Egemen.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..
Жастар театрының төрінде бауырлас Өзбекстан елінен келген Кәттақорған қалалық драма театрының гастрольдік қойылымы елорда көрермені үшін елеулі мәдени оқиғаға айналды. Өнерлі ұжым Шыңғыс Айтматовтың адам жанына терең бойлайтын әйгілі туындысы – «Ерте қайтқан тырналар» спектаклін ұсынды.
Бұл қойылым – соғыс пен тағдыр, үміт пен жоғалтудың арасындағы адамдық драманы нәзік психологиялық иірімдер арқылы бейнелейтін сахналық туынды. Айтматов прозасына тән ішкі тыныштық пен жан айқайы спектакль бойынан айқын сезілді. Әсіресе ананың тағдыры, күту мен сенімнің арасындағы күй көрерменді бейжай қалдырмады.
Қойылым режиссері Ғофур Мардоновтың көркемдік шешімі мен сахналық ойлау көкжиегі, инсценировка авторы Сардор Хамроевтың драматургиялық шешімі арқылы шығарма мазмұны заман талабына сай жаңаша тыныс алып, адам тағдыры, соғыс қасіреті, ананың үміті мен рух күші әсерлі ашылды.
Ғофур Мардонов драманың философиялық салмағын сыртқы эффектілермен емес, актерлік ансамбльдің тұтастығы мен ішкі драматизм арқылы сараптауға ден қойған. Театр әртістері де спектакльде жеке даралыққа емес, ортақ ой мен сезімді жеткізуге ұмтылды. Сахнадағы әрбір қозғалыс, үнсіздік пен үзіліс – кейіпкер жанындағы толқыныстың көрінісі. Актерлік ансамбльдің тұтастығы мен кәсіби шеберлігі қойылымның көркемдік қуатын арттырып, көрермен ықыласына бөленді. Бұл – ұжым ізденісінің басты көркемдік жетістігі.
Иә, «Ерте қайтқан тырналар» – сахнадан көтерілген сағыныштың, үміттің, адамдық төзімнің рәмізі. Ал Кәттақорған драма театры аталған туынды арқылы өз өнерінің биік деңгейін, шығармашылық мүмкіндігін айқын көрсете алды.
Астана көрермені спектакльді зор ықыласпен қабылдады. Қойылым бауырлас халықтар арасындағы рухани байланыс пен театрдағы шығармашылық тәжірибе алмасудың айқын мысалы ретінде бағаланды. Ал айтулы өнер сапары екі ел арасындағы мәдени қарым-қатынасты нығайтып қана қоймай, қазақ пен өзбек көрерменіне Айтматов әлемінің бірдей түсінікті екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.