Өзбекстан Президенті: Орталық Азияда климат өзгерісі екі есе жылдам жүріп жатыр

22.04.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..

— Бүгінде экологиялық мәселелерді климаттың жаһандық өзгерістерінен бөлек қарастыру мүмкін емес. Аймақта температураның көтерілу қарқыны екі есе жоғары. Өңірдегі мұздықтардың үштен біріне жуығы жойылған. Жауын-шашын режимі тұрақсызданып, су ресурстарының тапшылығы артып келеді, — деді ол Астанада өткен RES–2026 өңірлік экологиялық саммитінде.

Өзбекстан Президентінің айтуынша, өңірде жердің тозуы да өзекті мәселеге айналған.

— Қазіргі уақытта 80 миллион гектардан астам жер деградацияға ұшыраған, — деді ол.

Сонымен қатар ол халықаралық экологиялық ынтымақтастықтың әлсіреуіне алаңдаушылық білдірді.

— Климат өзгерісіне ең аз үлес қосқан елдер оның салдарымен жалғыз қалмауы тиіс. Дамушы елдер үшін климаттық қаржыландыруға, озық технологиялар мен инновацияларға қолжетімділік қамтамасыз етілуі қажет, — деді ол.

Оның айтуынша, Орталық Азия елдері экология мәселесін өңірлік ынтымақтастықтың негізгі басымдықтарының біріне айналдырып отыр.

— Бұл бағытта өңірлік бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр, — деді ол.

Президент Өзбекстанда жүзеге асырылып жатқан экологиялық жобаларға да тоқталды.

— «Яшил макон» ұлттық бағдарламасы аясында шамамен 1 млрд ағаш отырғызылды. Арал теңізінің құрғаған табанында 2 миллион гектардан астам орман алқабы қалыптастырылды, — деді ол.

Сондай-ақ су үнемдеу шаралары нәтижесінде жыл сайын 10 млрд текше метрге жуық су үнемделіп отыр.

— «Жасыл» энергетиканың үлесі 30%-ға жетті, — деді Шавкат Мирзиёев.

Сөз соңында ол Орталық Азия елдерін экологиялық қауіп-қатерлерге бірлесіп әрекет етуге шақырды.

— Біз тәуекелдерді жаңа даму мүмкіндіктеріне айналдыруымыз керек, — деді ол.

Айта кетейік, бірнеше елдің Президенті қатысып жатқан Өңірлік экологиялық саммит «Орнықты болашаққа ортақ көзқарас» тақырыбымен өтуде. 

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью