Партия бастамаларын жүзеге асыру маңызды міндет

12.02.2026

Aikyn.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Жиынға «AMANAT» партиясының Хатшысы, партия жанындағы Әйелдер қанатының төрағасы Шолпан Каринова, Мәжіліс депутаттары,  «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Юлия Кучинская мен Наталья Дементьева, сондай-ақ облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, партия филиалдарының жетекшілері қатысты. Іс-шараның негізгі мақсаты – партия жанындағы Әйелдер қанатының алдағы жұмыс жоспарын біріздендіру және қоғамдағы әйелдердің рөлін арттыруға бағытталған жобаларды талқылау, сонымен қатар қатысушылардың өзара тәжірибе алмасуын қамтамасыз ету.

Партия жанындағы Әйелдер қанатының төрағасы Шолпан Каринова өз сөзінде бүгінде қоғамда кеңінен талқыланып жатқан маңызды тақырыптардың бірі – жаңа Конституция жобасына қатысты пікірін білдірді. Ол өткен аптада Әйелдер қанатының отырысында бұл тақырып жан-жақты талқыланғанын, сарапшылар мен Конституциялық комиссия мүшелері шақырылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілгенін де атап өтті.

«AMANAT» партиясы – мемлекеттің жетекші саяси күші ретінде мемлекеттік бас­тамаларды қолдайды және халыққа ­тү­сіндіру жұмыстарын белсенді жүргізу­де. Жа­ңа Конституция жобасында отбасы құн­дылықтарына ерекше мән берілген. Ана мен баланың әлеуметтік қорғалуы, ер мен әйелдің тең әрі ерікті одағы ретінде таны­луы – әйелдің қауіпсіздігі мен қоғам­дағы орны­ның берік болуына негіз», – деді ол.

Сонымен қатар партия Хатшысы Әйел­дер қанатының қызметін жүйелеу, өңір­лердегі белсенді әйелдерді қолдау және пар­тия бастамаларын халыққа жеткізу  аса маңызды міндеттердің бірі екенін атап өтті.

«Бүгінгі кездесу – әйелдердің қоғамдық белсенділігін арттыруға бағытталған ма­ңызды бастама. Біз партия жанындағы Әйел­дер қанатының қызметін жүйелі түрде да­мытуды мақсат етіп отырмыз және екі жа­рым жыл ішінде бірқатар маңызды жоба жүзеге асы­рылды. Басты мақсат – барлық әйелді саяси лауазымға отырғызу емес, қоғамға үлгі бо­латын, білімді, парасатты, заманауи әйелдер пулын қалыптастыру, от­ба­сылық құнды­лықтарды нығайту және әлеу­меттік жауап­кершілікті арттыру. Алдағы уа­қытта да осындай кездесулер басқа да өңір белсен­ділерінің қатысуымен жалғасын та­бады деген сенімдемін. Өйткені мұндай іс-шара қоғамдағы әйелдердің рөлін арт­ты­ру­ға мүмкіндік береді», – деді Шолпан Каринова.

Кездесу барысында партия жанындағы Әйелдер қанатының жобалары таныс­тырылды. Олардың бірі – «Томирис» саяси көшбасшылық мектебі. Оның аясында осы уақытқа дейін 170-тен астам әйел оқудан өтті. Сонымен қатар әр облыста тарихи тұлғалардың есімімен аталған жобалар іске қосылып, бүгінде 2 мыңнан астам белсенді әйелді біріктірді.

Мәжіліс депутаты,  «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Юлия Кучинская өңірлердегі партия жұмысының белсенділігін атап өтіп, Әйелдер қанатының басты мін­де­ті – әрбір әйелдің өз әлеуетін жүзеге асы­руына мүмкіндік жасау екенін айтты. Ол партия өкілдерінің халықпен тығыз бай­ланыста болып, реформалардың мәнін т­ү­сіндіруде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Жиында әйелдердің өкілді органдардағы квота мәселесі де талқыланды. Заңда көрсетілген 30 пайыздық квота (әйелдерге, жастарға және мүгедектігі бар адамдарға арналған) – минималды көрсеткіш, одан жоғары болуына еш кедергі жоқ екені атап өтілді. Әйелдердің сайлануы тек заңға емес, олардың белсенділігіне, өзара қолдауына және қоғамдағы көзқарастың өзгеруіне байланысты екені айтылды.

Кездесу қорытындысында қатысушылар өңірлердегі жұмыс тәжірибесімен бөлісіп, партия жобаларын тиімді іске асыру бо­йынша ұсыныстарын айтты. Мұндай кез­де­сулер алдағы уақытта да жалғасын табады.

 Елнар ЕЛТАЙ

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью