Aikyn.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..
Ақмола облысы Зеренді ауданына қарасты Айдабол ауылында найзағайдан тұтанған өрт кезінде бес адамның өмірін құтқарып қалған тұрғын Виталий Шевчик ерлігі үшін аудан әкімінің алғыс хатымен және ақшалай сертификатпен марапатталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Салтанатты марапаттау рәсімінде Зеренді ауданының әкімі аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығымен бірге Виталий Шевчикке арнайы алғыс хат пен ақшалай сертификат табыстады.
Аудан басшылығы оның батыл әрі жедел әрекетінің арқасында адам шығынына жол берілмегенін атап өтті. Сондай-ақ мұндай жанқиярлық, азаматтық жауапкершілік пен өзгеге деген жанашырлық баршаға үлгі екенін жеткізді.
Еске салайық, 1 маусымнан 2 маусымға қараған түні Айдабол ауылында найзағайдың салдарынан тұрғын үйден өрт шыққан еді. Сол сәтте Виталий Шевчик еш ойланбастан лапылдаған жалынның ішіне кіріп, жалғыз тұратын зейнеткер әйелді қауіпсіз жерге алып шыққан.
Алайда ол мұнымен тоқтап қалмаған. Кейін көрші пәтерде ұйықтап жатқан төрт адамнан тұратын отбасын дер кезінде оятып, сыртқа шығуына көмектескен. Осылайша, өз өмірін қатерге тіккен азамат бес бірдей адамның өмірін аман сақтап қалды.
Марапаттау барысында құтқарушылар мен аудан басшылығы мұндай ерлік шынайы азаматтықтың, батылдықтың және жауапкершіліктің жарқын үлгісі екенін ерекше атап өтті.
Виталий Шевчиктің әрекеті нағыз қаһармандықтың атақ үшін емес, адам өмірін сақтап қалу үшін жасалатынын көрсетті. Оның ерлігі – бүгінгі жас ұрпаққа өнеге, ал қоғам үшін мейірімнің, өзара көмектің және адам өміріне деген құрметтің айқын көрінісі. Осындай жүректі азаматтардың арқасында қоғамда бір-біріне жанашырлық таныту, қиын сәтте қол ұшын созу және жауапкершілік сияқты асыл құндылықтар нығая түсетіні сөзсіз.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы