Паралимпиада чемпионы Ербол Хамитов жол апатына түсті

18.08.2026

Qazaq24.com, Sputnik.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..

АСТАНА, 18 тамыз – Sputnik. Қазақстандық парабиатлоншы және шаңғышы Ербол Хамитов Италияның Ливиньо қаласында өтіп жатқан оқу-жаттығу жиыны кезінде жол апатына тап болды, деп хабарлады 1bol.kz.

Спортшы жаттығудан кейін велосипедпен қонақүйге қайтып бара жатқанда жол жиегінде тұрған Mercedes минивэні кенет қозғалып, оның жолына шыққан. Хамитовтың айтуынша, жүргізуші велосипедшіні көрсе де тоқтамаған және кейін оқиға орнынан кетіп қалған.

"Жағымсыз жағдайға тап болдым. Мені Mercedes минивэні қағып кетті. Жүргізуші тоқтамастан, ештеңе айтпай, оқиға орнынан кетіп қалды. Абырой болғанда, өзім дін аманмын. Тек жалға алған велосипедімнің дөңгелегі майысып қалды", – деді Хамитов.

Оқиғадан кейін спортшы велосипедті жалға алған дүкенге барып, жағдайды түсіндіріп, видеоны көрсеткен. Дүкен қызметкерлері полиция шақырмақ болғанымен, Хамитов бұған қарсылық білдірген.

"Бәріміз аманбыз, сол себепті жүргізушіні жазалаудың қажеті жоқ дедім. Бұл оған сабақ болсын. Ең бастысы – ешкім зардап шеккен жоқ", – деді спортшы.

Соған қарамастан, бүлінген велосипедтің шығынын Хамитов өзі өтеуге мәжбүр болған.

Паралимпиада чемпионы жүргізушілерге де үндеу жасап, мұндай жағдайда оқиға орнынан кетіп қалмау керектігін айтты.

"Егер адамды қағып кетсеңіз, міндетті түрде тоқтау керек", – деді Ербол Хамитов.

Абырой болғанда, спортшы жарақат алмаған. Ол қазіргі таңда Ливиньодағы оқу-жаттығу жиынын жалғастырып жатыр.

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью