік-голощекиндік зобалаң қазақтың абзал азаматтарының басына қара бұлт үйірді. Оның қасіреті Хамза Есенжанов, Тайыр Жароков, Мұхамеджан Қаратаев сынды тұлғаларды «халық жауы» ретінде әртүрлі мерзімге соттады. 1938 жылы 19 наурызда Есенжанов ұсталғанда София мен Тайыр Жароковтың жары Мүнира базардан ет сатып алып пісіріп, бірге түрмеге іздеп барыпты.
Тарих ғылымдарының кандидаты Дәметкен Досмұханқызы сонау Сібірге жер аударылған күйеуін іздеп барған София Жақияқызы туралы мұрағаттық деректер мен естеліктерге сүйене отырып, оның ерлікке бергісіз жанкештілігін баяндап берді.
«1948 жылы ерте босатылған деген желеумен Хамза қайта ұсталып, Теміртауға жер аударылды. Бірақ онда да көп ұстамай, бір жылдан кейін Красноярск өлкесіне жөнелтеді. Соттың шешімі «Пожизненный ссылка. Без срока», яғни өмір бойы кері қайту жоқ деген сөз. Осындай қатал шешімді қолына алған София Жақияқызы ғылыми жұмысының аяқталып қалғанына қарамастан, қалай еткенде де сүйікті Хамзасымен бірге болуды алдына мақсат етіп қояды. Өзін Краснояр өлкесіне жұмысқа жіберуін сұрап, КСРО Денсаулық сақтау министріне өтініш хат жолдайды. 1950 жылдың 15 ақпанында Кадр басқармасы бастығының орынбасары Б.Казановтың қол қойған жауап хаты келді. Хатта дәрігер С.Тастемированы Краснояр өлкесіне жұмысқа ауыстыруға мүмкіндік жоқ делінген. Бұл шешіммен келіспеген С.Тастемирова КСРО прокуратурасына арызданды. Мемлекеттік әділет басқармасының III санатты кеңесшісі А.Торапов қол қойған жауап хат алдыңғы жауапты заңды деп тауып, өз күшінде қалдырды», – дейді ол.
Тарихшының айтуынша, осының бәрін әділетсіз деп есептеген София Жақияқызы өз шешімімен әуелі Теміртауға келіп, содан соң Краснояр өлкесіне, сүйген жары Хамзаның соңынан кетеді. Осындай қиын тағдырлы тұлға София Жақияқызы бір естелігінде «Тағдырды екі қинауға жарамайды» деп жатады ғой. Егер Хамзекемнің босқа кеткен он жеті жылын қайтарып беретін болса, мен тағдырымды екі қинауға барамын» деп жазған екен. Ол 1954 жылы 25 наурызда өткен Бирилюкси аудандық медицина қызметкерлерінің конференциясына делегат болып қатысты. Сол жылы 23 шілде – 1 тамыз аралығында Красноярск қаласында өткен Өлкелік ауыл дәрігерлерінің съезіне де делегат болды. Бұдан қазақ әйелінің өз еркімен «айдауда» жүріп сүйген адамынан да, сүйген мамандығынан да қол үзбегенін аңғарамыз. Жергілікті тұрғындар мен саяси тұтқындардың арасында білгірлігі мен үлкен адами қасиетінің арқасында үлкен беделге ие болды.
Барлық қиындықты бөлісе білген зайыбы София апамыздың төзімділігі демеу жолдасына тірек болып, шығармашылық құштарлығын жоғалтқан жоқ. Өлкетанушы Сайлау Сүлейменов бұл туралы былай дейді:
«Оның түрмеде отырып, айдауда жүріп атақты «Ақ Жайық» романы бастауында да өмірге сондай үлкен сезімнің, соған сай таусылмас күш-қуаттың жемісі болса керек. Жалпы, әйел бақыты деген София Жақияқызының түсінігінде – жақсы жар, тәрбиелі бала өсіру, бақытты отбасының ұйытқысы болу. София Жақияқызы құдай қосқан қосағының адами қасиетін сағынышпен еске ала отырып, Хамза Есжановтың мінезі туралы: «Ол ерекше кеңпейіл, кішіпейіл, қарапайымдылық пен асқан еңбекқорлық ұштасып жататын. Ол өзі жаныдай жақсы көрген ана тілін байыту, оны қадірлеу – әр жазушының, жалпы барша қазақтың борышы екенін қадап айтатын» деп, оқырмандармен кездескенде жиі айтатын».
Айдаудағы адалдықтың бейнесі
1932 жылдың қазан айында Мұхамеджан Тынышбаев Воронежге, кейін Россошь қаласына жер аударуға үкім шығарылады. Айдауға кеткен ерінің артынан емшектегі баласын алып барған Әмина қиын-қыстау жылдарды күйеуімен бірге көріп жанына жалау болған. Мұхамеджанмен үндес келетін асқақ болмысты аңғарамыз. М.Тынышбаевтың ұлы Дәулет Мұхамеджанұлы бұл кезең әлі күнге есінде сақталғанын «Әке туралы естеліктер» жинағында:
«Әкемді бес жылға Воронежге жер аударуға үкім шығарды. Әкем айдалған жерге анам мені ертіп келді. Жер аударылған кездегі кейбір көріністер есімде сақталып қалыпты. Инженер-әкемнің үйге әкелетін сызбалары – көкқағаздар мен басқа да ұсақ-түйек заттары есімде. Бізде Ескендір түсірген сол кезеңнің әуесқой фотосуреттері сақталған. Ескендірдің бізге және анама деген өмір бойы сақталған жақсы қарым-қатынасын атап өткен жөн.
... Орта Азияның кейбір аймақтарымен байланысы бар таныстарымыз бен туыстарымыздың әңгімелерінен бала күнімде Алашорда, Бөкейханов, Түрксіб, тінту, тұтқындау, 58-бап, айдау, ату жазасы деген сөздерді жиі еститінмін...», – деп еске алады.
Мұхамеджан Тынышпаев екінші мәрте тұтқындалған соң, қуғын-сүргіннің аяқталмайтынын түсінген Мұхамеджан Тынышбаев әйелі мен ұлын Әмина Шейх-Әлидің Уфадағы туыстарына жібереді. Өмірінің қалған бөлігін жалғыз перзентінің тәрбиесіне арнаған бұл қайсар құмық қызының рухы тым асқақ еді. Сөйтіп, Мұхамеджан Тынышбаев Батыс Қазақстан арқылы Ташкентте тұратын үлкен қызы Фатанад-Бануге келеді. Мұнда да көп тоқтамай, бірден Қандыағаш–Гурьев теміржолының құрылысына жұмысқа орналасады. Алайда денсаулығы күрт нашарлап, Ташкентке оралуға мәжбүр болады. Ақырында оны 1937 жылы 21 сәуірде Өзбек ССР-і Ішкі істер халық комиссариаты тұтқындайды. Осылайша, қазақтан шыққан тұңғыш инженер өзі секілді қуғанға ұшыраған тағдырластарымен бірге 1937–1938 жылдары жүзеге асырылған «үлкен террордың» құрбаны болып, 1938 жылы Ташкент түрмесінде ату жазасына кесіледі.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