Inform.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
Депутат Мемлекет басшысының елдегі мемлекеттік басқару жүйесіндегі өзгерістерге баса тоқталып, өз ұсыныстарын жеткізгенін атап өтті. Соның ішінде елімізде біраздан бері талқыланып жатқан Парламенттік реформа бойынша қоғамның көкейінде сұраулы боп жүрген мәселелердің жауабын алғандай болды.
– Кей адамдар бұл реформа «екі палатаны біріктіре салу ғана» деп ойлауы мүмкін. Бұл өте ауқымды өзгеріс, өте ауқымды реформа, «Күшті Президент – Ықпалды Парламент» концепциясына сай келеді. Санына байланысты 145 адам екенін, 8 комитет болатыны аталып өтілді. Бес жылға пропорционалды жүйемен сайланады, яғни партиялық тізіммен сайланады. Бұл партия ішіндегі бәсекені арттыра түседі, - деді Ж. Амантайұлы Jibek Joly телеарнасына берген сұхбатында.
Оның айтуынша, қазірдің өзінде 8 шақырылымда әр партияның фракциялары арасында өте тиімді жұмыс нәтижесі байқалды.
– Реформада Мемлекет басшысы өзінің және Қазақстан халқы Ассамблеясының квоталарын алып тастап, тең дәрежеде, тең мандатта болуын атап айтты. Мұны да әділдіктің бір көрінісі деп айтсақ болады, - дейді спикер.
Сонымен бірге, Халық кеңесі заңдық өзгеріске бастама көтеру құқығына ие орган болмақ. Бұған қоғам белсенділері, қоғамдық ұйымдар, қазіргі Ассамблея мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысады.
– Халық кеңесі қайдан шықты, мұндай ұйым басқа елдерде бар ма деген сұрақ туындауы мүмкін. Бұл бірқатар елдің тәжірибесінде бар. Мысалы Францияның экономика, әлеуметтік және экологиялық кеңесі бар. Оның жұмысы біздегі Халық кеңесінің құрылымына ұқсайды. Испанияда да Азаматтық қоғам кеңесі бар. Демек, өркениетті деп санайтын елдердің өзінде осындай кеңестер бар. Бұлардың да заңға қатысты ұсыныстар беруге, заң шығармайды әрине, бірақ ұсыныс беруге құқы бар, - деді Жарқынбек Амантайұлы.
Депутат бұл ұйымды қарама-қайшы пікірлер алаңы емес, бірлескен, жүйелі, бір мүддеге жұмылған, жол табудың арнасы деп түсіну керегін атап өтті. Бұл формалды ғана ұйым болып қалмауы керек. Халық кеңесі – нақты билік пен бұқара арасындағы алтын көпір бола алатын үлкен институт.
– Парламенттік реформа барлық өңірдегі белсенді азаматтарға зор мүмкіндік береді. Алдыңғы сайлауда да бірқатар партия тіркеліп үлгерген еді, қазір де жаңа партиялар белсенді болып келеді. Партия тіркеу шегінің төмендеуі партиялар санының, саяси бәсекенің ашық және қолжетімді болуына жол ашып отыр. Сондықтан бұл үлкен негізгі заң шығарушы органымыз болса, қоғамдық кеңес – міндетті түрде заңгер немесе мемлекеттік қызметтен келген азаматтар емес, қоғамдағы кез келген белсенді азаматтар кіріп, қоғамдық ұйым атынан, этномәдени бірлестіктер атынан кіріп, өз үнін жеткізе алатын алаң болмақ. Сондықтан бұл әр өңірдегі белсенді азаматтардың көрінуіне, мемлекеттің дамуына, Тәуелсіздіктің нығаюына үлес қосуына жол ашатын қосымша мүмкіндік, - деді Парламент Мәжілісінің депутаты.
Айта кетейік, жақында Мемлекет басшысы Конституциялық реформа жөніндегі комиссияны (Конституциялық комиссия) құру туралы Жарлыққа қол қойды.