Пашинян: ҰҚШҰ бітімгерлері Арменияға кірмейді

26.08.2026

Tengrinews.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Армения оппозициясы республикаға Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) бітімгерлерін кіргізуге күш салып жатыр. Бұл туралы парламенттегі сөзінде Армения премьер-министрі Никол Пашинян мәлімдеді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі РБК басылымына сілтеме жасап.

Оның айтуынша, елге ешқандай шетелдік бітімгерлер келмейді, өйткені "бейбітшілік орнап қойған", ал оның ең сенімді кепілі – Армения мен Әзірбайжан халықтары.

"ҰҚШҰ бітімгерлері Арменияға кірмейді, жалпы елге ешқандай бітімгер кірмейді, өйткені бейбітшілік орнады, ал бітімгер - халықтың өзі. Иә, соның ішінде Армения халқы мен Әзірбайжан халқы ең сенімді бітімгерлер және Армения аумағына ешбір шетелдік бітімгер кірмейді", - деді Пашинян.

Ол Армения өз өміршеңдігінің кепілдігін түрлі геосаяси орталықтардан іздемей, күнделікті еңбегімен "өмір сүру, даму және бар болу" құқығын өзі қамтамасыз етуі тиіс екенін атап өтті.

Пашинянның мәлімдемесі билік пен оппозиция арасындағы текетірестің күрт шиеленісуі аясында жасалды. 25 тамыз күні таңертең Арменияның бұрынғы президенті және "Армения" оппозициялық блогының көшбасшысы Роберт Кочарян, оның ұлы Седрак және тағы төрт адам ұсталды.

Прокуратура экс-президент Кочарянға қатысты тоғыз эпизод бойынша қылмыстық іс қозғады: лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану, аса ірі мөлшерде пара алу және ақшаны жылыстату.

Саясаткердің ұсталуына қатысты пікір білдірген Пашинян, істің оппозиция мемлекеттен "көк тиынға" иемденіп алған бірқатар тарихи ғимараттарға қатысты екенін айтты. Ол Кочарянның отбасынан бөлек, "Өркендеуші Армения" партиясының жетекшісі, кәсіпкер Гагик Царукянды да атап өтті.

"Иә, олар түрмеге отыруы керек... Кез келген адамды сатып алып, кез келген адамды сата алатын мафиялық дәуірлеріңіз аяқталды. Бұл - соңы", - деді Пашинян.

Бұдан бір күн бұрын парламент отырысында экс-президенттің ұлы, "Армения" оппозициялық фракциясынан Армения ұлттық жиналысының депутаты Левон Кочарян Пашинянды "оңбаған әрі сатқын" деп атап, премьерді "Таулы Қарабахты құрдымға жіберді және мыңдаған адамның өліміне себепші болды" деп айыптады.

Дүйсенбі, 24 тамызда Пашинян Арменияның алдағы бес жылда ҰҚШҰ жұмысына оралу жоспары жоқ екенін және ұйымнан шығарып жіберсе, қуанатынын мәлімдеді.

Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз

Жазылу

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью