Отыз отбасы қоныс тойын тойлады

01.08.2026

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..

Сәтбаев қаласында тұрғын үй кезегінде ұзақ жыл бойы тұрған 30 отбасы қоныс тойын тойлады. Жаңа пәтерлердің кілттері халықтың әлеуметтік осал топтарына, тұрғын үй алуға құқығы бар өзге де санаттарға жататын кезекте тұрған азаматтарға тапсырылды.

Сәт­баев қаласының әкімі Мұрат Бөрібаев тұрғындарды баспаналы болу қуанышымен құттықтап, жаңа баспаналардың кілтін салтанатты түрде табыс­тап, тұрғын үймен қамтамасыз ету бағы­тындағы жұмыстардың жалға­сатынын атап өтті.

– Өздеріңізге белгілі, мамыр айында да 30 отбасының жаңа баспанаға қол жеткізген қуанышына ортақ болған едік. Сол игі іс жалғасын тапты. Қаламыздағы тұрғын үй қорын жаңғырту, тұрғындарды баспанамен қамта­масыз ету бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйе­лі түрде жалға­сады, – деді қала әкімі.

Жаңа пәтер иелерінің бірі Бекзат Балғабаева үшін бұл күн ерекше қуанышқа толы болды. Ол он жылдан астам уақыттан бері тұрғын үй кезегінде тұрып, көптен күткен баспанасына қол жеткізді.

– 2014 жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұрып, көптен күткен баспанаға қол жеткіздім. Осы уақыт ішінде арманымыздың орындалуын күттік. Енді, міне, өз үйіміздің кілтін алып, үлкен қуанышқа бөленіп отырмыз. Осындай мүмкіндік жасап, қолдау көрсеткен қала басшылығына, мемлекетімізге алғысымды білдіремін. Жаңа шаңырағымыз құт-берекеге толып, әр отбасы осындай қуанышқа жетсін! – дейді ол.

Жаңа пәтерге ие болғандардың қатарында ІІ топтағы мүгедек Біржан Қожағұлов та бар. Ол да 2014 жылдан бері баспана кезегін күтіп жүргендердің бірі. Осы жылдар бойы өз баспанасының болғанын армандаған азамат бүгінде екі бөлмелі жаңа пәтердің кілтін алып, қуанышын жасыра алмады.

Жаңа тұрғын үйлер халықтың әлеуметтік осал топтарын, тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар аясында пайдалануға беріліп отыр. Аталған жоба Ұлытау облысының әкімдігі мен «Отбасы банк» ара­сындағы ынтымақтастық туралы келісім аясында жүзеге асырылып келеді.

Өңірде тұрғын үй құрылысы алдағы уақытта да жалғасады. Биыл облыста 73 мың шаршы метр тұрғын үйдің құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамтуға, өңірдегі тұрғын үй қорын кезең-кезеңімен жаңартуға мүмкіндік береді.

Ұлытау облысы 

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью