Qazaq24.com, Sputnik.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..
АСТАНА, 4 ақпан – Sputnik. Қосшы қаласында ер адам жеке меншік үйдің ауласынан екі қорап ұрлағаны үшін екі жылға түрмеге қамалды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Тергеу мәліметі бойынша сотталушы үйдің ауласына газ магистраліне қосу қызметін ұсынамын деп кірген, бірақ сол жерден екі қорапты ұрлап кеткен. Бір қорапта мысыққа арналған жатын орын, екіншісінде ас үйге арналған ұсатқыш болған. Сотталушы ұрланған заттарды өзіне қажет болмаған соң лақтырып жіберген.
Үй иесі заттарды онлайн тапсырыс арқылы алған, ал курьер қораптарды аулаға қалдырып кеткен. Жәбірленуші бейнебақылау камераларын қарап, полицияға шағымданған. Материалдық залалдың сомасы 28 мың теңгені құрады.
Сотта ұры өз кінәсін мойындап, өкінетінін жеткізген және залалды өтеп берген. Алайда сотталушы бұрын 6 рет сотталған, оның ішінде ауыр қылмыстарға қатысы бар, бұл жазаны ауырлататын мән-жай ретінде қарастырылды.
Сот үкімі бойынша екі қорап ұрлаған ер адам екі жылға бас бостандығынан айырылды.