Sputnik.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
АСТАНА, 27 наурыз – Sputnik. Парламент палаталарының бірлескен отырысында "Алатау қаласының арнаулы мәртебесі туралы" конституциялық заң екінші оқылымда қабылданды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Депутат Нұртай Сабильяновтың айтуынша, екінші оқылымға дейін бірлескен комиссия басқа да ұсыныстарды жан-жақты талқылады. Заңға енгізілген қосымша түзетулер:
Заң жобасының атауын "Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы" конституциялық заңға өзгерту;
арнаулы құқықтық режимнің жекелеген ережелерін қала маңындағы аумаққа да қолдану мүмкіндігін нақтылау;
қоғамдық қауіпсіздік жүйелерінің барлық дерегін бірыңғай цифрлық платформада жинақтау;
кәсіпкерлер мен инвесторлар құқықтарының қорғалуын күшейтуге ерекше назар аудару;
әкімшіліктің бюджеттің атқарылуы туралы есебі мен Алатау қаласын дамыту туралы жылдық есепті интернет-ресурстарда жариялау.
Бүгін екі палаталаның депутаттары бұған дейін айтылған мәселелерді ескере отырып, заңды қабылдады.
Салықтық жеңілдіктер
Алатауда салықтық преференциялар тек басым салалардағы жаңа инвестициялық жобаларға беріледі.
Ол жобалар нақты талапқа сәйкес болуға тиіс. Олар:
экономикалық және әлеуметтік тиімділігі;
қаланың стратегиялық құжаттарына сәйкестігі;
экспортқа бағдарлануы және инновациялық сипаттылығы;
экологиялық талаптарды қамтуы.
Барлық жеңілдік пен инвесторлардың міндеттемелері ашық түрде жарияланады.
Бюджет қаржысы қалай жұмсалады
Қалада "Alatau City Authority" атты жаңа мемлекеттік орган республикалық бюджеттік бағдарламалардың дербес әкімшісі болады. Қаражат инфрақұрылымды дамытуға және ұзақ мерзімді жобаларды қолдауға бағытталады. Ал қаланың жергілікті бюджеті әлеуметтік және ағымдағы міндеттерді қаржыландыруға жұмсалады. Алатау өзін-өзі қамтамасыз еткенге дейін қала бюджетінен басқа бюджеттерге қаражат алуға жол берілмейді.
Алатауда жобаларды іріктеу мен қаржыландыру тәртібін арнайы кеңес бекітеді.
Барлығы цифрлық форматта болады
Алатау қаласы бірден “Digital by default" қағидатына негізделіп құрылады. Бұл дегеніміз, барлық негізгі қызмет цифрлық форматта жұмыс істейді.
Қалада инновациялық технологияларды енгізу үшін эксперименталды құқықтық режимдер қарастырылады. Бұл байланыс, цифрлық желілер, жасанды интеллект, роботтық жүйелер және автономды көлік сияқты салаларды қамтиды.
Сонымен қатар Алатау қаласында криптобиржа, токенизация сияқты цифрлық активтерді реттеу мүмкіндігі қарастырылады.
Халықаралық сарапшылардың болжамына сәйкес, алға қойылған мақсаттар іске асқан жағдайда 2050 жылға қарай қаланың өңірлік жалпы өнімі 50 млрд АҚШ долларына дейін жетеді.