Парламентке заң шығара білетін, кәсіби депутаттар керек Мұрат Әбенов

30.01.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..

Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі Мұрат Әбенов Jibek Joly арнасының «Жаңа уақыт» ақпараттық-сараптамалық бағдарламасында мәлімдеді.

Оның айтуынша, жаңа өзгерістерде мемлекет пен азамат арасындағы жауапкершілік нақты айқындалып, адамның еңбегі мен өмірі жоғары құндылық ретінде бекітілуі тиіс.

Депутат қазіргі таңда еңбек құқықтарының жиі бұзылатынына назар аударды.

Оның сөзінше, көптеген азаматтар жұмыс істеп жүргенімен, жалақыны уақытында ала алмайды немесе еңбек демалысына тиесілі төлемдері толық берілмейді.

– Негізінен мемлекет бұл Конституциялық өзгерістерде бірінші орынға адамды қойып отыр. Адам құқығы мен еңбек құқығы бірінші қорғалуы керек. Қазір көп адам жұмыс істейді, бірақ айлығын, еңбек демалысына берілетін ақысын дұрыс төлемейді. Біз осы мәселені шешу үшін «әр адамның еңбегі қорғалу керек» деп жазып қойдық. Оның ішінде 8 сағаттық жұмыс уақыты, еңбек демалысына қатысты ешқандай құқығы бұзылмауы керек, – деді Мұрат Әбенов.

Сонымен қатар ол азаматтардың дербес деректерін қорғау және адам өмірін мемлекеттің негізгі жауапкершілігі ретінде бекіту маңызды екенін айтты.

– Ең негізгі өзгерістердің бірі – адам өмірі қоғамның басты байлығы деп жазу. Енді мемлекет соған жауапты болады және адам өмірін қорғауға міндетті. Жақында Шымкентте болған жағдай баршаға мәлім. Алдағы уақытта полицияға «адам өмірін сақтап қалуға міндеттісің» деп нақты айтылады. Егер біле тұра өмірін қорғамаса, бұл Конституцияның бұзылуы болып есептеледі, – деді депутат.

Мұрат Әбенов білім, ғылым және инновация мәселесі де Конституция деңгейінде мемлекеттің нақты міндеті ретінде жазылуы тиіс екенін атап өтті.

Оның айтуынша, бұл елдің экономикалық болашағымен тікелей байланысты.

– Бұрын адамның білім алуы, ғылыммен айналысуы мемлекеттің міндеті сияқты жалпылама айтылатын. Енді біз оны нақтылаймыз. Әр адамның оқуы, инновациямен айналысуы – болашақ экономиканың мүмкіндігі. Көп жағдайда ізденістегі адамдардың қалтасында ақша болмайды. Бұл тек адамның құқығы емес, мемлекеттің міндеті деп жаздық. Сонда мемлекет оған қаржы бөлуге міндетті болады, – деді ол.

Депутат Мемлекет басшысының «халықтың саны емес, сапасы маңызды» деген ұстанымын еске салып, еркін әрі инновациялық ойлайтын азамат қана мемлекетке пайда әкелетінін айтты.

Сондай-ақ ол Парламенттің рөлін күшейту мәселесіне де тоқталды.

Оның айтуынша, алдағы кезеңде заң шығару сапасына ерекше мән беріледі.

– Бұрын Мәжіліс заң қабылдайтын, одан кейін Сенат қарайды. Егер Мәжіліс қате жіберсе, Сенат оны түзету үшін кері қайтарады. Бұл уақыт алатын. Біздің мақсат – есеп беретін Үкіметі бар, ықпалды Парламент қалыптастыру. Енді Парламентке партиялар бәсекелесіп, мықты депутаттарды тартады. Заң шығара білетін, кәсіби депутаттар жұмыс істейді. Тек сөйлеп, жариялап қана қоймай, нақты заңды қалай жазу керек, мәселені қай деңгейде шешу қажет, қандай термин қолдану керек – соның бәрін білетін депутаттар болуы тиіс. Енді бір адам емес, әр мәселе үшін партия болып жауап беретін жүйе қалыптасады. Бұл сапалы әрі мықты депутаттардың сайлануына ықпал етеді, – деді Мұрат Әбенов.

Сонымен қатар ол сөз бостандығы мен ақпараттық қауіпсіздік мәселесін де маңызды өзгерістердің қатарына қосты.

– Адам еркін болуы керек. Тек еркін адам ғана өз ойын ашық айта алады, шығармашылықпен айналыса алады. Тағы бір айтатын мәселе, бұрын теріс ақпараттан тек мемлекет қорғалатын. Қазір интернет дамыды, кез келген адам басқа біреудің намысына тиетін ақпарат тарата алады. Сондықтан енді әр адам теріс ақпараттан қорғалуы керек деп ұсынып отырмыз. Ақпарат таратқанда басқа адамның еркіндігі мен құқығына зиян тимеуі тиіс, – деді депутат.

Сөз соңында Мұрат Әбенов дін мәселесіне де тоқталып, оның мемлекеттен және білім саласынан бөлек болуы қажет екенін айтты.

– Біз Конституцияда жалпыадамзаттық құндылықтарды қорғаймыз. Дін мемлекеттен де, білім саласынан да бөлек болуы керек, – деп түйіндеді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі Серік Егізбаев экологиялық жауапкершілікті ұлттық құндылық ретінде Ата Заңда бекіту қажеттігін айтқан еді.

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью