Aikyn.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..
Мемлекет басшысының айтуынша, Халық Конституциясын әзірлеу мен қабылдау жалпыұлттық бірліктің салтанат құрғанын, жаңғыру стратегиясы мен реформалар жаппай қолдау тапқанын аңғартады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
«Әрине, бұл құжаттың тарихи маңызына қазіргі қоғам мен келер ұрпақ баға береді. Ал бізге мемлекеттілік жылнамасын жазу миссиясы жүктелді. Бұл – абыройлы әрі жауапты миссия.
Сонымен бірге азаматтық ой-пікірің арқылы туған Отаныңның даму бағдарын белгілеуге берілген сирек мүмкіндіктердің бірі, тағдырдың сыйы. Сондықтан бәріміз тарихи әрі ұлы бетбұрыстың бел ортасынан табылып, тағдыршешті сәтке куә болдық деп сеніммен айта аламыз.
Референдумға қатысып, азаматтық жауапкершілік пен отаншылдық танытқан баршаңызға алғыс айтамын.
Әсіресе, жастарға шынайы ризашылығымды білдіремін. Жас буын ел жылнамасына есімдерін алтын әріппен жазып, Ата Заң авторларының біріне айналды.
Қазақстанның бүгіні мен келешегі – жастардың қолында. Бұл – ешқандай ұран емес, қарапайым өмір заңы, мемлекеттік саясатымыздың өзегі.
Референдумның табысты өтуіне орай менің атыма достас мемлекеттердің басшылары мен халықаралық ұйымдардың жетекшілерінен құттықтаулар келіп түсіп жатыр.
Орайлы сәтті пайдалана отырып, халқымызға қолдау көрсетіп, тілектестіктерін жеткізген әріптестеріме ризашылық білдіремін.
Алдымызда ауқымды жұмыс тұрғанын, біз мемлекетімізді жан-жақты жаңғырту жолын енді ғана бастағанымызды айрықша атап өткім келеді.
Дүние дүрбелеңге толып, айналамызда тұрақсыздық белең алған жағдайда бұл жолды еңсерудің оңай болмайтыны, түрлі кедергімен бетпе-бет келетініміз анық. Алайда жолдың қиындығына қарамай, алға қадам басуымыз керек.
Ол үшін ұлтымыз ауызбіршілік танытып, жауапты әрі жасампаз патриотизмнің, терең білім мен кәсібиліктің үлгісін көрсетуі қажет. Біз көздеген мақсатымызға жетеміз. Жеңімпаз болуға міндеттіміз!
Мен бүгін қол қойған Жарлық Ата Заң ережелерін жүзеге асырудың негізгі бағыттары мен шараларын айқындайды.
Көп ұзамай Парламент қарауына Президент, Құрылтай, Халық кеңесі, Астананың мәртебесі және еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы жаңа 5 конституциялық заң енгізіледі. Сонымен қатар 8 конституциялық заңға және 60-тан астам заңға, соның ішінде негізгі кодекстерге түзетулер енгізу қажет.
Заң шығару үдерісі алдағы Парламент сайлауымен қатар жүреді. Сайлауды жаңа сессияның ашылуына дейін өткізу жоспарланып отыр. Сол уақытқа дейін тиісті заңнамалық база әзірлеуді толықтай аяқтаған жөн.
Елімізді құқықтық және саяси тұрғыдан түбегейлі жаңғырту жыл соңына дейін, тіпті, келесі жылы да жалғасуы мүмкін.
Алдымызда қазіргі билік институттарын реформалап, жаңасын құру, сондай-ақ олардың құрылымы мен кадрлық құрамын өзгерту міндеті тұр.
Конституцияның тың қағидаттары құқықтық, экономикалық, қоғамдық-саяси өміріміздің, басқаша айтқанда, тұтас тыныс-тіршілігіміздің ажырамас бөлшегіне айналады», – деп атап өтті Президент.