ӨзенЖылу : Ауқымды істер арнасы

20.03.2026

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..

Әлімсақтан бері қыс қысылып, жаз жазылатын әдетіміз бар. «Кәрі құдаң» кәріне мінгенде күнделікті тірлігіміз күрделеніп, малдан да, жаннан да маза кетері мәлім. Сумаңдаған суық сүйегіңнен өтер сондай шыңылтыр шақтарда көңіл шіркін ақ қар, көк мұздың көбесін сөгер көктем шуағын көксей­ді. Даладан дірдектеп кірген­де үйіңнің іші ұядай жылы болып тұрса, жайлы тұрмыстың бір белгісі емес пе?

Отымыздың басындағы ондай игіліктің бағасын кейде біле бермейтініміз өкінішті-ақ. Соның салдарынан халыққа мінсіз қызмет қылуды басты міндет санайтын коммуналдық сала өкілдерінің еңбегін елеп-ескере қоймайтынымыз белгілі. Тек қақаған аязға қарамай қолдарындағы қайла, күректерімен қатқан жерді қазып, жарылған құбырларды жамап-жасқап жатқан жұмысшылардың жанкешті қимыл-әрекеттерін көргенде ғана күні-түні тыным таппайтын мазасыз мамандық иелеріне құрметпен қараймыз.

Жуырда журналистік сапармен өндірісі өркендеген Жаңаөзен жаққа барғанымызда осы ойымыздың айна-қатесіздігіне одан сайын көз жеткізе түстік. Шамамен 150 мыңнан аса адам мекендейтін моношаһар дүйім дүние жүзіндегі теңіз деңгейімен есептегенде ең төмен нүктелердің бірегейі қатарындағы қасиетті Қарақия ойпаты мен бүгінде бүкіл туристердің аңсарына айналған әйгілі Бозжыра шатқалының қақ ортасынан қоныс теуіпті. Құлақ қойып тыңдасаңыз құлақ құрышын қандырар мұңы да, таңға толғаса таусылмайтын жыры да жетерлік. Шежіре қарттары шертер ескінің есті сөздеріне еріксіз елтіп, көне тарихтың көмбесін ақтарғандай бөлекше күйге бөленесіз.

Қала басшысы Жансейіт Қайнар­баевтың айтуына қарағанда, Жаңаөзен­нің қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайы жаман емес. Президент тапсырмасы бо­­йынша туризмді дамыту бағытында біраз шаруаның басы қайырылыпты. Өңірдің өрге басуына игі әсерін тигізетін басқа да ірі жобалар баршылық. Құрылыс қарқыны артып, кейінгі кездері бой көтерген мәдени-әлеуметтік ғимараттар көпшілік кәдесіне жарапты.

Жаңаөзендіктердің күнкөріс көзі негізінен мұнаймен тікелей байланысты екені әмбеге аян. Тұрғындардың бестен бір бөлігі нәпақасын сол қара алтынның айналасынан айырады. Жергілікті билікті алаңдататын ахуал адамдар арасындағы әлеуметтік теңсіздіктің тым айқын сезі­луі көрінеді. Мысалы, мұнайшылардың жала­­қысы миллион теңгеден асса, көше сы­пырушылардың тапқан-таянғаны тамағын асырауға жетпейді.

Осылайша, салмақты ойын сабақта­ған әкім әңгімесін әрі жалғастырып, қаланың қалыпты дамуына қомақты үлес қосып, біраз биіктерді бағындыр­ған өндіріс орындарының жетістіктеріне қысқаша тоқталып өтті. Жан жадыратар жақсылықтармен қатар әлі де жетілдіруді қажет ететін толғақты мәселелердің де түп төркінін жасырмады.

Біз арнайы ат басын бұрып, тыныс-тіршілігімен жақынырақ танысқан «ӨзенЖылу» МКК ұжымы уақыт талабына сай серпін танытып, озаттар сапынан орын сайлағанын көріп, көтеріңкі көрсеткіштердің астарына үңілдік. Бүгін­де бұл мемлекеттік кәсіпорын қала аума­ғындағы 265 көпқабатты тұр­ғын үйді, барлық әлеуметтік нысанды, өндірістік және өндірістік емес ұйым­дарды, сондай-ақ «ӨзенМұнайГаз» акционерлік қоғамына қарасты түрлі құрылымды жылу энергиясымен, ыстық сумен қамтамасыз етіп отыр.

Кәсіпорын теңгеріміндегі Орталық жылу қазандығы мен Өзен бекетіндегі, Қызылсай кентіндегі, ауданаралық медицина мекемесіндегі, мектептердегі шағын ошақтардың оты үзілмеуі не үздіксіз жұмыс жүргізілуге тиіс. Сырт­қы жылу желілерін, инженерлік инфра­құрылымдарды ұдайы назарда ұстамаса болмайды. Жаңаөзенге жылу тарататын құбыр желісінің ұзындығы 192 шақырымды құрайды. Темір тозбай тұрмайтыны түсінікті. Сондықтан талайғы тат басқан жарамсыз бөліктерін жаңар­тып отырмаса, апаттық жағдайлар орын алады. Ал ақырған аязда шаңырағы ызғар шашып, бөлмелерінің қабырғасы ылғалдан көгеріп, бала-шағасы бүрсең қақса, әбігерлі әлеумет тарапынан нара­зылық туып, ақыр-соңы айқай-шу, арыз-шағымға ұласуы оп-оңай.

– Жалпы былай ғой: жарғақ құла­ғымыз жастыққа тимей күні-түні шап­қылап жүрсек те жұртқа жағуымыз қиын­­дау, – деп ағынан ақтарылды атал­ған кәсіпорын директоры Берік Еңсепов. – Елден мақтаудан гөрі даттауды жиі естиміз. Әрине, оның ішінде орынды сын-ескертпелер аз емес. Бірақ бұдан ұжым мүшелерінің ұнжырғасы түспейді. Қайта жігерін жанып, намысқа қам­шы басады. Әттеген-айлардың алдын алып, кемшіліктерді түзетуге кіріседі. Ертелі-кеш үйіне ыстық су, жылу келіп тұрса ешкім ешнәрсе демес еді. Дәне­керлеуші, сантехник, слесарь секілді мамандардың бар-жоғында шаруасы бола қоймайды. Тұрмыстық түйткілдер өздігінен шешіліп жатқандай сыңай танытатындарын қайтерсің. Жайлы ахуал біздің сала сарбаздарының маржандай тамшылаған маңдай терімен суарылатынын тұтынушылар қаперде ұстағаны жөн.

Жиырма жасынан коммуналдық қызметтің қызығы мен шыжығын қатар көріп шыңдалған Берік Сақиұлының басшылық тізгінін қолға алғанына бес жылдан асыпты. Айтуынша, мекеме­нің бұрыннан жинақталып қалған бір жарым миллиард теңге мөлшеріндегі қарызынан құтылу жолында талай тай­ғақ кешулерден өтуге тура келген. Жаңашыл жетекші қарауындағылар­дың жауапкершілігін арттырып, басқа­ру тәсілдерін барынша жетілдіріп, мате­риалдық-техникалық базаны нығай­ту­­ға, қызмет көрсету сапасын артты­ру­ға айрықша назар аударыпты. Бил­ік биігіндегілердің табалдырығын тоздырып, мәселенің мәнісін түсінді­ріп, көкейге қонымды дәлел-дәйектерді алға тартып, энергияға белгіленген та­рифті ептеп көтеруге қол жеткізіпті. Өйт­кені «ӨзенЖылу» – өндіруші мекеме. Газды, электр тоғын сатып алады. Онсыз жылу өндіру мүмкін емес. Шектен аспай шегеленіп тасталған тариф кәсіпорынның көкжиегін кеңейтуге кедергі келтіретіні белгілі. Ең бастысы, жалақыны көтеруге кесірін тигізеді.

Кәсіпорын әлеуетін арттыру мақса­тында 2008 жылы қалалық әкімдік бастамасымен Үкімет ауқымды кешенді жоспарды бекітіпті. Соның арқасында Орталық жылу қазандығын қайта құру және кеңейту шаралары жүзеге асырылды. Сондай-ақ ретімен жүргізілген реконструкция жұмыстарының нәтижесінде өндіріске алғаш рет төрт құбырлы жүйе енгізілді. Астын сызып атап өтерлігі, мұндай тәжірибе Қазақстанда бұрын-соңды қолданылмапты. Қарапайым тіл­мен түсіндірсек, жылу батареяларына жіберілетін және жуынып-шайынуға арналған ыстық су бөлек-бөлек беріледі. Судың айналым режімі сақталады. Бұрынғыдай басым бөлігі құмға сіңіп, құрдымға кетпейді. Өте тиімді тәсіл болғандықтан бей-берекет шығындар азайды. Құбырлардың тез тозу үдерісі тоқтады.

Жаңғырту жұмыстарының нәти­же­сі айтарлықтай болды. Бұрын тәулігіне
16 000 текше метр су тұтынылса, 4 құ­бырлы жүйеге көшкеннен кейін бұл көрсеткіш  4 000 текше метрге дейін қысқарды. Тұтыну мөлшерінің азаюы өз кезегінде табиғи газды, электр энергиясын, суды үнемдеуге мүмкін­дік тудырды. Содан кәсіпорынның қар­жылық жүктемесі азайып, өндірістік шығындарды оңтайландыруға жол ашыл­ды. Кейінгі жылдары қала әкімінің қолдауымен бюджеттен бөлінген қара­жат есебінен кәсіпорынның материал­дық-техникалық базасы едәуір нығай­ған. Атап айтқанда, автокрандар, арнайы жүк тиегіш көліктер, экскаваторлар, үйлестіру қызметіне керек техникалар, жеңіл автомашиналар сатып алыныпты. Мұның бәрі – апаттық жағдай болғанда жедел әрекет етуге, жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын уақтылы әрі сапалы атқаруға ауадай қажет дүниелер.

Қызметкерлердің еңбек жағдайын жақсарту, қауіпсіздік талаптарын сақ­тау, кәсіби біліктілікті арттыру мәсе­лелері жүйелі түрде шешімін тауып­ты. 2020–2024 жылдар аралығын қам­титын ұзақмерзімді, шығынсыз тариф­тер бекітіліпті. Жұмысшылардың еңбек­ақысы орта есеппен екі есеге жуық өсіп­ті. Ұжымды жас әрі білікті кадрлармен толықтыру дәстүрге айналыпты. Сонымен қатар тариф құрылымына энергия ресурстарына жұмсалатын шығындар мен нормативті ысыраптар толықтай енгізілген соң, кәсіпорынның қаржылық көрсеткіштері оңға басыпты.

Иә, ілкімділік – қашанда ілгерілеу кепілі. Жоқты жонып тапқандай іскер­ліктің көмегімен көп нәрсені тын­дыруға болатыны даусыз. Осы орайда «ӨзенЖылу» МКК басшылығының байыпты ұстанымы барлығы байқала­ды. Кеңседегі кездесуде өндірісті өрге сүйреп жүрген азаматтармен ашық пікір алмастық. Олар өздерінің өзекжарды­ ойларын ортаға салды. Солардың соқта­лы тұстарын келтіре кетейік.

Әділбек Рубилов, бас инженер:

– Ертеректе ескі техникаларды ептеп-септеумен есіміз шығатын. Қазір «түтініміз түзу» ұша бастады. Кешегі күндермен салыстырғанда 180 градусқа бұрылып кеткендейміз. Анау жоқ, мынау жетпейдінің жетегінде жүріп қарызға белшеден батқанымыз есімізде. Енді, міне, еңсеміз көтеріліп келеді.

Әйтсе де, шешімін күткен мәселелер әлі де қылаң беріп қалады. Дұрыс­тап қол­ға алмаса, кадрға байланысты ты­ғырыққа тірелуіміз ғажап емес. Зама­науи өзгерістер өктемдігін жүргізбей қой­майды. Жаңашылдықтың жалынан ұс­тамасақ, көшке ілесе алмаймыз. Сон­дықтан бізге жаңа жобаларды жүзеге асыратын біліміне білігі сай қыз-жігіттер керек. Жоғары оқу орындарымен әріптестік қарым-қатынас орнатпай, көздеген мақсатымызға жете алмаймыз.

Әлібек Тұрманов, директордың әкімшілік жұмыстар жөніндегі орынбасары:

– Ара-тұра біздің саланы сенімгерлік басқаруға беру туралы идеялар айтылып жүр. Стратегиялық нысан жеке адамның қолына өтсе, онсыз да ойбайы көп шаруашылық одан сайын шатқаяқтамай ма деген қаупімізді жасырмаймыз. Жекешелендіруге қатысты пікірлерімізді Үкіметке жолдаған болатынбыз. Бұл бір. Екіншіден, әлеуметтік сала табыс таппайды. Бұл – бизнес емес. Өнімімізді қарапайым халық тұтынады. Тарифті бірден өсірсек, көпшілік қиналады ғой. Сондықтан билік қамқорлық қанатына алып, басқаларға берілетін субсидия бізге де тисе дұрыс болар еді. Табысымыздың тең жартысы салыққа кетеді. Демек, мемлекеттік демеуге зәруміз. Әйтеуір бір жеңілдік қарастырылса дейміз ғой баяғы...

Эльмира Отаралиева, қауіпсіздік бөлімінің басшысы:

– Еңбеккерлеріміздің тұрғын жайын жақсартуға, демалысын ұйымдастыруға көңіл бөлінсе екен. Мұнай ұйымдарының өз қорлары бар. Мұнайшылардың балалары сол арқылы жоғары оқу орындарына жолдамамен жіберіледі. Ертең диплом алғанда мында жұмысы дайын тұрады. Коммуналдық салада ондай игіліктердің бірі де жоқ. Қашанғы қағажу көрмекпіз?

...Қаланы жылумен қамтудың көрі­гін қыздырған Орталық қазандық ор­наласқан жерге жеткенімізде осы кешен­нің бастығы Аманғали Қасымов қарсы алып, негізгі цехтарға қарай бастады.

...Міне, №3 турбогенератордың қа­сында тұрмыз. Гүрілдеген, дырылда­ған мотор үнінен құлақ тұнады. Соған қарамастан жолбасшымыз қар­сы алдымыздағы алып агрегаттың техни­калық мінездемесімен таныстырды. Күрделі механизмнің минутына 1500 рет айналып, бу қысымын жоғары деңгейге жеткізіп, пәленбай киловат энергия өндіретінін жеткізді. Арасында жанына бататын жайларды да айтып жатыр. «Біз жылыту маусымы аяқталған соң, жұмысшыларымыздың жарты­сын ақысыз демалысқа жіберуге мәжбүр­міз. Өйткені қала бойынша ыстық суға сұраныс жоқ. Тұрғындар үйлеріне бір-бір «Аристон» қойып алған».

– Сонда қалай, сіздердің суларыңыз­ды қымбатсына ма?

– Жоқ. Әнеубір жылдары кәсіпорын экономикалық қиыншылыққа тап болып, тиісті міндетімізді атқара алмай пұшайман халге түстік емес пе? Жақсы күндерден күдер үзген адамдар электрлі жылыту қондырғыларын пайдалануға көшкен. Соған үйреніп алғандары сондай, автономды жүйеден айырылғысы келмейді.

Әріптесінің әңгімесін директордың орынбасары Әлібек Сартов әрмен іліп әкетті.

– Коммуналдық салада қызмет істе­геніме қырық жылға жуықтады. Жаңағы Аманғалидың жанайқайының басты себебі – шығарылған өнімге тұты­нушының жоқтығы. Жаңаөзендіктер қысы-жазы үйлеріндегі үйреншікті жы­лыт­қыштарын пайдаланғанды жөн санайды. Оның кері әсерін сезінгенімізге біраз болды. Жылыту маусымы аяқталған соң келісімшартпен еңбек ететіндермен амалсыз уақытша қоштасамыз.

Айтпасқа болмайтын тағы бір жайт, біз өзіміздің өндірістік қажетімізді өтейтін электр энергиясын шығарамыз. Үкімет жақтан үлкен қолдау көрсетілсе, құлашты кеңінен сермеуге болар еді. Мәселе мынада: біздегі турбиналар – немістікі, қазандықтар – орыстікі. Екеуі бір-біріне сай келмейді. Қондырғылар толық қуатына жету үшін «үйірі» бас­қаның жұмысын үйлестіру керек. Оған қомақты қаржы қажет. Өз күшімізбен атқаруға шамамыз жетпейді. Қазір ілдебайлап жүріп жатқан жайымыз бар.

– Бұл мәселе әу баста неге еске­рілмеген?

– Германияның «Siemens» фирмасы «сыйға» тартқан дүние ғой. Әлдебір күмәнді келісімдер бойынша келіп қал­ған. Құрылғыларды апай-топай орна­тып аттанып кеткен шетелдік мамандардың шала-пұла жұмысы екенін кейінірек білдік. Өзіміздің мамандар өйтіп-бүйтіп іске қосты. Сөйтсек, технологиясы ескіріп, Еуропада қолданыстан әлдеқашан шығып қалған пеш орнатылыпты. Зардабын әлі тартып келеміз. Әйтсе де, қол қусырып қарап отырмай, әрекет етудеміз.

Кең бөлмеде алдарындағы компьютерден көз алмай қаз-қатар отырған операторлардың бірімен сұхбат құрдық.

– Аты-жөнім – Нұргүл Нұрғазықызы, ауы­сым диспетчерімін. Бүкіл қаланы суыққа тоңдырмай отырған жылу қазандығын бумен қамтамасыз етеміз. Өзіңіз экраннан көріп тұрғандай жалпы саны 6 бу қазандығының үшеуі қыз-қыз қайнау үстінде. Өндірістік үдерісті үнемі бақылап отырамыз.

Мұндағы қызметкерлер де жан-жақтан жарыса сөйлеп, жаздағы еріксіз демалысқа байланысты қынжылыстарын білдіріп, ашынғаннан айтылған ащы мұңдарын газет арқылы жоғары жақ­тағыларға жеткізуімізді өтінді.

«ӨзенЖылу» мемлекеттік комму­налдық кәсіпорнының директоры Берік Еңсеповтің қоштасарда айтқан мына бір сөзі көкейімде қалып қойды: «Біз, шын мәнінде, халықтың қызметшісі­міз. Ешкімнен артық мақтау күтіп, ел игі­лігі жолында атқаратын еңбегімізді бұлдамаймыз. Әр алуан мінезді әлеу­мет­тің кейде артықтау кететін ауыр сөз­дерін де көңілімізге алмаймыз. Хал-қадеріміз­ше етектен тартқан қиын­дықтарды қажы­мас қайратпен еңсеру­ге күш саламыз. Сенесіз бе, мен айналам­дағы әлеуметтің амандығын, суыққа тоңып, ыстыққа күймеуін Құдайдан ылғи тілеп жүремін. Ағайын-туғанымнан, үй ішімнен кем көрмеймін. Қабақтарына қаяу түспегенін қалаймын».

Ақылды сөзге алып-қосарымыз жоқ.

Маңғыстау облысы,

Жаңаөзен қаласы

Соңғы жаңалықтар

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ораза айт мерекесімен құттықтауы

Президент • Бүгін, 07:30

Ертең еліміздің басым бөлігінде ауа райына байланысты ескерту жасалды

Ауа райы • Кеше

Иран Израильдің ең ірі мұнай өңдеу зауыттарына шабуыл жасады

Әлем • Кеше

Алматыда екі күнге көлік қозғалысы шектеледі

Аймақтар • Кеше

Президент: Ғылым мен адам капиталы – ел дамуының басты бағыты

Президент • Кеше

Министрлік еліміздегі ең көп сатылатын дәрілерді аталды

Фармацевтика • Кеше

Мемлекет басшысы: Келер ұрпақ мүмкіндікті мүлт жібергенімізді ешқашан кешірмейді

Президент • Кеше

Президент: Адам капиталы сапасын арттыру үшін бәрін жасауымыз қажет

Президент • Кеше

Абай облысындағы шахтада жұмысшы қаза тапты

Оқиға • Кеше

Қазақстанда 32 мектеп апатты жағдайда тұр

Қазақстан • Кеше

Астанада 2026 жылы 40 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізіледі

Елорда • Кеше

Ертең елімізде күн райы бұзылады

Ауа райы • Кеше

Сан емес, сапа маңызды: Тоқаев шетелдік ЖОО-на бөлінетін мемлекеттік грант құнын қайта пысықтауды тапсырды

Университет • Кеше

Президент: Қазақстанның ертеңі сіздердің ғылыми жаңалықтарыңызға байланысты

Президент • Кеше

Мереке күндері ауа райы қандай болады?

Ауа райы • Кеше

Барлық жаңалықтар

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью