Парсы шығанағы елдері мен Үндістан еркін сауда келісімі бойынша келіссөздерді бастады

25.02.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..

Парсы шығанағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесінің бас хатшысы Жасем Әл-Будайви мен Үндістанның сауда және өнеркәсіп министрі Пиюш Гоял еркін сауда туралы келісім бойынша келіссөздерді ресми түрде бастау жөніндегі бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Қол қою рәсімі Нью-Дели қаласында өтті.

Әл-Будайвидің айтуынша, келіссөздердің басталуы және бірлескен мәлімдемеге қол қойылуы стратегиялық әріптестіктің жаңа кезеңін білдіреді және тығыз ынтымақтастық пен сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға бағытталған.

Ол келіссөздер жан-жақты әрі ауқымды келісімге алып келеді деген үміт білдірді. Бұл келісім тарифтік және тарифтік емес кедергілерді жойып, екіжақты сапалы инвестициялар ағынын арттырып, өзара тиімді сауда және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі ырықтандыруға ықпал етпек.

The Times of India басылымының мәліметінше, Парсы шығанағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесі елдері Үндістанның ең ірі сауда серіктестері саналады. 2024–2025 жылдары сауда көлемі 178,56 млрд АҚШ долларын құрады. Соңғы бес жылда бұл көрсеткіш жыл сайын орта есеппен 15,3%-ға өсіп отырған.

Үндістан Парсы шығанағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесі елдеріне машина жасау өнімдерін, тоқыма бұйымдарын, күріш, жабдықтар, асыл тастар мен зергерлік бұйымдар экспорттайды. Ал керісінше, мұнай, газ, мұнай-химия өнімдері мен асыл металдарды импорттайды.

Бұған дейін Парсы шығанағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесі елдерінің бас хатшысы НАТО бас хатшысының арнайы өкілімен ынтымақтастық мәселелерін талқылаған болатын.

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью