Inform.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Беларусьтің тоңазытылған сиыр еті алғаш рет Қытайға өтті — Алтай ақпараты
Алтайдың Тайкешкен шекара өткелі арқылы Беларусьтен жеткізілген тоңазытылған сиыр еті алғаш рет Қытайға импортталды, деп хабарлайды Алтай ақпараты.
Фото: Алтай ақпаратыАталған басылымның келтірген дерегіне сүйенсек, 3 наурыз күні Беларусьтің тоңазытылған сиыр етін тиеген жүк автокөлігі шекарадан сәтті өтті. Импортталған өнім көлемі — 20 тонна.
Тайкешкен шекара өткелі 2018 жылы ет өнімдерін импорттауға рұқсат етілген өткізу бекеті ретінде белгіленгеннен бері алғаш рет тоңазытылған сиыр етін қабылдап отыр.
Мамандардың айтуынша, Қытай — Моңғолия — Ресей бағытындағы Азия тас жолы торабының көлік қатынасы жетіліп, тасымал шығыны азайып келеді. Алтай кедені кәсіпорындарға кедендік рәсімдерді жедел жүргізуге қолдау көрсетіп, жүктің кедергісіз өтуін қамтамасыз еткен.
Орталық Азияға жібек құрты экспортталды — Халық газеті
10 наурыз таңертең Анькан жібек құрты тұқым фермасы өсірген 15 000 парақ жоғары сапалы жібек құрты жұмыртқасы ресми түрде тиеліп, Тәжікстанға ұшақпен жөнелтілді, деп хабарлайды Халық газеті басылымы.
Фото: Халық газетіҚытайлық БАҚ-тың дерегінше, Шэньси өлкесіндегі жібек құрты жұмыртқасын экспорттаудың жалғыз базасы ретінде бұл Анькан жібек құрты тұқым фермасынан Орталық Азияға биылғы жылы жөнелтілген үшінші тапсырыс.
Айта кетейік, Анькан жібек құрты тұқым фермасы биыл өндіріс пен сатылымда үлкен өсімге қол жеткізді. Наурыз айының басында ферма Тәжікстанға 14 600 парақ жібек құрты жұмыртқасын және Түрікменстанға 40 000 парақ экспорттады.
Сондай-ақ Анькандағы жауапты тұлғаның айтуынша, 2026 жылға арналған қол қойылған сату келісіміне сәйкес, жыл бойы шетелдік тапсырыстардың жалпы саны мөлшермен 124 000 парақ.
Түркияның Тәуелсіздік маршы 105 жаста — TRT
Мехмет Акиф Ерсой қаһарман әскерге арнап жазған, түрік халқының тәуелсіздігінің символы саналатын Тәуелсіздік маршы 105 жыл бұрын қабылданды, деп жазады Түркия Радио Телевизия порталы.
Фото: TRTTRT-ның дерегінше, Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісі құрылғаннан кейін бір жыл өткен соң туындаған қажеттілікке байланысты «Ұлттық марш» жазуға арналған, жүлдесі 500 лира болатын байқау ұйымдастырды.
Байқауға барынша көп адамның қатысуы үшін Мәжіліс тарапынан белсенді жұмыс істеп тұрған газеттерге және елде қолжетімді барлық жерге хабар таратылды. Соның нәтижесінде 6 ай ішінде 724 өлең жолданған.
Осы 724 өлеңді бағалау үшін Мәжіліс құрамындағы үкіметтің Ұлттық білім министрлігі арнайы комиссия құрды. Комиссияға тағайындалған мамандар 724 өлеңді сараптап, 6 өлеңді іріктеп алады.
Ақшалай сыйлық тағайындалғандықтан байқауға қатысқысы келмеген Бурдур депутаты Мехмет Акиф Ерсой кейін Хамдуллах Супхидің өтінішінен соң Тәжеддин дергахында жазған және Түрік армиясына арнаған өлеңімен байқауға қатысқан.
— Жүргізілген іріктеу нәтижесінде 1921 жылы 12 наурызда өткен Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің отырысында Мехмет Акиф жазған өлең зор қошеметпен қабылданды, — деп жазады TRT.
Сондай-ақ осы аптада TRT басылымында «Ердоған БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришке «Ататүрік» халықаралық бейбітшілік сыйлығын табыстады» деген тақырыптағы ақпарат жарық көрді.
Фото: trtkazakhАталған БАҚ-тың дерегінше, Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Анкарада өткен салтанатты рәсімде БҰҰ-ның бас хатшысы Антониу Гутерришке Ататүрік атындағы халықаралық бейбітшілік сыйлығын табыстады.
Ердоған бейсенбі күнгі рәсімде, БҰҰ басшысының бейбітшілік пен көпжақты ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалап, Түркияның халықаралық ұйымды күшейтуге бағытталған ұстанымы өзгермейтінін атап өткен.
Еуропалық кеңес Таяу Шығыс пен Украинадағы жағдайды талқылау үшін жиналады — Eurasiatoday
Еуропалық кеңес Таяу Шығыстағы қақтығыс пен Украинадағы соғысты талқылау үшін жиналады.
Еуропалық кеңес президенті Антониу Кошта Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттер мен үкімет басшыларының Таяу Шығыс аймағы мен Украинадағы жағдайды талқылауы үшін 19 наурызға белгіленген отырысты өткізуге бастамашы болды, деп хабарлайды Eurasiatoday.
Фото: kz.eurasiatoday.ruАнтониу Кошта 19 наурыз күні өтетін Еуропалық кеңес отырысына шақыратынын айтқан. Ол басқосуда Ирандағы және Таяу Шығыс аймағындағы жағдайды талқылайтынын тілге тиек еткен.
Сонымен қатар Антониу Кошта отырыстың күн тәртібінде Украина тақырыбына, сондай-ақ Ливан, Газа секторы және Иордан өзенінің батыс жағалауындағы ахуалға ерекше көңіл бөлінетінін айтқан.
Айта кету керек, аталған кеңеске шақырылғандар қатарында БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш, Еуропалық орталық банк басшысы Кристин Лагард және Еуротоп төрағасы Кириакос Пьерракакис бар.
— Сонымен қатар, Халықаралық теңіз ұйымы аймақтағы шиеленістің күшеюіне байланысты кезектен тыс кеңес өткізу туралы шешім қабылдады. Жиында басты назар қақтығыстың кеме қатынасының қауіпсіздігіне тигізетін әсеріне аударылмақ. Халықаралық теңіз ұйымының отырысы 18-19 наурыз күндері ұйымның Лондондағы штаб-пәтерінде Испания өкілі Виктор Хименестің төрағалығымен өтеді, - деп жазады Eurasiatoday.
Өзбекстан мен Қазақстан су ресурстарын тиімді басқаруға күш салып жатыр — ӨзА
Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық тек саяси немесе экономикалық байланыстармен ғана шектелмейді. Екі елді табиғаттың ортақ сыйы — су да жақындастырып, халықтардың игілігі жолындағы маңызды көпірге айналып отыр, деп жазады ӨзА ақпарат агенттігі.
Фото: ӨзААталған БАҚ-тың келтірген деректеріне сүйенсек, осы бағыттағы өзара түсіністік пен серіктестікті нығайту мақсатында Өзбекстан Республикасының Су шаруашылығы министрлігі басшысы Шавкат Хамроев Қазақстанның Өзбекстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Бейбіт Атамқұловпен кездесу өткізді. Кездесу барысында екі ел арасындағы су ресурстарын ұтымды пайдалану мен аймақтық тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселелері кеңінен талқыланды.
Тараптар атап өткендей, Өзбекстан мен Қазақстан — тарихы мен тағдыры тоғысқан тату көрші мемлекеттер. Екі ел арасындағы байланыстар ғасырлар бойы қалыптасқан достық, өзара құрмет және тату көршілік қағидаттарына негізделген. Бүгінде Мемлекет басшылары арасындағы сенімді әрі достық қатынастардың арқасында бұл әріптестік жаңа сапалық деңгейге көтеріліп, стратегиялық серіктестік сипат алып отыр.
Кездесу барысында елші Бейбіт Атамқұлов қазіргі әлемде су ресурстары экономикаға, энергетикаға, экологияға және халықтың әл-ауқатына тікелей ықпал ететін аса маңызды факторға айналғанын атап өткен.
Сондай-ақ осы аптада ӨзА-да «Қыш-құмыра жасау өнерін жалғастырып жүрген қашқадриялық жас шебер» деген тақырыптағы ақпарат жарық көргенін айта кеткіміз келеді.
Фото: ӨзА«ӨзА»-ның дерегінше, Қашқадария облысының Шахрисабз ауданы ежелден қолөнер дамыған өңірлердің бірі ретінде танылған. Бұл өлкеде қыш жасау, ағаш пен тасқа нақыш салу, кесте тігу секілді ұлттық өнер түрлері ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, уақыт сынынан сүрінбей өтіп келеді.
Әсіресе қыш-құмыра жасау өнері өңір қолөнерінің айрықша белгісіне айналған.
Осындай көне дәстүрді жалғастырып жүрген жас шеберлердің бірі — Жавлон Ғаниев. Ол қыш өнерін тек кәсіп емес, әулеттен мирас болып келе жатқан қасиетті мұра деп біледі.
— Жавлонның атасы өз заманында елге танылған шебер құмырашылардың бірі болған. Бүгінде сол дәстүрді оның әкесі Асад Аллаев жалғастырып келген. Бала күнінен әкесінің шеберханасында жүріп, саздың сырын ұғып, балшықтың мінезін танып өскен Жавлон үшін қыш-құмыра жасау — жай ғана қолөнер емес, жан дүниені бейнелейтін шығармашылық әлем, - деп жазады өзбекстандық БАҚ.