Парасат биігіндегі ғұмыр

17.04.2026

Egemen.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..

Елін, жерін, Отанын сүйген, әділ, өз сөзіне берік, ар-намысы биік, ауырт­пашылық пен жауапкершілікті бірдей көтергендер ғана құрмет пен абыройға бөленеді. Ала-құла тіршілікте өмір сынынан адаспай өту, жүректе ұялаған арманға жету екінің бірінің қолынан келе бермейтіні хақ. Бүгін есімі елімізге әйгілі болған абзал азамат Қуат Есімханұлы жөнінде айтпақпыз.

Қуат Есімханұлы аяулы қос анадан тәрбие көргенін жиі айтатын. Дүниеге келгенде Камеш әжесі қырқынан шыққаннан бауырына басып, тәрбиелеген. Бетін қайтармай ерке қылып өсірген. Бала кезінде үйректері көп жирен шашты көршілері өзеннен балық аулатпайды екен. Бір күні салған қармағына үйрек ілініп, көрші әйел үйректі қармағымен бірге Қуаттың әжесіне әкеліп жанжал шығарғысы келгенде, әжесі үйдегі үш қаздың біреуін беріп, «Әрі жүр, менің балам тентек емес», деп кері қайтарыпты.

Төрт жасынан қолына домбыра ұстап, ән айта бастаса, тоғыз жасында әжесі дүкеннен сырнай сатып әперген. Жетінші класс оқып жүрген кезде, Камеш әжесі дүние салғаннан кейін Жәкен анасы Қуатты өсіріп-жеткізгені бәрімізге мәлім. Қызмет бабымен жақын араласып, Жәкен анамыздың қолынан талай дәм таттық. Қуат тұстас азаматтар ол кісінің баласындай болдық. Қонақжай, оқыған-тоқығаны көп жан еді. Үйлеріне келген адамды жайдары мінезімен қарсы алып, әңгіме-дүкен құрып, бауырына тартатын. 1996 жылы Өскемен қаласына көшіп барып, елін сағынғанда, телефон шалып сәлем айтсақ, «Ақсудағы алтындарым» деген сөзі аңыз болып қалды.

Қуакең жастайынан ерекше парасатты, сөзіне берік, жалындап, елінің ісіне жегіліп қызмет етті. Отызға толар-толмас­та Май ауданы Жалтыр кеңшарына директор болып тағайындалды. Сол кезден бастап Қуат Есімханұлының іскерлігі туралы жиі айтыла бастады. Тура сөйлейді, қарамағындағы азаматтарға талапты қатты қояды. Бірақ әділ. Жұмыс десе өзін де, өзгені де аямайды. Қарамағындағылардың рухани өсуін, түлеп-толысуын қадағалап отырады. Жоғарыдағы басшыларға да турасын айтып, тіке сөйлейтін. Мансаптан айырылып қаламын деп бүгілген, бүгежектеген күнін көрген емеспіз, естігеніміз де жоқ. Былайғы жұрт Қуат Есімханұлын осындай қасиеті үшін жақсы көрді.

Май ауданын Уахап Сыздықов басқарған уақыт – ауданның өрлеуі, өсуі болған кез. Жас мамандар өздерін көрсетіп, әр салада қабілетті жастар көзге түсе бастады. Олар – Төлеш Аққұлов, Мәшрап Төлеубаев, Шәріп Сәрсенбаев, Идият Әбдіхалықов, Жақай Нұрғалиев. Әрине, бұл тізімде Қуат та, мен де болдым. Уахаң жас мамандарды өзі сұрыптап, жауапты қызметке сатылап тарта бастады. Ал осы тізімнің ішінде Қуат Есімхановты Уахап Бекұлы жеке-дара қадірледі, жанына ертті. Қуакең де жолынан тайынған емес. Білімділігі, шешендігі, жауапкершілікті өзіне ала білуі, ұйымдастыру қабілеті дараланып тұратын. Орайы келгенде қолына домбыра ұстап ән шырқайтын өнері де бар-тұғын. Жалтыр кеңшарында жүргенде ауыл мәдениетін дамытуға бастама жасады. Ансамбль құрып, ауылдағы жиын-той жас директордың әні шырқалмай өтпейтін. Осы еңбектері үшін Қуат Есімханов «Қазақ КСР-інің мәдениет қайраткері» атанып, Алматыға барып, рес­публика басшысы Дінмұхамед Қонаевтың қолынан марапат алды.

Қуат қай қызметте де ел несібесін еселендіре түсуге ұмтылды. Кеңестік қоғам күйреп, аумалы-төкпелі кезеңде ел-жұртын көтерісуге азаматтардың басын қосқан басшы болды. Ақыл-кеңесімен ғана емес, жеке үлгісімен де, жылы сөзімен де рухтандырды. Оның азаматтық мінезі қазіргі Ақсу, сол тұстағы Ермак қаласында анық көрінді. 1987 жылы Ермак аудандық атқару комитетінің төрағасы, 1989 жылы өңіріміздің тарихында ең алғаш болып Ермак қалалық партия комитетінің қазақ ұлтынан шыққан бірінші хатшысы болып сайланды. 1992 жылы Ақсу ауда­ны әкімшілік басшылығына тағайындалды. Жұдырықтай жұмыла жұмыс істеген білгір басшының командасы айтарлықтай табысқа қол жеткізді. Ауданда агроөнеркәсіп комбинаты бой көтерді, мол өнімділікке қол жеткізу мақсатында заманауи технологияны игере бастады. Қуат Есімханұлы сол кезде ретін тауып шетелдерді аралап, көрген озық технологияларды ортаға талқыға салып, туған елінің дамуына жол іздеді. Өз кезегінде басшылық қызметте жүрген бірқатар азамат АҚШ, Қытай, Италия мен Нидерландқа арнайы іссапарлар ұйымдастырып, тәжірибе алмасуға жіберілді. Тіпті бидайды шетелге саудалау жолға қойылды. Италияға жылқы сатылса, Иран мен Ауғанстанға ұн саудалана бастады. Ал Гагарин атындағы кеңшар Нидерланд мамандарымен бірлесіп, картоптың жаңа тұқымын өсіруді қолға алды. Ақсу қаласында тасжол бойында ет, сүт, қымыз, май, құрт сынды шаруалар өнімін сататын дүкендер ашылды. Осылайша, 90-жылдардың бас кезі, қиын-қыстау заманда ауыл жұртының әлеуетін арттыруға Қуат Есімханов нақты қадам жасады.

Ауданның әр шаруашылығында қайта өңдеу цехтары ашылып, күнбағыс майын, ірімшік пен макарон өндіру қолға алынды. Франциядан келген мамандар аудан орталығында шұжық, «Путь Ильича» шаруа­шылығы қатты ірімшік, чипсі цехтарын салды, наубайхана, диірмен, жарма кешендері іске қосылды. Мал терісін илеу, тігін цехтары, аңшылық фермалары іске кірісті.

1989 жылы наурыз айында халқымыздың ұмыт қалған ұлық мерекесі Наурыз мейрамы Ақсу өңірінде жандана бастады. Ермак қаласында киіз үйлер тігіліп, ұлттық киім кигендер қазақ халқының салт-дәстүрін қала тұрғындарына көрсетті. Бұл Ермак қаласы тұрғындарының 87 пайызын құрайтын өзге ұлт өкілдеріне көктен түскен жаңалықтай болды. Павлодар қаласының орталық алаңында өткен театрландырылған көрініске 150 салт атты адам қатысып, өткен дәуірдің көрінісі көрсетілді. Осы жұмыстың барлығын Қуат Есімханұлы ұйымдастырып, әр шаруа­ны өзі қадағалады. Көп кешікпей ол Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Тағы біраз уақыттан соң, Ермак қалалық партия комитетінің бірінші хатшылығына ұсынылды.

Нақты іс, ерекше жұмыс мәнерінің арқасында Қуакеңнің бастауымен бір топ жігерлі, іскер жігіттер аудан мен қала өңірінің тізгінін ұстап, өңірдің экономикалық, әлеуметтік, мәдени дамуына үлес қосты. Олардың арасында Мейрам Пішенбаев, Серік Жақыпов, Жамбыл Аймулдин, Рахметолла Мажиков, Владимир Левченко, Нұрлан Нәбиев, Кенже Кеңесбаев, Амангелді Меңдібеков, Семен Донской, Геннадий Рубцов сынды азаматтар бар.

Қуат Есімханов Жоғарғы кеңестің депутаты  кезінде академик Манаш Қозыбаевпен жақын танысты. Сөйтіп, ғалым Ермак жөнінде зерттеу мақаласын жариялатып, қоғамдық ой-пікірдің қалыптасуына ықпал жасады. Парасатты азаматтардың басын қосып, қазақ халқына озбырлық жасаған Ермак туралы тарихи шындықты жұртшылыққа жеткізу жөнінде ақылдасты. Ермактың атында қаладан басқа аудан, кеңшар да бар еді. Ескерткіш те тұр еді. Алдымен кеңшардың аты өзгертіліп, оған Ақсу атауы берілді. Кейінірек ауданның атын ауыстыруға кірісті. Бұлар – кеңес өкіметі құламай тұрып жасалған істер. Кейіннен қаланың атауы да ауысып, Ермактың ескерткіші де тұғырынан тайды. Сол жылдары Ақсу қаласында еліміз­дің солтүстік өңіріндегі тұңғыш қазақ балабақшасын Қуат Есімханұлы бастап ашқан еді. Қуаттың ықпалы тиген тағы бір іс – аудан тарихында «Ақжол» қазақ газеті жарық көрді.

Іскер азаматтың қызмет ауыстыруы заңдылық қой. Қуат Есімханұлына да ұсыныс жиі болатын. Қызмет сатысында Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, Алматы мен Астанада іргелі мекемелерде басшылықта болып, одан соң Солтүстік Қазақстан облысына әкімнің орынбасары лауазымына ауысты. 2004 жылдан бастап зейнетке шыққанға дейін «Қазақстан темір жолы» ҰК «Теміржол-су» АҚ президенті болып қызмет етті. Қуат Есімханұлы 15 жылдан астам теміржол саласында абыройлы ісімен, көпшіл мінезімен, іскерлігімен, елдің жүгін арқалаған парасат биігінен түспеген бірегейлігімен көптің есінде қалды.

Жан-тәнімен беріліп жасаған үлкен ісі – қазақтың елеусіз қалған перзенттерін, аты аңызға айналған тұлғаларының рухын қайта жаңғыртуға өлшеусіз үлес қосты. Достарын ұйымдастырып, күш-жігерін жұмсап, қаражатын салды. Бұл ескерткіш-белгілердің ұзын саны – менің есептеуімше 36. Мысалы, қазақтың дүлдүл ақыны Кемпірбай XIX ғасырдың аяғында Семей қаласында жерленген. Кеңес заманында зираттың үстінен атақты бүкілодақтық ет комбинатын салып жіберген. Тарихи архивтерден іздеп, Калининнің ескерткіші тұрған орынға Баянауылдың тасын қашатып, белгі қойды. Тағы да сол Семейде Сәбит Дөнентаевтың 1933 жылы көтерілген зираты қараусыз қалғанын көріп, жүрегі ауыр­ды. Ақынның зиратын қоршап, жаңадан белгітас орнатты. Семейдің ақсақалдарын шақырып, ас беріп, дұға жасатты. Ал Павлодар қаласындағы Майра көшесінде әнші Майра Уәлиқызына бюст қойғанын кейбіреулер білмеуі де мүмкін. Баянауыл ауылының шетіндегі зиратқа Қамариден қажының аты-жөнін жазып, белгітас қойған да – біздің Қуатжан. Мәшһүр Жүсіптің алғашқы ұстазы болған, ол кездегі білімді, белгілі, атақты адамның белгісіз зиратта жатқаны Қуаттың жүрегін ауыртқаны мәлім.

Қайда жүрсе де абыроймен қызмет жасағаны, жергілікті халықпен етене араласып кететіндігі жөнінде белгілі журналист Кәрібай Мұсырман «Егемен Қазақстан» газетіне былай деп жазды: «Сол кездегі облыстың (Солтүстік Қазақстан) әкімі Қажымұрат Нағыманов өңір тізгінін алғаннан кейін баспасөз мәслихатын өткізгенде, «Егемен Қазақстан» газетінің азулы да атақты меншікті тілшісі, кімнің алдында тұрса да именуді білмейтін Мәлік Мұқанов жаңа келген әкімге сұрақ қояды: «Бұрынғы әкіміміз Павлодардан бір вагон командасын әкеліп еді. Сіз неше вагон әкелесіз?» дегенге Қажымұрат Нағыманов: «Бір вагонға тұрарлық бір азаматты ғана әкелемін», деп, теріскейге бармай тұрып-ақ Қуакеңе жоғары баға берген екен. 2004 жылы Қуат Есімханов солтүстіктен Астанаға қызметі ауысып аттанғанда, журналист Кәрібай Мұсырман: «Жалғыз мен ғана емес, күллі Қызылжар елі өзінің туған ұлындай көріп кеткен Қуатты қимағаны анық», деп жазады.

