Tengrinews.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Сіз емханадағы учаскелік дәрігеріңіздің аты-жөнін білесіз бе? Ал оның жеке нөмірін ше? Біз Астанада мұндай маман туралы қалыптасқан түсінікке мүлдем сәйкес келмейтін дәрігерді кездестіріп, ол туралы айтып беруді жөн көрдік.
"Алғашқы буын: медицина неден басталады?" сериясының алғашқы материалында медициналық көмектің бұл деңгейі неден тұратынын талдаған болатынбыз. Tengri Health жүйеге іштей көз салып, оны күн сайын пациенттермен жұмыс істейтін және медицинаның осы деңгейін қолжетімді әрі түсінікті етуге тырысатын учаскелік дәрігердің көзімен көрсетпек.
"Мен сіздердің ауданның учаскелік дәрігерімін"Таныс болыңыздар: Батырхан Жанболатұлы, 32 жаста. "Астана" медицина университетінің түлегі. Біз алғаш рет ол Астанадағы жеке емханалардың бірінде жалпы практикалық дәрігер (ЖПД) болып жұмыс істеп жүргенде кездестік. Қазір Батырхан - елордалық № 13 емханада бөлім меңгерушісі, бұл жолы жеке емес, мемлекеттік мекеме. Ол "алғашқы буынның" қалай жұмыс істейтінін іштей білетін адам.
Кездесуге Батырханның жұмысқа деген ерекше тәсілі себеп болды. Мен кездейсоқ астаналық тұрғынның жазбасының астынан оның пікірін көріп қалдым. Ол декреттегі аналарға Ботаникалық бақта балалармен бірге серуендеуді ұсынған екен.
"Мен сіздердің ауданның учаскелік дәрігерімін, егер медицина бойынша сұрақтарыңыз болса, серуенге қосыла аламын. Бүлдіршіндердің жиі қандай аурулармен ауыратынын айтып беремін, вакцинация туралы сұрақтарға жауап беремін", - деп жазыпты ол.
"Оған мұның не керегі бар?" - деген ой келді бірінші.
Батырханның жеке парақшасына кіремін. Жазбаларын парақтаймын. Тіпті қатты таңғаламын: себебін сәлден соң түсінесіздер. Бір-екі айдан кейін, сәуір айы болатын, мен Астанаға іссапармен келіп, екеуміз серуендеп жүрміз.
Батырхан Жанболатұлы және журналист Оксана Акулова. Фото: © Tengrinews.kz / Маржан Қуандықова
"Оған мұның не керегі бар?" деген сұрақты қоймас бұрын, Батырхан өзі, жұмысы және қазақстандық "алғашқы буындағы" мәселелер туралы айтып береді.
Пациенттермен WhatsApp-тағы топ және жеке нөмірге келетін хабарламаларБіздің кейіпкеріміз 2017 жылы медицина университетіне түскен. Оқып жүріп санитар да, медбрат та болып жұмыс істеп үлгерген. Диплом алғаннан кейін резидентураға түсуге тырысқанын жасырмайды - оңалтумен айналысқысы келген, бірақ бюджетке өтпеген, өйткені бәсеке өте жоғары. Содан емханаға учаскелік дәрігер болып орналасқан.
- Бұл жұмысқа деген теріс көзқарас болмады ма? Дәрігерлердің өздері "алғашқы буынға" қалай қарайды?
- Мен емхананың өзіндік ауқымды ерекшелігі бар екенін түсіндім - пациенттер өте көп және бәрі сенен бірдеңе күтеді, тіпті көбіне талап етеді. Оңай болмайтынын білдім. Бірақ теріс пиғыл болған жоқ. Емханалар - медицинаның негізі, бірақ оны бәрі бірдей түсіне бермейді.
Батырхан жұмысын неден бастады? Ол өз учаскесін зерттеп шыққан. Алдымен өзі үшін "белсенді" пациенттерді анықтап алды: шағым жазатындар, үнемі бірдеңе талап ететін әжелер және әрдайым мазасыз күйде жүретін жас аналар.
"Олардың бәрін түсінуге болады, содан кейін барып сабырға шақыру керек. Адам ақпаратқа ие болмағанда уайымдай бастайды. Бәрін нақты түсіндіріп берсеңіз - ол мазасыздануын да, жанжалдасуын да қояды", - дейді ол.
Өзім үшін түртіп алдым: сөйлесу - жұмыстың бірінші қағидасы.
Жалпы, Батырхан осы уақытқа дейін жұмыс істеген учаскеге 1 940 адам тіркелген. Ол олармен біртіндеп танысты - кейбірімен қабылдауда бетпе-бет, басқаларымен хат жазысу арқылы тіл табысып, бәрін ортақ чатқа қосқан.
Пациенттерге арналған чаттағы алғашқы хабарлама. Фото: © Tengrinews.kz / Маржан Қуандықова
Батырхан ұялы телефонын шығарып, топты көрсетеді - 500-ге жуық қатысушы, әр отбасыдан бір адамнан. Шынымды айтсам, өз көзіме өзім сенбеймін: дәрігер үшін пациентке жеке нөмірін беру - қорқынышты түс сияқты. Ал мұнда олардың саны бес жүз!
- Түнде пациенттер мазаңызды алмай ма?
- Жоқ, олар мені құрметтейді және кешкі алтыдан кейін, әдетте, жазбайды. Әрине, түрлі жағдайлар болады, бірақ мен бірден жауап бермеуім мүмкін - ешқашан елеусіз қалдырмаймын, бірақ шекараны да белгілеп қоямын. Көбіне әжелер жазады. Менің әжелерім. Сүйікті пациенттерім. Олар менің алдымда беделді - ең жауаптылары солар. Бірақ чатқа тек мен ғана жаза аламын - әйтпесе ол керексіз хабарламаларға толып, маңызды ақпарат жоғалып кетеді.
Чатты парақтаймыз. Батырхан Жанболатұлының қабылдау кестесі. Вакцинация туралы ақпарат. Ота алдында порталға қалай тұру керек екені туралы. Жаңа жыл, 8 наурыз, 9 мамырмен құттықтаулар.
- Құттықтаулар? - мен әлі де таңғалысымды баса алмай тұрмын.
- Иә, пациенттерді барлық мерекемен құттықтаймын.
Әрі қарай жылжытамыз - бейне нұсқаулықтар: "Damumed арқылы қабылдауға қалай жазылуға болады".
"Үлкен буын өкілдеріне өздігінен түсіну қиын, сондықтан мен осындай жадынама жасадым. Олар түрлі тақырыпта: тамақтану, вакцинация, емізу туралы - учаскелік дәрігердің жауапкершілік аймағы өте үлкен", - деп түсіндіреді ол.
Чаттағы хабарламалардың бірі: екі айға дейінгі балаларға арналған қауіпті белгілер. Фото: © Tengrinews.kz / Маржан Қуандықова
Сәл төменде баланың немесе ересектің бойында суық тию белгілері байқалған жағдайда қолданылатын тағы бір нұсқаулық берілген. Батырхан өз пациенттеріне: "Егер бойыңызда жеңіл сырқат белгілерін сезінсеңіз, бұл бірден емханаға жүгіруге немесе дәрігерді үйге шақыртуға себеп емес" деп түсіндіреді.
"Мен нақты алгоритм жасадым - бәрі стандарттарға сай, ешқандай өз бетінше әрекет жоқ - соны топқа жібердім. Адам оны оқып, үйде емделу үшін не істеу керек екенін және дәрігерге қашан бару қажет екенін біліп отырады. Сұрақтары болса, қосымша қоя алады, бірақ қажеттілік болмаса, емханаға келіп кезек тудырмайды", - дейді дәрігер.
Ол өзі үшін мынадай формула шығарған: пациенттің қолында түсінікті әрі сенімді ақпарат болуы тиіс. Кез келген адам скрининг деген не және одан қашан өту керек екенін гуглдан іздей бермейді.
Тағы бір түйін: түсіндіру жұмыстары - Батырханның жұмысындағы тағы бір ерекшелік.
Салауатты өмір салты және йогаға сертификаттарБатырхан жас кезінде спортпен мықтап айналысқан, сондықтан қазір салауатты өмір салтын қолдайды және пациенттерін де осыған барынша тартуға тырысады. Тағы бір таңғаларлық жайт: шынымен осындай да бола ма?
Ол жеке емханада учаскелік дәрігер болып жүргенде Астанадағы фитнес-орталықтардың бірімен келісіп, пациенттеріне йоганың екі тегін сабағына сертификаттар таратқан. Байқап көрсін, бәлкім біреуі тұрақты айналысып кетер деген ой болған.
- Мен орталықты ұзақ іздедім - көбіне хат жаздым, шамамен отызыншысы ғана келіскен шығар, - деп еске алады дәрігер.
Жеке емханадағы бұрынғы жұмыс орнында. Фото: © Tengrinews.kz / Маржан Қуандықова
- Ал сізден: "Батырхан, мұның саған не керегі бар?" - деп сұрамады ма?
- Маған пациенттерімнің денсаулығы жақсы болғаны керек. Мәселен, екі-үш баласы бар ананы алайық - олар көбіне өздерін ең соңында ойлайды. Содан кейін: "аяғым ауырады, белім жазылмайды" дейді - йога оларға көмектеседі.
Кейін ер адамдарға да сынақ сабақтарын беру үшін фитнес-залмен келісуге тырысқан.
- Осыған уақытыңызды қиасыз ба? - деп сұрадым мен Батырханнан алғашқы кездесуімізде.
- Бұл жерде мәселе уақытта емес... Мен бес жасымнан бастап дәрігер болуды армандадым. Ал жоғары оқу орнында оқып жүргенде медицинасы өте нашар бір ауылға барып, амбулаторияны басқарып, оны жақсы деңгейге көтерсем, адамдар бәрі мүмкін екенін түсінсе екен деп армандадым.
Олай болмады. Үйлендім, балалы болдым. Отбасыңмен бір жаққа көшу - қиын шаруа, ал аймақтардағы жағдай, ашығын айтсақ, мәз емес. Бірақ қай жерде болсаң да, адамдарға барынша көмектескің келеді.
Чекаптар, шағымдар және пациентпен соттасуМемлекеттік және жеке емхананың айырмашылығы неде деп сұрадым. Мемлекеттік емханалардағы жалпы практика дәрігерлеріне: "Жекеменшікке кетіңдер - ол жақта жеңілірек және дәрігерлерге деген көзқарас мүлдем басқа" деп жазып жатқанын жиі естуге және оқуға болады.
Батырханда, көріп отырғаныңыздай, кері траектория: ол жекеменшіктен кейін мемлекеттік емханаға келді.
"Жұмыс пен көзқарас тұрғысынан ешқандай айырмашылық жоқ. Міндеттердің саны дәл сондай. Жеке клиника да МӘМС бойынша пациенттерді қабылдады, сондықтан учаскедегі пациенттер әртүрлі болды", - деп таңғалдырды ол.
Бірақ қазір жауапкершілік көбірек, дейді Батырхан: жеке клиникада оған бір учаске бекітілген болатын - бұл шамамен екі мың пациент. Қазір оның бөлімшесінде он учаске бар - 20 мың адам.
"Олардың бәрінде жұмысты ретке келтіру керек", - дейді ол.
- Учаскелік дәрігер ең жиі еститін сұрақ қандай? - деп сұрадым.
- Тегін, нақтырақ айтсақ, МӘМС жарналары есебінен қалай толық чекап жасауға болады деген сұрақ. Мен оның мүмкін емес екенін түсіндіремін: дәрігер талдауларды немесе зерттеулерді тек көрсеткіштер бойынша тағайындайды. Ал скринингтерден міндетті түрде өту керек - олар туралы мен әрқашан айтып отырамын: олардың қандай түрлері бар, қай жаста өту керек деген сияқты.
- Адамдар қалай қабылдайды?
- Әртүрлі. Кейбіреулері "әрмен қарай" тапсырғысы келетін көптеген сараптамаларға жолдама бермесеңіз, шағым түсіреміз деп қорқытады. Адамдар көбіне болмашы нәрсе үшін жанжал шығарады. Бірақ бұл да жұмыстың бір бөлігі.
Жақында Батырхан бір пациенттің күйеуін сотқа берді - мұндай да болып тұрады. Бұл оқиға жаңа жұмыс орнында болған. Оның бөлімшесіндегі учаскелердің бірінде соңғы уақытта екі учаскелік дәрігер ауысты - дәрігерлер сол учаскедегі бір пациенттің күйеуімен "сөйлесуге" шыдай алмаған.
"Ол дөрекілік танытып, учаскелік дәрігерлерді қорлаған, шағымданамын деп қорқытқан. Ешкім онымен байланысқысы келмеді - әріптестерім жұмыстан кетуді жөн көрді, мен оларды түсінемін. Бірақ мен бұл адам жазалануы керек, мұндай мінез-құлықтың орынсыз екенін түсінуі тиіс деп шештім", - деп еске алды ол.
Сол ер адамның әйелінің үйіне кезекті рет дәрігер шақыртылғанда, учаскелік дәрігердің орнына бөлім меңгерушісі ретінде Батырханның өзі барады. Пәтерге кіргенде бәрін аудио мен видеоға жазып жатқанын ескертеді.
Үй иесіне өзі күткен дәрігердің келмегені ұнамай, жанжал шығарып, ашу үстінде Батырханды "ешкіге" теңеп, балағаттаған.
"Мен сотқа жүгінуді жөн көрдім. Емхана директоры бұл шешімімді қолдады. Талап арыз қаралып, мен жеңіп шықтым. Ер адамға 130 мың теңгеге жуық айыппұл салынды - зейнеткер үшін бұл қомақты сомма. Қазір ол емханаға келгенде өзін мүлдем басқаша ұстайды: бәрімен амандасады, ешкімге дөрекілік көрсетпейді - учаскелік дәрігердің де жұмысы тынышталды", - дейді кейіпкеріміз.
Ол мұны да емханадағы жұмыстың бір бөлігі деп санайды. Барлық пациент түсінігі мол әрі мәдениетті болады деп ешкім кепілдік бермейді. Сондықтан кейде осындай "коммуникация" әдістеріне жүгінуге тура келеді.
"Әрине, бұл - өте сирек жағдай, мәселені бұдан өзге жолмен шешу мүмкін емес еді. Жалпы, адамдармен тіл табысу өте маңызды: меніңше, арыз-шағымдардың көбі қарым-қатынастағы олқылықтардан туындайды", - деп ой түйеді ол.
Дәрігер өз ойын жалғастырды:
Бағаланбайтын бас дәрігер"Жиі жағдайда адамдар учаскеге ашулы, шаршап келеді - маған дейін біреу көңіліне тиетін сөз айтқан, бірдеңесін толық бермеген немесе кезекте ұзақ отырып қалған. Білесіз бе, тіпті мен сотқа берген әлгі кісінің де... Кейін белгілі болғандай, осыдан жеті жыл бұрын басқа емханада дәрігермен жанжалдасып қалған екен. Содан көңілінде реніш қалып, оны көп жылдар бойы барлық медицина қызметкерлеріне проекциялап келген. Әдетте, мұндай мінез-құлықтың себебін әрдайым табуға болады".
- Учаскелік дәрігерлерге сенім арта ма?
- Басында жоқ. Менің жағдайымда сырт келбетім де әсер етеді - адамдарға мен өте жас көрінемін. "Жасың нешеде? Жоғары оқу орнын бітіріп үлгердің бе?" деп сұрай бастайды. Мен әрдайым сабырмен жауап беремін: жасым 32-де, тек жас көрінемін. Жұмыс өтілімім мен тәжірибем туралы айтып беремін - мұндай сұрақтарды қарсылық ретінде қабылдаудың қажеті жоқ. Адамның білуге құқығы бар.
Батырхан Жанболатұлы. Фото: © Tengrinews.kz / Маржан Қуандықова
Кейде терминологияны, диагноздарды біледі ме екен деп мені тексеретіндер де болды. Бірақ, тағы да айтамын, дәрігер бәрін білуі мүмкін емес. Мұны да адамға дұрыс жеткізе білу маңызды.
Жеке клиникадағы менің учаскемде Швахман-Даймонд синдромы бар кішкентай пациент болды - бұл өте сирек кездесетін ауру. Анасы оны маған алғаш алып келгенде, мен бұл синдром туралы ештеңе естімеген едім және оны ашық айттым.
Google-ден іздей бастадым (дәрігер үшін мұның еш айыбы жоқ), сосын ауру тарихын зерттеп, ем-дом тағайындадым - кейін қыз балаға дәрі-дәрмек беріле бастауына бірге атсалыстық. Қазір мен бұл синдромды жақсы білемін.
- Пациентке бірдеңені білмейтініңді мойындау қиын ба?
- Бір нәрсені білмеу - қалыпты жағдай. Пациентпен шынайы болу маңызды. Бір рет айтылған орынсыз өтірік үлкен реніш тудыруы мүмкін. Бұл пациенттің сенімін арттырмайды, ал сенім - өте маңызды. Егер сенім болса, шағым да болмайды - бұған көзім жетті.
Бірақ денсаулықты тек дәрігерлер ғана емес, пациенттердің өздері де ойлауы керек. Скринингке міндетті түрде келу қажет - бұл өте маңызды! Бізде, өкінішке қарай, бұл түсінік әлі де қалыптаспаған - бұл профилактика үшін де, жалпы алғашқы көмек үшін де үлкен мәселе.
Батырхан қазақстандықтарға скрининг туралы хабарлау идеясын ілгерілету үшін түрлі инстанцияларға хат жазған. Ол өз тәжірибесінен біледі: қарапайым халықтың көбі оның не екенін, не үшін керек екенін және қашан өту керек екенін білмейді.
"Медбикелер мен дәрігерлер пациенттердің соңынан жүгіріп, скринингтен өтуді өтінеді, бұл тек медицина қызметкерлеріне ғана керек сияқты. Адамның өзі бұған қызығушылық танытуы тиіс. Шынымды айтсам, мен бұл жерде қатаң шараларды қолдаймын: sms-хабарлама жіберілді ме, профилактикалық тексеруге келмедің бе - айыппұл төле. Әйтпесе, адамдар өз денсаулығына ешқашан көңіл бөле бастамайды. Заң бойынша скринингке арнайы демалыс қарастырылған, сондықтан емханаға баруға уақыт табу мәселе болмауы тиіс", - деп бөлісті дәрігер.
Дәл осы сәтте бойымда дәрігерге көріну мен қажетті қызметті алудың қаншалықты қиын екенін білетін қарапайым емхана пациенті сөйледі.
- Ал емханалардан жауапкершілікті талап ету керек пе? Өйткені "алғашқы буындағы" (бәріне бірдей топырақ шашпаймын, бірақ) дәрігерлердің дайындық деңгейіне қатысты сұрақ көп. Адамдар учаскелік дәрігерлердің есімін де жаттап үлгермейді - олар жиі ауысады.
- Әрине, емханалар да өз жұмысының сапасына жауап беруі тиіс. Сіз дәрігерлердің, әсіресе медициналық жоғары оқу орындарын бітіріп, учаскелерде жұмыс істеп жатқан жас мамандардың дайындық деңгейі туралы дұрыс айтасыз. Олар, әдетте, "бос" келеді - оларды бәріне қайта үйрету керек.
Сол баяғы скринингтің не екенін сұрап көріңізші? Сізге: "чекап" деп жауап береді. Бірақ бұл екеуі бір нәрсе емес. Олар ең көп дегенде анықтамасын айтып беруі мүмкін, бірақ маманның қай жаста және қандай міндетті тексерулерден өтуі керек екенін білмейді. Вакцинация мәселесі де солай. Ал бұл - алғашқы көмектің негізі, базалық тақырыптар.
Фото: © Tengrinews.kz / Маржан Қуандықова
Батырхан Жанболатұлы білімнің таяздығынан пациенттер мен дәрігерлер арасында түсініспеушілік туындайды деп санайды. Соңғылары үшін емханаларда жұмыс істеудің қиындығы - дәл осындай ақпараттық вакуумда қалуында.
"Учаскелік дәрігерге күн сайын сұрақтар жауады - мен неше рет қайталап келемін, ЖПД-ның жауапкершілік аймағы өте кең (айтпақшы, шамадан тыс жүктеме де "алғашқы буынның" басты мәселелерінің бірі). Дайындығы жоқ маман абдырап қалады, не істерін білмейді, түсініспеушілік пен қақтығыстар туындайды - сосын ол жұмыстан шығып кетеді. Оның орнына келесісі келеді - осылайша шеңбер бойымен қайталана береді", - деп бөлім меңгерушісі таныс жағдайды сипаттап берді.
Ол жасырмайды: емханаға алғаш келгенде, өзі де қажетті деңгейде біле бермейтін. Тәжірибе көмектесті - Батырхан оқып жүрген кездің бәрінде ауруханаларда жұмыс істеді: алдымен санитар, кейін медбрат болды.
- Студенттер емханаға тәжірибеге келмей ме?
- Көбі жай ғана уақыт өткізу үшін, университет үшін "галочка" алуға келеді - мен мұны ашық айтып отырмын. Ал оқуды бітірген соң, мемлекеттік грантты өтеу үшін ЖПД болып орналасады. Меніңше, тәжірибеге көбірек көңіл бөлу керек - оны жай формалдылық емес, студенттерді процестерге толық араластырып, учаскелік дәрігердің жұмысын өз көздерімен көретіндей етіп ұйымдастыру қажет.
Фото: © Tengrinews.kz / Маржан Қуандықова
- Учаскелік дәрігер - бұл басты дәрігер ме?
- Олай деуге де болады. Себебі учаскелік дәрігерге көп нәрсе байланысты, ол өте көп мәселені шешуі тиіс. Сараптамаға, отаға, скринингке жолдау, мүгедектікті рәсімдеуге көмектесу, вакцинация туралы бәрін түсіндіру. Бірақ адамдар мұны түсінбейді.
- Қалай ойлайсыз, адамдар учаскелік дәрігерлерді бағалай ма?
- Көп жағдайда, жоқ шығар. Бұл тек пациенттерге ғана емес, денсаулық сақтау жүйесіндегі алғашқы буын мамандарының құндылығын сезінуіне де қатысты.
Көп нәрсе өзімізге де байланысты: егер дәрігер пациентті өзіне тарта білсе, процесс біршама жеңіл өтеді деп ойлаймын. Бірақ жалпы алғанда, адамдар ЖПД-ны бағаламайды, оларды бір түсініксіз дәрігерлер деп есептейді.
Мен оларды жақсы түсінемін, өзім де ең алдымен пациентпін - 32 жасыма дейін оннан астам жерім сынған (спортпен шұғылданудың әсері) және екі ота жасалды. Сондықтан ауруханалар, жарақаттар, оңалту - осының бәрі маған өте таныс.
- Пациенттер сіз сияқты учаскелік дәрігері болғаны үшін жолы болғанын айта ма? Мен болсам, сіз туралы бәріне айтып жүрер едім.
- Білмеймін, кейде әлеуметтік желілерде жазып жатады. Менің учаскемде бір блогер болды, ол мен туралы пост жазғанда, адамдар пікірге: "Сенбейміз, мұндай болуы мүмкін емес. Жалпы осындай ЖПД-лар бар ма?" деп жазды. Мұндай жалғыз мен емеспін. Ісіне бейжай қарамайтын дәрігерлер аз емес... Бірақ, өкінішке қарай, көбі өз дәрігерінің аты-жөнін де білмейді. Бұл өте өкінішті.
Фото: © Tengrinews.kz / Маржан Қуандықова
- Мен де білмейді екенмін, - деп шынымды айттым.
Сөйттім де, сұрадым:
- Не армандайсыз?
- Мен Қазақстанда отбасылық дәрігер мәдениетінің (культ) дәріптелгенін қалаймын. Менде тіпті арнайы бағдарлама да бар: оларға деген көзқарасты өзгерту үшін не істеу керек екені жазылған. Менің ең үлкен қалауым - елімізде медицина қызметкерлерін құрметтей бастаса, учаскелік дәрігерлерді беделді маман ретінде қабылдаса екен деймін.
Бұған біртіндеп келу керек. Адамдар отбасылық дәрігердің, яғни жалпы практикадағы дәрігердің кез келген мәселемен жүгінуге болатын маман екенін түсінуі үшін бәрін жасау қажет.
Себебі қазір бізді тек жолдама беретін адамдар ретінде көреді. Маған қабылдауға ер адамдар келеді: маған уролог керек - талон бер, болды дейді.
Қатты айтқандық болар, бірақ дәрігерлер өз мамандығына деген құрметті өздері қалыптастыруы тиіс - біз үшін мұны ешкім істеп бермейді.
- Сізге "идеалистсіз" деп айтпай ма?
- Кейде айтады. "Батырхан, кішкене күте тұр, жақында бұл қарқының басылады" дейді.
- Не деп жауап бересіз?
- Мен осылай болғанын қалаймын. Маған осылай ұнайды. Өз учаскем үшін, ал қазір өз бөлімім үшін алаңдамасам, маған солай ыңғайлы әрі тыныш. Егер мен жұмысымды адал атқарсам, үйге көңілім тоқ болып қайтамын.
Мен тек мәселені көріп тұрмын және оны шешкім келеді. Идеялар өте көп. Мәселелер де жетерлік. Бірақ мен отбасылық дәрігерлерге деген құрметті қайтаруға болатынына шын жүректен сенемін. Тіпті бұл қиын болса да, бұған бес немесе 10 жыл кетсе де, мен бәрібір бастаймын. Өзімнен бастаймын.
- Мақалаға тақырып тауып қойған сияқтымын: "Біз мінсіз отбасылық дәрігерді тапқан сияқтымыз"...
- Жоқ, мен мінсіз емеспін. Мүмкін біреулер оқып, келіспеуі де мүмкін.
...Тақырыптағы "мінсіз" деген сөзді бәрібір қалдыруды жөн көрдім. Біреулер келіспесе де мейлі. Ал менің сенгім келеді.
Авторы: Оксана Акулова
Аударған: Дина Шәріпхан
Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу