Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысы мемлекеттің алдағы қадамдарын айқындаған аса маңызды оқиға деген пікір білдірді, - деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
– Қызылорда қаласында өткен Ұлттық Құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің алдағы саяси бағытын айқындап, жүзеге асырылып жатқан реформалардың мәні мен басымдықтарын жария етті. Әрі бұған дейінгі Ұлттық Құрылтай отырыстарында ұсынылған бастамалар негізінде 26 жаңа заң қабылданғанын ерекше атап өтті.
Аталған заңдар аясында әйелдердің құқықтарын қорғау, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ойынқұмарлық пен нашақорлыққа қарсы күрес секілді маңызды әлеуметтік мәселелер жүйелі түрде реттелді. Сонымен қатар, ономастика саласындағы жұмыстар біріздендіріліп, мемлекеттік наградалар жүйесіне жаңа құрметті атақтар енгізілді. Бұл – еңбек адамдарының мәртебесін арттыруға бағытталған нақты әрі маңызды қадам, – деді Елнұр Бейсенбаев.
Оның айтуынша, бұл отырыста қабылданған шешімнің бәрі Парламенттің тиімді әрі кәсіби жұмыс істеуіне бағытталған.
– Алдағы саяси реформалардың өзегі – Парламенттің жаңа құрылымы. Президент заң шығарушы органға «Құрылтай» атауын беру туралы ұсыныс білдірді. Бұл бастама тарихи сабақтастықты сақтай отырып, халқымыздың санасына жақын әрі түсінікті ұғымды жаңғыртуымен ерекшеленеді. Депутаттар саны 145, комитеттер саны 8 болып белгіленді.
Реформа аясында Парламенттің өкілдік және бақылау өкілеттіктері кеңейтіледі. Енді Конституциялық кеңес, Жоғарғы аудит палатасы және Орталық сайлау комиссиясы мүшелерінің құрамы Парламенттің келісімімен ғана бекітіледі. Сондай-ақ Президенттің ұсынысы бойынша Жоғарғы сот судьяларын тағайындау құқығы толықтай Парламентке беріледі. Бұл – парламенттік жүйені нығайтып, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ететін стратегиялық қадам.
Депутаттар пропорционалды жүйе бойынша сайланады. Бұл саяси партиялардың жауапкершілігін арттырады. Аймақтарда мажоритарлық жүйенің сақталуы жергілікті тұрғындардың мүддесі мен пікірін ескеруге мүмкіндік береді. Президент квотасы арқылы «таңдаулы тұлғаларды» тағайындау тәжірибесі жойылады. Дегенмен жастарға, әйелдерге және ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған квоталар әлеуметтік әділеттіліктің маңызды қағидаты ретінде сақталады.
Президент атап өткендей, реформалар – үздіксіз дамуды талап ететін процесс. Парламенттік реформа еліміздің әлеуетін күшейтіп, әлеуметтік-экономикалық өзгерістерді жеделдетуге бағытталған. Барлық бастамалар «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатына негізделеді. Бұл – еліміздің саяси жүйесін жаңғыртып, азаматтардың билікке деген сенімін арттыруға бағытталған нақты әрі стратегиялық қадам, – деді ол.