Озық оқырмандар олжаға кенелді

11.06.2026

Egemen.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..

Жастар арасында кітап оқу мәдениетін, білім мен ағартушы­лық құндылықтарды дәріптеу мен тұлға қалыптастыруды мақсат еткен жобаның серіктесі – Yokohama шина бренді. Жеңімпаздарды марапаттау іс-шарасы Yokohama өнімдерінің еліміздегі ресми дистрибьюторы болып табылатын SAN Tyres компаниясында өтті. Жобаға кітап оқу және интеллектуалдық сайыстар арқылы өз білімдерін сынау мақсатында ел өңірлерінен 45 мыңнан астам азамат қатысқан.

Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті төраға­сының орынбасары Роллан Құс­панның айтуынша, елімізде кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатында кешенді шаралар іске асып келеді. «Мемлекет басшысы «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалып­тастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды. Маңызды құжатта адам капиталын дамыту, қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, кітапты рухани құндылық ретінде насихаттауға қатысты жүйелі қадамдар нақтыланып, тапсырма берілді. Осы мақсатта республикалық деңгейде жобалар жалғасын таба беретін болады. «Кітап оқып, тұлға боламын» республикалық жобасының мақсаты – жеңімпаздарды анық­тау емес, қоғамда кітап оқуды насихаттау, оқуға үндеу. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» демей ме халық даналығы, алдағы уақытта осы жобаның ауқымын кеңейте бермекпіз» дейді Роллан Қабылұлы.

Жоба биыл төртінші рет ірі көлемде өтіп отыр. Бұл – ең көп оқырман қатысқан жоба. Кәсіпкер-меценат, SAN tyres басшысы Сырымбек Тау атап өткендей, «Кітап оқып, тұлға боламын» жобасы 2021 жылдан ­бастап іске асып келеді. 2022 жылы жоба аясында 126 мың оқырман кітап оқып, жеңімпазға Астана қаласынан бір бөлмелі пәтер берілген.  Түрлі себептерге байланысты жоба екі жылға тоқтап, биылдан бастап қайта қолға алынды.

«Кітап оқу есте сақтау жүйе­сіне, жылдам даму, мәдениетті тұлға қалыптастыруға ықпалы еш дәлелді қажет етпейді. Оқуға үндеу – қоғам болып атсалысатын жауапты іс. Жобаға қызығушылық танытып, қатысатындардың саны артқан. Ең қызығы кітаптарды оқып, 7 минутта 100 сұраққа жауап берген оқырманымыз да бар. Оқушылардың жобаға қатысуы ҰБТ көрсеткіштеріне оң ықпал етіп жатқанын да байқадық. Бұл жолы ақтық сайысқа Атырау, Шымкент, Алматы, Талдықорған қаласынан 10 оқырман іріктелді. Алдағы уақытта тиісті министрлікпен бірлесіп өткізіп, оқырман санын 1 млн-ға жеткізуді көздеп отырмыз. Оқылымды кітаптар көбейсе, қатысушылар да көбейеді. Бұл жолы А.Әуезханұлының «Дала данышпаны – Майқы би», К.Тоқаевтың «Түнде атылған оқ», О.Бөкейдің «Атау кере» романы таңдалды. Шетелден қатысқан отандастарымыз да болды. Жоба жарияланған кезде кітап дүкендеріне де шолу жасалып, сарапталды» дейді Сырымбек Тау.

Жоба 3 айға жоспарланған. Шарт бойынша қатысушылар әр айда бір кітаптан оқып шықты. Барлық кітаптар онлайн түрде тегін ұсынылды. Әр кезең аяқталғанда 100 тест сұрағы онлайн берілген. 1-кезең наурыз айында «Дала данышпаны – Майқы би» кітабымен басталды. Кітапты 52 713 оқырман жүктеп, 17 мың оқырман 40 ұпайдан жоғары жинаған. Сәуір айында өткен 2-кезеңде «Түнде атылған оқ» кітабы оқылды. Кітапты 26 мыңнан астам оқырман онлайн жүктеп алған болса, тестілеу нәтижесі бойынша, 100 ұпай – 19, 90+ ұпай – 467, 40–90 ұпай арасы ­3450 оқырманды құраған. Мамыр айындағы 3-кезеңде «Атау кере» романынан тест тапсырғандар – 4 071 болса, 40 ұпайдан жоғары – 1 723, 80 ұпайдан жоғары – 663, байқау соңына дейін жауап беріп  үлгергендер бір мыңнан асыпты.

Жобаға 2021 жылдан бергі аралықта қатысып жүрген Ал­матыдағы №169 мектеп-ли­цейінің 11-сынып оқушысы Әсия Қанатқызы осы жолы І орынға ие болып, 2 млн теңге еншіледі. Ол бұған дейін екі рет ақтық кезеңге өтіп, арнайы сыйлыққа ие болған еді. Екінші орынды Нұрсұлтан Кенжетаев еншілеп, 1 млн теңге иеленді.

Жобаның ең жас қатысушысы Ахмат Ринатұлы Алматы облысы Шамалған ауылынан келіпті. Үшқоңыр орта мектеп-гим­назиясының 5-сынып оқушысы. Жобаға бұл жолы Ахматтың он бес жастағы бауыры Сұлтанәлі де қатысып, ІІІ орынға ие болып, 500 мың теңге еншіледі. Ринат Сейітханұлы балаларын,  әсіресе әдеби кітаптар оқуға бау­лып, түрлі байқауларға қатыс­тырып жүргенін алға тартты. Жоба кезінде үш кітапты оқып, талқылап, талдауға отбасымен атсалысқан. Оның айтуынша, қоғамда балаларды гаджетке тәуел­діліктен құтқарудың бірден-бір жолы – кітап оқуға кішкентай кезінен баулу.

Жоба нәтижесіне орай  4-орынға – 300 мың, 5-орынға – 200 мың, 6-10-орынға 100 мың теңгеден үлестірілді. Жеңім­паздар қатарында Айгерім Хаме­това, Мақсат Сәбденбек, Жібек Ғұбайдуллина, Ерболат Әбілхан, Азат Бердешев бар.

Жобаның жалпы жүлде қоры 35 млн теңгені құрады. Жоба қатысушылары арасында арнайы кездейсоқ іріктеу жүлдесі ойнатылды. Оның шарты бойынша үміткерлер жобаның үш кезеңіне де қаты­сып, әрқайсысында кемінде 40 пайыз нәтиже көрсетуі қажет бола­тын. Қорытындысында 1 жеңім­паз – 5 млн, 1 жеңімпаз – 2 млн 500 мың, 1 жеңімпаз – 1 млн, 7 жеңімпаз 100 мың теңгеге ие болды.

АЛМАТЫ 

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью