Egemen.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..
Фото: ФР-дағы Қазақстан Республикасының Елшілігі
Іс-шара Қазақстанның Франциядағы Елшілігі және Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен, «Отандастар қоры» КеАҚ мен Қазақ-француз-түрік қауымдастығының (AKFT Paris) бірлескен ұйымдастыруымен өткізілді.
Негізгі мақсаты – шетелдегі қазақ диаспорасының бірлігін нығайту, тарихи Отанмен байланысты дамыту және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту.
Іс-шараның ашылуында Қазақстанның Франциядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Гүлсара Арыстанқұлова, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев, «Отандастар қоры» КеАҚ вице-президенті Әлібек Жұрқадам, Түркияның Әділет және даму партиясы төрағасының орынбасары Рашида Юксель, Қазақ-француз-түрік қауымдастығының төрағасы Режеп Гюнай және «Tildes KZ» Speaking жобасының жетекшісі Лариса Алдабергенова сөз сөйледі.
Париждегі саммит: Әлем елдерінің атом саласындағы ынтымақтастығы нығая береді
Қазақстан Елшісі өз сөзінде Париж төрінде бұл басқосудың шетелдегі қазақтардың рухани бірлігін нығайтатын маңызды алаңға айналғанын атап өтті. Ол қазақ халқының тарихи тамыры Алтын Орда мұрасымен сабақтас екенін айтып, бүгінде Қазақстанның Еуропа мен Азияны жалғайтын сенімді көпір ретіндегі рөлі артып келе жатқанын ерекше жеткізді. Сонымен қатар, ана тіл, ұлттық рух және тарихи жады барша қазақты біріктіретін басты құндылықтар екенін назар аударды.
Жиын аясында «Отандастар қоры» КеАҚ қазақ қауымдастықтарының жетекшілері мен белсенділерінің қатысуымен дөңгелек үстел өткізді. Кездесу барысында «Отандастар қоры» КеАҚ вице-президенті Әлібек Жұрқадам ұйымның қызметі мен жүзеге асырып жатқан жобалары туралы ақпарат беріп, қатысушыларды ортақ бастамаларға белсенді қатысуға шақырды. Сондай-ақ, қатысушылар алдағы кезеңдегі бірлескен жобалар мен ынтымақтастық бағыттарын талқылады.
Бағдарлама аясында Қызылорда облыстық филармониясының өнерпаздары концерттік бағдарлама ұсынып, өңір қолөнершілері ұлттық қолөнер бұйымдарының көрмесін ұйымдастырды.
Отандастардың басқосуы алдағы екі күн бойы жалғасады. Бағдарлама аясында Гарж-ле-Гонесс қаласында Еуропадағы қазақ жастары арасында футбол турнирі өткізіліп, сондай-ақ мәдени-көпшілік іс-шаралар мен ұлттық мәдениетке арналған арнайы бағдарлама ұйымдастырылады.
Басқосуға Ұлыбритания, Германия, Нидерланд, Финляндия, Испания, Норвегия, Швейцария, Франция, Чехия, Италия, Португалия, Польша, Швеция, Дания, Бельгия, Мажарстан, Түркия мен Моңғолиядан келген қазақстандықтар мен қандастар қатысты.