Пашинян партиясы жеңіске жетті

09.06.2026

Egemen.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

«Armenia Today» ақпарат порталының мәліметінше, сайлау­дағы жеңісін Никол Пашинян бас­пасөз мәслихатында мәлімдеген. Оның айтуынша, 2021 жылы ал­дыңғы сайлаумен салыстырғанда пар­тияны қолдаған азаматтар саны артқан.

«2021 жылмен салыстырғанда «Азаматтық келісім» партиясына халықтың басым бөлігі дауыс берді, көп азаматтың сенім мандатына ие болғанын атап өткім келеді. Бұл бізге үлкен жауапкершілік жүктейді», деді премьер-министр. Сондай-ақ «Армения халқы Түркия мен Әзербайжанмен бейбіт қарым-қатынасты қолдап дауыс берді. Әрине, біз Түркиямен шекараның ашылуын күтеміз», деді Пашинян «Media From Turkiye» басылымына. Ол бұған қоса бұл елдерден оң реакция күтетінін атап өтті.

«Құрметті Армения Республи­ка­сының азаматтары, баршаңызды жақсы көремін, баршаңызды мақтан тұтамын, баршаңызға тағзым етемін. Қаза тапқан батырларға мәңгілік даңқ, жасасын Армения Республикасы», деп хал­қына алғысын білдірді Никол Пашинян.

Сондай-ақ, сайлаудан кейін Никол Пашинян Арменияның Батыспен жақын араласуға ұмты­латынын, бірақ Еуразиялық эко­но­микалық одаққа (ЕАЭО) қатысуын тоқ­татпайтынын мәлім­деді.

«Біз Батысқа жақындай түсуді жалғастырамыз, бірақ соны­мен бірге ЕАЭО мүшелігінде де қала береміз. Біз Ресей Феде­ра­циясымен, сондай-ақ ЕАЭО-ның басқа елдерімен қарым-қаты­на­сы­мызды дамытамыз», деді премьер-министр. Айта кетсек, 29 мамырда Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан мен Ресей көшбас­шы­лары Арменияны Еуразия­лық экономикалық одақта қал­уын немесе ЕО мүшелігіне енуі мәселесіне қатысты референдум өткізуге шақырған еді.

Армения сайлау жүйесінің ерекшеліктеріне сәйкес, дауыс беру нәтижелері ресми шыққаннан кейін, 4 пайыздық межеден өте алмаған партиялардың дауыстары парламентке өткендер арасында бөлінеді, осылайша белгілі бір саяси күш неғұрлым жоғары пайыз алса, қайта саналған дауыстардың үлесі соғұрлым көп болады. Жалпы сая­си блоктар үшін шекті көрсеткіш жоғары және қатысушылар санына байланысты: үш партиядан тұратын одақ үшін сегіз пайыз, ал төрт немесе одан да көп партиядан тұратын блок үшін 10 пайыз. Алдын ала мәліметтер бойынша, «Азаматтық келісім» партиясы Армения парламентіндегі 101 орынның шамамен 58-ін алады.

Армения – парламенттік рес­публика. Үкімет басшысы – сайлауда жеңіске жеткен партияның жетекшісі. Дауыс беру бес жыл сайын пропорционалды жүйе, яғни партиялық тізімдер бойынша өтеді. Биыл 18 саяси күш – 16 партия және екі блок – сайлауға қатысуға өтініш берген. Негізгі үміткерлер Никол Пашинянның биліктегі «Азаматтық келісім» партиясы, бизнесмен Самвел Карапетянның «Күшті Армения» блогі мен бұрынғы президент Роберт Кочарянның «Армения» блогы болды. Сондай-ақ «Армения» одағына аттас «Жаңа дәуір» партиясы мен «Біріккен армяндар» кірді, ал «Армения» блогіне «Дашнакцутюн» мен «Жаңғырған Армения» кірді.

Сарапшылардың пікірінше, Армения экономикасы бірнеше жыл қатарынан өсіп, оң нәтижеге қол жеткізіп отыр. «Азаматтық келісімнің» сайлауда жеңіске жетуінің бір себебі де осында. Елдің кейінгі жылдардағы экономикалық қалпына келудің көп бөлігі сырт­қы факторларға байланысты: Украи­на­да қақтығыс басталғаннан кейін Ресейден қоныс аударушылар қатары артып, капитал ағыны, тұтыну көрсеткіші, экспорт өсті.

Сарапшылар «Қарабақтағы жеңілістен кейін Никол Пашинян­ның саяси мансабы аяқталғандай көрінді, бірақ бұл сайлау оның қазіргі қарсыластарына одан да аз сенім артылатынын көрсетеді» деген де пікірде.

«The Insider» интернет басы­лымының хабарлауынша, дүйсен­бі күні түстен кейін үш ірі оппо­зициялық күш ресми сайлау нәти­желерін мойындамаған. Оппо­зи­ция дауыс беру және санау кезінде көптеген бұзушылықтар болғанын мәлімдеген. Алайда, сарапшы Роман Удот: «Пашинянның пайдасына бұрмалаулар бар бол­ғаны­мен, олар айтарлықтай емес, мәселен, 49 пайыздың орнына 47-48 пайыз болуы керек еді», деп жазды әлеуметтік желідегі парақшасына.

Армения Орталық сайлау ко­миссияның мәліметіне сәйкес, сай­лауға халықтың 58,97 пайызы қаты­сып, 1 476 597 азамат дауыс берген. Ереванда ТМД-ға қатысушы мем­лекеттердің Парламентаралық Ассамблеясынан халықаралық бай­қау­шылар тобы Ұлттық жиналысына сайлау өткізу мониторин­гін жү­зеге асыру мақсатында жұ­мыс істеді. Айта кетсек, Сенат төраға­сының орынбасары Жақып Асанов – ТМД ПАА халықаралық байқау­шылар тобының үй­лестірушісі. Миссия құрамында Халықаралық қаты­нас­тар, қорға­ныс және қауіп­сіздік комите­тінің мүшесі Геннадий Шиповских, Қазақстан Республикасы Пар­ламентінің ТМД ПАА-дағы өкі­летті өкілі Асхат Мұқашев бар. ТМД ПАА байқаушылары да­уыс беру күні Еревандағы, сондай-ақ, ел­дің басқа өңірлеріндегі сайлау учас­келерінде болды. Миссия өкіл­дері учас­ке­лердің ашылуына қа­тыс­ты, дауыс беру барысын қадаға­ла­ды, сондай-ақ дауыстарды санау мен сай­­лау қорытындыларын шы­ға­­ру рә­сімдеріне мониторинг
жүргізді.

«Миссияның жұмысы саяси бейтараптық, объективтілік және мемлекеттің ішкі ісіне араласпау қағидаттарына сәйкес жүзеге асты. Байқаушылар сайлау үдерісінің ұйымдастырылуын, азаматтардың сайлау құқығының сақталуын,  рәсімдердің ұлт­тық заңнамаға сәйкестігін бағалады. Монито­ринг барысында бүкіл ақпарат жи­нақ­талып, ТМД-ға қатысушы мем­лекет­тердің Парла­мент­аралық Ассамблеясы ха­лық­­ара­лық бай­қау­шылар мис­сия­сының қорытын­дысына енгізіледі», деді Ж.Асанов.

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью