Inform.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..
Іс-шара барысында салмағы 150 келіден асатын алып тасты ақмолалық белгілі палуан Арман Сүлеймен көтеріп, арнайы тұғырға орнатты. Осы сәттен бастап тас «Балуан тас» мәртебесіне ие болды.
Аталған рәсім Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асқан «Түркістан облысына Балуан тас сапары» экспедициясының үшінші күні аясында өтті. Жоба «Қазақ күшінің картасы» мәдени-танымдық бастамасы шеңберінде ұйымдастырылып, ұлттық баһадүрлік мұраны жаңғыртуға бағытталған.
Фото: Ризабек Нүсіпбекұлы/KazinformЭкспедиция жетекшісі, «Baluan tas» ұлттық спорт түрлері және мәдениеті академиясының президенті Абылайхан Қалназаров бұл дәстүрдің тарихи мәніне тоқталды. Оның айтуынша, қазақ даласында бұрын ауыл-аймаққа әйгілі балуан келгенде, жұртшылық одан «Балуан тас» көтеруді өтінетін болған.
Фото: Ризабек Нүсіпбекұлы/Kazinform— Бұл — ежелден келе жатқан ерекше рәсім. Деректерге сүйенсек, соңғы рет Отырар өңірінде өткен ғасырдың 40-жылдары Қажымұқан Мұңайтпасұлы көтерген. Одан кейін дәл осы талап пен шартқа сай рәсім еліміз аумағында орындалмаған. Бүгінгі шара — сол үзіліп қалған дәстүрдің жалғасы, — деді Абылайхан Қалназаров.
Жиын барысында ауыл ақсақалы Мамырайхан Қалназаров палуанға бата беріп, құрмет ретінде ат мінгізді.
— Атам қазақ «Балуан келсе — құт» деген. Мұндай күн ауылға жиі келе бермейді. Арман секілді азаматқа құрмет көрсету — біздің парызымыз, — деді ақсақал.
Айта кетейік, тарихи деректерге сәйкес, Қажымұқан көтерген тастың салмағы шамамен 30–40 пұт болған. Алайда ол тас 1969 жылғы су тасқыны кезінде жоғалып кеткен.
Фото: Ризабек Нүсіпбекұлы/KazinformОсылайша, араға 80 жылдан астам уақыт салып, көне дәстүр 2026 жылғы 20 наурызда қайта жаңғырды. Мамандар бұл оқиғаның тек спорттық емес, мәдени-символдық маңызы зор екенін атап өтуде.
Фото: Ризабек Нүсіпбекұлы/KazinformФото: Ризабек Нүсіпбекұлы/Kazinform— Қасиетті өлкеде, Наурыз мейрамы қарсаңында бабаларымыздың дәстүрін жаңғыртып жатқаныма қуаныштымын! Мереке құтты болсын, ел аман, жұрт тыныш болсын, — дейді спортшы.
Анықтама: Арман Сүлеймен — самбо, дзюдо, пауэрлифтинг және басқа да күш спорт түрлерінен жоғары жетістіктерге жеткен спортшы. Ол — 17 дүркін әлем чемпионы, 5 дүркін Азия чемпионы және бірнеше мәрте әлем рекордшысы.