Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
Бұған дейін әлеуметтік желілерде Ферғанадағы балабақша тәрбиеленушілерінің уланғаны туралы ақпарат тараған болатын. Ата-аналарының айтуынша, 20 ақпанда балалардың денсаулық жағдайлары нашарлап, үйге оралған.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 21 ақпан күні кешке қарай Ферғана облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына №2, №58 және №61 балабақшаның тәрбиеленушілері түсті. Балаларда іш ауыру, диарея және жүрек айну сияқты белгілер байқалған.
Дәрігерлердің тексеруінен кейін науқастарға «Алиментарлы этиологияның жедел диареясы» диагнозы қойылған. Қазіргі уақытта 62 бала ем алып жатыр, олардың денсаулық жағдайы қалыпты.
- Санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылық және қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мамандары балабақшалардың асханаларына және тамақ жеткізетін кәсіпорындарға тексерулер жүргізеді. Балалар тұтынатын тағамдардың зертханалық сынамасы алынып, талдау жасалады, - деп мәлім етті басқармадан.
Қоса кетсек, былтыр қыркүйекте Өзбекстан балабақшаларында 2 мыңға жуық бүлдіршін астан уланып, олардың 960-тан астамы ауруханаға жатқызылған еді. Кейін Бас прокуратура арнайы жұмыс тобын құрып, жағдайдың мән-жайын анықтады.