Қуакеңнің тағы бір ерекшелігін айта­йын. «Маған досыңды көрсет, мен сенің кім екеніңді айтайын» деген сөзге орай Қуат Есімханұлының қатарлас, қанаттас, сыйлас, сырлас, әріптес дос-жарандарының қатарында көптеген нарқасқа, біртуар азаматтарды атауға болады. Олар – Серік Ақынбеков, Ерлан Смаилов, Қажымұрат Нағыманов, Тито Сыздықов, Әбілхақ Түгелбаев, Қорабай Шәкіров, Толымбек Манақбаев. Сондай-ақ Қуат Есімханұлын ақтық сапарға шығарып салуға Алматы, Қызылжар, Қызылорда, Шымкент, Атырау, Ақтау, Өскемен, Көкшетау, Семейдің азаматтары да келгеніне куә болдық.

Аға буын ақылшылары Еркеғали Рахмадиев, Қойшығара Салғараұлы, Кәкімбек Салықов Қуакеңнің отбасымен өте жақын араласып, өз баласындай жақсы көрді. Сөз арасында ұстаздарым деп Нәжмиден Доғалов, Уақап Сыздықов, Рыспек Мырзашев ағаларын айтып жүретін. Қуат Есімхановтың азаматтық бітім-болмысының биігі осыдан-ақ айқын көрініп тұрған жоқ па?

Қуакең арзан атақ шығаруға ұмтыл­майтын, көпшіл, достарына адал, жомарт, ағайынға қамқор, жарқын мінезді еді. Пенде болса да, пендешіліктен аулақ, жақсылық істеуге келгенде алдына жан салмайтын. Бақыт Ахметқызы екеуі – қасиетті қазақтың дастарқанының қадірін, мерейін өсіре білген бірегей жандар. Көп ардақтылармен дәмдес болып, олардың батасын алған. Қасиетті отбасында тәрбие көрген ұл бар, оған ерген немерелері бар. Ең бастысы, ерін қадірлейтін елі бар.

Тірісінде жұрты абыз азаматымыз деп әспеттеген ел ағасы Қуат Есімханов 70-ке қараған жасында өмірден озды. Елі мен жұрты абзал азаматпен қимай қоштасты. Мықты азамат туралы талай естелік жазылды. Жазыла да бермек.

Сөз соңында ұлттық таным тұрғысындағы құндылықты тереңнен түсініп, үнемі игілікті істің басынан көрінген Қуат Есімханұлының есімін туған жерінде, өзі қызмет еткен өңірлерде қалдыру соңында қалған қоғамға парыз әрі міндет те. Осы орайда Ақсу қаласындағы бір көшені есімі аңызға айналған тұлғаның атымен атауды ұсынар едік. Азамат есімін халқы ұмытпауға тиіс.

Ермат БАЙҚҰРМАН,

қоғам қайраткері

Павлодар облысы 

Соңғы жаңалықтар

Несие – несібе емес

Несие • Бүгін, 08:10

Жолаушы қауіпсіздігі – жауапты міндет

Қоғам • Бүгін, 08:05

Анас Баққожаев: Заң жобасы жауапкершілікке негізделген

Сұхбат • Бүгін, 08:00

Қаржы ұйымымен келелі келіссөз

Саясат • Бүгін, 07:55

Бейбітшілікке үндеген жаһандық саммит

Саясат • Бүгін, 07:50

Кекілбаев тұлғасына арналған кітап

Қоғам • Бүгін, 07:48

Халықаралық шарт пен келісім мақұлданды

Саясат • Бүгін, 07:45

Штутгарттағы сәтті старт: Елена Рыбакина келесі кезеңге өтті

Теннис • Кеше

Күшті үйлестіру – озық тәжірибе

Аймақтар • Кеше

Бір кәуап – 950 мың теңге: Бразилияда туристерді алдаған топ ұсталды

Әлем • Кеше

Ұландықтар баланы ажалдан аман алып қалды

Қоғам • Кеше

Бекзат Алмаханның UFC-дегі қарсыласы анықталды

Спорт • Кеше

«Әділет» партиясын құруға ресми қадам жасалды

Саясат • Кеше

Президент «Ялла» ансамблінің көркемдік жетекшісі Фаррух Закировке құттықтау жеделхатын жолдады

Президент • Кеше

Бибісара Асаубаева көш басына шықты

Шахмат • Кеше

Барлық жаңалықтар

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью