Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
Мемлекет басшысының 2025 жылғы Жолдауына және Алатау қаласын дамыту туралы Жарлығына сәйкес, Үкімет Алатау қаласының арнаулы мәртебесі туралы Конституциялық заң жобасын әзірледі. Бұл заң жобасы Мемлекет басшысы айқындаған тәсілдер мен қағидаттарға негізделген. Оның негізгі мақсаты — Алатау қаласының жедел және тұрақты дамуына жағдай жасау.
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың айтуынша, Алатау құрылғаннан бастап қаланың әлеуетіне инвесторлардың қызығушылығы жоғары болып жатыр.
Қазірдің өзінде де жалпы құны 1,8 трлн теңге болатын алғашқы 44 инвестициялық жоба қалыптастырылып және 30 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Бұл қаланың ғылым, туризм, медицина және инновациялар орталығы ретінде дамытудың негізін қалайды.
Фото: Үкімет— Сонымен қатар, қаланы инфрақұрылыммен қамтуды кезең-кезеңімен іске асыру үшін 2030 жылға дейінгі жоспары бекітілді. Алға қойған мақсаттар іске асқан жағдайда, халықаралық сарапшылардың болжамы бойынша 2050 жылға қарай қаланың өңірлік жалпы өнімі 50 млрд АҚШ долларына дейін жетеді деп күтілуде, — деді Үкімет басшысының орынбасары.
Конституциялық заң негізінде Алатауда арнайы құқықтық режим қалыптасады. Ол кәсіпкерлік қызметтің негізгі бағыттарын қамтиды.
Нәтижесінде, Алатау жаңа басқару және технологиялық шешімдерді енгізуге мүмкіндік беретін заманауи реттеуші алаңға айналады. Қалада сынақтан өткен тиімді тетіктер алдағы уақытта Қазақстанның басқа өңірлерінде де таралуы мүмкін. Халықаралық тәжірибеде мұндай жобалар «charter cities» деп аталады. Алатау қаласында тек салықтық жеңілдіктер ғана емес, сонымен бірге бизнесті реттеу, инвесторларды тарту және инвестициялық дауларды шешу жүйесін қамтитын толық экожүйе қалыптастыру жоспарланып отыр.
— Алатауды басқару жүйесі — Alatau City Authority стратегиялық дамуға негізделген жаңа мемлекеттік орган ретінде құрылады. Оның негізгі бағытын Премьер‑министр басқаратын кеңес айқындайды. Ал әкімшілік жұмысты бас атқарушы директор жүзеге асырады. Кеңес қаладағы негізгі стратегиялық шешімдерді қабылдайды және әкімшілік актілерді бекітеді. Ал мәслихат пен әкімдік қаланың әлеуметтік, коммуналдық және қоғамдық мәселелеріне жауап береді, — деді Премьер-министрдің орынбасары.
Alatau City Authority республикалық бюджеттік бағдарламалардың дербес әкімшісі болады.
Оның бюджеті республикалық бюджет құрамында блоктық бюджеттеу қағидаты бойынша қалыптасып, негізінен инфрақұрылымды дамытуға және ұзақ мерзімді жобаларды қолдауға бағытталады. Өз кезегінде жобаларды іріктеу мен қаржыландыру тәртібін Кеңес бекітетін болады.
Ал қаланың жергілікті бюджеті әлеуметтік және ағымдағы міндеттерді қаржыландыруға жұмсалады. Алатау өзін-өзі қамтамасыз еткенге дейін қала бюджетінен басқа бюджеттерге қаражат алуға жол берілмейді.
Мұнымен қоса, Алатау қаласының жер қатынастары арнайы режим арқылы реттеледі.
Бұдан бөлек, қала бастапқыдан «Digital by default» қағидатына негізделіп құрылады. Барлық негізгі қызмет цифрлық форматта жұмыс істейді. Қалада инновациялық технологияларды енгізу үшін эксперименталды құқықтық режимдер қарастырылады. Бұл байланыс, цифрлық желілер, жасанды интеллект, роботтық жүйелер және автономды көлік сияқты салаларды қамтиды.