Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
Себебі бұл мамандық жайында қате түсінік пен миф көп. Мамандықтың қыр-сыры жөнінде University Medical Center орталығының патологоанатом дәрігері Жанат Жалымбетовамен кең көлемде сұхбат құрған едік.
– Патологиялық анатомия саласын неліктен таңдадыңыз? Жақындарыңыз қыз балаға ауыр деп қарсы болған жоқ па?
– Патологиялық анатомия саласын саналы түрде таңдадым. Медицина университетінің бастапқы курсында анатомия, гистология және патологиялық анатомия пәнін оқыған кезде әрбір ағзаны жасуша деңгейінде түсінудің маңызын терең сезініппін. Осы пәндерден ағзалардың морфо-функционалдық ерекшелігін, қалыпты құрылым мен патологиялық өзгерістердің өзара байланысын ұғындым. Уақыт өте келе анатомия, гистология және патологиялық анатомия медицинаның іргелі негізі, өзара тығыз байланысты ғылымдар екеніне көзім жетті. Патологиялық анатомия маған аурудың себебі мен даму механизмін ең дәл көрсететін, клиникалық ойлауды қалыптастыратын сала ретінде ерекше қызық болды.
Әрине, алғашында жақындарым бұл мамандықты қыз балаға қиын деді, алайда бұл істің физикалық емес, интеллектуал және моральдық жауапкершілігі жоғары екенін, әйел адамға да толық сай келетінін түсіндіріп жеткіздім. Қазір олар таңдауымды тек қолдайды.
– Жұрт әдетте патологоанатомдарды тек мәйіттерге аутопсия жасайды немесе кісі өлімінің құпияларын шешеді деп ойлайды, яғни саланы тек өлілермен байланыстырады. Патологоанатом маманның жұмысына өзге қандай міндеттер кіреді?
– Иә, қоғам патологоанатом мамандығы көбіне аутопсиямен және өлім себептерін анықтаумен байланысты деп ойлайды. Бұл – қате түсінік. Патологиялық анатомиядағы жұмыстың шамамен 80-85 пайызы тірі адамдармен өтеді. Патологоанатом биопсиялық және операциялық материалдарды зерттеп, яки түскен биологиялық материалға макроскопиялық тұрғыда сипаттама жасап, оны микроскопиялық тұрғыда ыңғайлы қарау үшін бөлшектейді. Осы арнайы гистологиялық өңдеуден кейін гистолог-лаборанттар стеклопрепараттар дайындайды, ал дәрігер қатерлі ісіктің бар-жоғын, оның гистологиялық типін, дифференциация дәрежесін және аурудың таралу ерекшеліктерін қарап анықтайды. Қазір жұмысымыз тек морфологиямен шектелмейді, иммуногистохимиялық және молекулалық-генетикалық зерттеулер жүргіземіз. Бұл әдістер диагнозды дәл қоюға және жеке ем тактикасын таңдауға мүмкіндік береді. Жұмысымыздың тек 15-20%-ы кісі өлімінің себебін анықтауға жатады, сондықтан патологоанатом клиникалық шешімдерге тікелей әсер ететін, жоғары жауапкершілік пен терең аналитикалық ойлауды талап ететін мамандық деп айтамын.
Медицина сапасын айқындайтын бағыт
– Патологоанатомдардың жалақысы қандай деңгейде? Не себепті салаға қызығушылық аз деп санайсыз?
– Патологоанатом мамандардың еңбекақысы өңірге, жұмыс көлеміне және біліктілік деңгейіне байланысты әртүрлі болады. Кейінгі жылдары бұл салада еңбекті бағалау жүйесі біртіндеп қайта қаралып, жоғары технологиялық зерттеулермен айналысатын мамандардың кәсіби рөлі артып келеді. Мамандыққа қызығушылықтың салыстырмалы түрде төмен болуы, жалақыдан гөрі көбіне қоғамдағы ақпараттың жеткіліксіздігімен байланысты деп пайымдаймын. Патологиялық анатомияның клиникалық медицинадағы шешуші орны, онкологиядағы диагноз қоюдағы негізгі рөлі көпке кеңінен түсіндірілмеген. Сонымен қатар бұл сала ұзақ әрі күрделі дайындықты, жоғары жауапкершілікті және үздіксіз кәсіби дамуды талап етеді, ал оның нәтижесі әрдайым көзге көріне бермейді. Патологиялық анатомия – сырт көзге байқалмайтын, бірақ медицинаның сапасын айқындайтын іргелі бағыт.
– Патологоанатом мамандарын қандай оқу орындары дайындайды? Өзіңіз қай жерден білім алып, шеберлігіңізді шындадыңыз?
– Патологиялық анатомия мамандығы Қазақстандағы барлық медициналық университетте оқытылады. Мамандыққа жол интернатурадан кейінгі резидентура бағдарламасында басталады. Мен де еңбек жолымды қайта даярлау кезеңінен кейін бастап, практикалық жұмысқа кірістім. Алайда қысқамерзімді қайта даярлау бұл саланың тереңдігі мен күрделігін толық қамтымайтынын түсініп, патологиялық анатомия бойынша резидентура бағдарламасын іздей бастадым. 2021 жылы елімізде алғаш рет UMC корпоративтік қорының клиникалық базасында патологиялық анатомиядан резидентура ашылды. Сол бағдарламаның алғашқы түлектерінің бірімін. Резидентура кезеңінде практикалық дағдыларды ғана емес, ғылыми-зерттеуді де жүйелі түрде дамыттым. Ғылымға қадам басу мен үшін білімге «инемен құдық қазғандай» терең бойлау болды. Осы еңбегімнің нәтижесінде Еуропалық патологоанатомдар қоғамының (ESP) дәстүрлі түрде өтетін 35-ші конгресіне жолдама алып, Дублин қаласына барып қайттым. 2025 жылы Вена қаласында өткен 37-ші конгреске travel grant иегері ретінде қатыстым. Ұлыбританияның Шеффилд қаласында перинаталдық және балалар патологиясы бағыты бойынша өткен Giordano Fellowship 2026 бағдарламасы аясында 3 айлық тағылымдамадан тегін өту мүмкіндігіне ие болдым. Қазір ішкі ғылыми жобаларға белсенді қатысып жүрмін, Стокгольм қаласында өтетін 38-ші Еуропалық конгреске постерлік баяндамамды дайындап жатырмын.
Бұдан бөлек, Instagram желісіндегі парақшам арқылы халықаралық патологиялық анатомия қауымдастығымен байланыс орнатып, әлемнің әр түкпіріндегі әріптестермен тәжірибе алмасып келемін. Осы тәжірибеге сүйене отырып, патологиялық анатомия бойынша типтік оқу жоспарын халықаралық стандарттарға біртіндеп сәйкестендіру қажет деп есептеймін. Атап айтқанда, резидентура бағдарламасында иммуногистохимиялық зерттеулерге, ғылыми-зерттеу жұмысына және молекула деңгейіндегі әдістерге бөлінетін уақытты арттыру маңызды. Резидент-патологоанатомның әртүрлі медициналық ұйымда: онкологиялық орталықтарда, көпбейінді клиникаларда, перинаталдық орталықтарда практикадан өтуі кәсіби ойлауды кеңейтеді. Оқу цикліне онкология, радиология және клиникалық пәндермен тығыз интеграцияланған модульдерді енгізу қажет. Заман талабына сай патологоанатомды даярлауда тек морфологиямен шектелмей, мультидисциплинарлық команда құрамында жұмыс істей алатын маман қалыптастыруға тиіспіз.
– Шетелден тәжірибе жинауда қандай ерекшеліктерді байқадыңыз? Отандық патологоанатомдарға қандай іске көңіл бөлген абзал?
– Ең алдымен көзге түскені – патологиялық анатомияның клиникалық процестің ажырамас бөлігі ретінде толық интеграциялануы. Патологоанатомдар мультидисциплинарлық командалардың тұрақты мүшесі болып, клиницистермен бірлесе отырып ем тактикасын анықтауға белсенді қатысады. Шетелдік орталықтарда зертханалық стандарттау, сапаны ішкі және сыртқы бақылау жүйелері, цифрлық патология және молекулалық әдістердің күнделікті практикаға кеңінен енгізілгенін байқадым. Бұл диагностиканың нақтылығы мен қайталанғыштығын қамтамасыз етеді. Отандық патологоанатомдар үшін ең маңызды бағыттардың бірі – үздіксіз кәсіби даму, ағылшын тілін қатар меңгеру. Иммуногистохимиялық зерттеу, онкологиядағы молекулалық-генетикалық зерттеулерді терең меңгеру, клиникалық конференцияларға белсенді қатысу және халықаралық кәсіби қауымдастықтармен байланыс орнату аса маңызды. Тағы қосарым, жас мамандарға тәлімгерлік мәдениетті қалыптастыру, оларды ғылыми-зерттеуге ерте кезеңнен тарту және қоғамға патологиялық анатомияның нақты рөлін дұрыс түсіндіру саланың болашақта дамуына тікелей әсер ететін маңызды міндет деп санаймын.
– Әлемде босанудан сағат сайын 30 әйел қайтыс болады екен. Еліміздегі жағдай қалай? Гинекология мен патологиялық анатомияны қатар меңгерген маманның артықшылығы неде?
– Бұл бағыттағы білім мен үшін әрдайым кәсіби қызығушылық тудырып келеді. Патологиялық анатомияда жұмыс істей отырып, ана өлімі мен ауыр акушерлік асқынулардың себептерін, гинекологиядағы ауру (ісіктер) салдарын морфологиялық деңгейде талдау қажеті жиі туындайды. Әлемдік деректерге сәйкес, босану кезінде және босанудан кейінгі кезеңде ана өлімі әлі де өзекті мәселе болып отыр. Қазақстанда бұл көрсеткіштерді төмендету мақсатында жүйелі жұмыс жүріп жатыр, ал патологиялық-анатомиялық талдау осы процесте маңызды сараптамалық құрал қызметін атқарады.
Гинекология мен патологиялық анатомияны терең түсінетін маман клиникалық және морфологиялық деректерді біртұтас жүйе ретінде бағалай алады. Бұл асқынулардың патогенезін нақтылауға, клиникалық тәжірибені жетілдіруге және профилактикалық шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. Пәнаралық көзқарас – республикалық деңгейдегі медициналық орталықтар үшін сапаны арттырудың маңызды құрамдас бөлігі.
– Патологоанатомиялық бөлімге бала плацентасын да зерттеуге жібереді екен. Бұл не үшін қажет? Жалпы, практикаңызда басқа да қандай жағдайларды зерттейсіздер?
– Плацентаны патогистологиялық зерттеу – ана мен ұрық арасындағы байланысқа объективті баға берудің маңызды тәсілі. Плацента – жүктіліктің бүкіл барысын «құжаттайтын» орган. Оны зерттеу арқылы ұрықтың іште дамуының тежелу себептерін, гипоксияны, инфекциялық процестерді, преэклампсия (жүктіліктің қауіпті асқынуы) мен тромбоздық өзгерістерді анықтауға болады. Бұл мәліметтер келесі жүктілікті дұрыс жоспарлау үшін аса құнды.
Практикамызда тек плацентаны емес, операциялық және биопсиялық материалдарды, ісіктерді, қабынулық және дистрофиялық өзгерістерді, перинаталдық патология жағдайларын зерттейміз. Балалар және ересектер онкопатологиясында диагнозды нақтылау, ісіктің түрі мен биологиялық қасиеттерін анықтау – күнделікті жұмысымыздың бір бөлігі.
Виртуалдық аутопсия – тек қосымша құрал
– Өзіңіздің немесе әріптестеріңіздің пратикасында клиникалық өлім жағдайы болған ба? Шетелде өткен ғасырдан бері табыттарда арнайы батырма орнатылады дейді. Осы жөнінде әңгімелеп берсеңіз.
– Өз тәжірибемде де, әріптестерімнің практикасында да клиникалық өлімнен кейін «тіріліп кету» жағдайы болған емес, себебі медициналық практикада өлімді тіркеудің қатаң алгоритмдері бар. Дәрігерлер адам қайтыс болғаннан кейін кемінде екі сағат міндетті түрде бақылау жүргізеді. Осы уақытта клиникалық өлімнің биологиялық өлімге ауысу белгілері бағаланады. Биологиялық өлім бірқатар нақты, қайтымсыз өзгерістермен сипатталады: тері тургорының өзгеруі, бұлшық еттерде өліктік сіресу белгілерінің пайда болуы, өліктік дақтардың дененің төмен орналасқан бөлігінде қалыптасуы. Бұл белгілер толық сипатталып, медициналық құжаттамада тіркеледі.
Табыттарға батырма орнату туралы әңгімелер өткен ғасырларда медициналық диагностиканың даму деңгейі төмен болған кезеңдермен байланысты тарихи миф деп санаймын. Қазіргі медицинада өлім диагнозы дәлелді клиникалық және морфологиялық критерийлерге негізделіп қойылады. Бүгінде мұндай жағдайлардың болуына ғылыми да, практикалық та негіз жоқ.
– Ең алғаш мәйітті ашқан кездегі толқынысыңыз немесе сіз кездестірген ерекше жағдайдың бірін баяндап бере аласыз ба?
– Бұл салада эмоциядан гөрі кәсіби дайындық пен жауапкершілік алдыңғы орында тұрады. Алғаш рет мәйітпен жұмыс істеу – әр дәрігер үшін маңызды кәсіби кезең. Бұл сәтке алдын ала теориялық және моральдық тұрғыда дайындалып келдім, сондықтан толқу болғанымен, ол үрей емес, жауапкершілікті терең сезінумен байланысты жағдай. Патологоанатом үшін бастысы – эмоцияға берілмей, объективті бағалау жүргізу. Әр зерттеу нақты сұраққа жауап беру, клиницистерге дәлелді қорытынды ұсыну. Уақыт өте келе бұл жұмыс кәсіби ойлау жүйесіне айналады.
Ерекше жағдайларға келсек, біздің тәжірибеде «ерекшелік» көбіне сирек диагноздармен, стандарттан тыс клиникалық-морфологиялық сәйкессіздіктермен байланысты. Мұндай жағдайлар дәрігерді эмоциялық тұрғыда емес, ғылыми тұрғыда өсіреді, үнемі ізденіске итермелейді. Патологиялық анатомияның қиындығы – жоғары жауапкершілігінде болса, қызығы – диагноздың ақиқатына жету процесінде деп айтар едім.
– Халықтың дәстүр мен діни сеніміне сай виртуал аутопсия, яғни компьютерлік томография көмегімен зерттеу елімізде де қолға алынып жатыр. Былтыр Әділет министрлігі виртуал аутопсияға қатысты пилоттық жобаны бастаған еді. Әдіс қаншалықты сенімді нәтиже береді, классикалық аутопсияның орнын баса ала ма?
– Әрине, виртуал аутопсия – заманауи әрі перспективалы бағыт. Ол әсіресе халықтың діни және мәдени ерекшеліктерін ескеруді талап ететін жағдайларда, сот-медициналық практикада бастапқы скрининг ретінде құнды ақпарат бере алады. Әдіс сүйек құрылымдарын, ірі қан құйылуларды, жарақаттарды, бөгде заттарды анықтауда жеткілікті сенімді. Сонымен қатар зерттеу инвазивті емес, тез орындалады және нәтижелері цифрлық түрде сақталады, алайда виртуал аутопсия классикалық аутопсияның орнын толық баса алмайды. Компьютерлік томография тіндердің микроскопиялық құрылымын, қабынулық өзгерістерді, ерте ишемиялық зақымдарды, инфекциялық процестерді немесе молекулалық деңгейдегі патологияны анықтай алмайды. Менің пайымдауымша, қазіргі медицинада виртуал аутопсия мен классикалық патологиялық-анатомиялық зерттеу бір-бірін толықтыратын әдістер ретінде қарастырылады. Виртуал аутопсия – тек жақсы қосымша құрал, ал классикалық аутопсия диагнозды түпкілікті растаудың алтын стандарты болып қала береді.
– Стрестен қалай арыласыз?
– Мен үшін стрестен арылудың негізгі жолы – тәртіп пен теңгерім. Кәсіби ортада эмоцияны басқару өте маңызды, сондықтан жұмыс пен жеке өмірдің арасындағы шекараны сақтауға тырысамын. Физикалық белсенділік, күн тәртібін жоспарлау және кәсіби дамуға көңіл бөлу ішкі тұрақтылықты сақтауға көмектеседі. Ғылыммен айналысу, жаңа білім алу да мені шабыттандырады, жұмыстың мазмұнын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Ең маңыздысы – әрбір күрделі жағдайды тәжірибе ретінде қабылдап, одан кәсіби қорытынды шығару. Бұл көзқарас ұзақмерзімді стрестің жиналуына жол бермейді.
Карантин жүйеге стресс-тест болды
– Патологоанатомдар жұқпалы аурулардан қалай қорғанады? Дәрігер медициналық талаптарды сақтамаса, қандай ауруларды жұқтыруы мүмкін? Жұмысыңыз өміріңізге қауіп төндірген кезі болды ма? Мәселен, карантинде медициналық құралдардың тапшылығы туындап, сол кезде мәйітханадағы мамандар коронавирус жұқтырғаны жөнінде айтылып жатты.
– Патологоанатомдардың жұқпалы аурулардан қорғануы қатаң регламенттелген қауіпсіздік жүйесіне негізделген. Жеке қорғаныс құралдары (ЖҚҚ), биологиялық қауіпсіздік ережелері, жұмыс аймақтарын бөлу, дезинфекция және қалдықтарды жою алгоритмдері халықаралық стандарттарға сәйкес жүреді. Медициналық талаптар сақталмаған жағдайда теориялық тұрғыда қан арқылы немесе аэрозоль жолымен берілетін инфекциялар жұғуы мүмкін. Бұл салада қауіпсіздік – формальды талап емес, күнделікті кәсіби мәдениеттің ажырамас бөлігі. Өзім жұмыс істеп жүрген республикалық орталықта жеке қорғаныс құралдарына қойылатын талаптар өте қатаң әрі нақты жүйеленген. Кейінгі бес жылдық тәжірибемде инфекциялық қауіпке байланысты жағдайлармен бетпе-бет келген емеспін, өйткені барлық ереже бұлжытпай сақталады.
Пандемия кезеңіне келсек, ол бүкіл әлем үшін күтпеген сынақ болды. Әртүрлі елде медициналық жүйелер әртүрлі дайындық деңгейінде болды. Біздің орталықта қауіпсіздік шаралары кезең-кезеңімен күшейтіліп, қызметкерлердің қауіпсіздігіне ерекше мән берілді. Қазір патологиялық анатомия қауіпсіздік мәдениеті жоғары, тәуекелдер ғылыми негізде басқарылатын медициналық сала деп сеніммен айта аламын.
– Осыдан бірнеше жыл бұрын, карантин кезінде мәйітханаларда орын тапшылығы айқын байқалып, медицина мамандарын әбігерге түсіріп еді. Өңірлер түгілі, ірі қалалардағы мәйітханаларда орын тапшылығы, стандартқа сай құралдардың жоғы, салқындатқыштардың істемеуі секілді түрлі мәселенің барын білдік. Карантиннен кейін жағдай қаншалықты реттелді?
– Карантин кезеңі бүкіл әлем үшін, соның ішінде денсаулық сақтау жүйесі үшін үлкен стресс-тест болды. Бұл уақытта көптеген елде, өңірлерде медициналық инфрақұрылымға түсетін жүктеме күрт артты, соның салдарынан ұйымдастырушылық және техникалық қиындықтар байқалды. Мұны тек бір салаға немесе бір мекемеге тән мәселе деп қарастыру дұрыс емес. Карантиннен кейінгі кезеңде осы тәжірибеден нақты қорытындылар шығарылды. Материалдық-техникалық базаны кезең-кезеңімен жаңарту, санитарлық талаптарды күшейту, логистика мен қауіпсіздік алгоритмдерін қайта қарау бағытында жүйелі жұмыс жүргізілді. Әрине, бұл процесс бір күнде толық шешілетін мәселе емес, алайда бүгінде мәйітханалардың жұмысын стандарттарға жақындату, төтенше жағдайларға дайындық деңгейін арттыру бойынша оң өзгеріс бар деп сеніммен айтуға болады. Мұндай кезеңдер медицинаның әлсіз тұстарын көрсету үшін емес, оны күшейту үшін қажет тәжірибе болды. Қазіргі міндет – сол сабақтарды ұмытпай, жүйелі түрде дамуды жалғастыру.
– Таяуда Жезқазғандағы қалалық мәйітхананың көрінісі әлеуметтік желіде тарап, халықтың сынына қалған еді. Мәйітхана 1980 жылдан бері еш жөндеу көрмеген, тастанды үйдей қирап жатыр. Демек, мәйітхана жайы әлі реттелмеген болып отыр ма?
– Жекелеген өңірлердегі жағдайды бір ғана мекемемен немесе бүкіл жүйемен тікелей байланыстыру дұрыс емес деп ойлаймын. Дегенмен мұндай мәселелердің түп-төркіні көбіне саланы басқару деңгейінде патологиялық-анатомиялық қызметтің мәні мен ерекшеліктерін терең түсінбеумен байланысты болуы мүмкін.
Патологиялық анатомия – кеңбейінді, бірақ медицинаның сапасына тікелей әсер ететін сала. Егер осы бағытты кәсіби тұрғыда түсінетін, мамандыққа эмпатиясы жоғары, саланың ішкі қажеттілігін білетін нақты жауапты тұлғалар жүйелі түрде айналысса, көптеген мәселе әлдеқашан шешімін табар еді. Практикада кейде мамандар тарапынан нақты ұсыныс айтылып, бірақ басқарушылық деңгейде олар әрдайым қолдау таба бермейтін жағдайлар кездеседі. Соның салдарынан кейбір зертханаларда әлі күнге дейін гистологиялық материалдарды өңдеудің ескірген әдістері қолданылып отыр, ал әлемде бұл уақытта цифрлық және молекулалық патология белсенді талқыланып, клиникалық практикаға енгізіліп жатыр. Сондықтан стандарттар мен нормативтік құжаттарды әзірлеуге тікелей практикалық жұмыспен айналысатын, күнделікті процестің барлық кезеңін білетін мамандарды тарту аса маңызды. Бұл саладағы реформалардың формальды емес, нақты нәтижеге бағытталуына мүмкіндік береді. Диагностикалық бірізділікті қамтамасыз ету үшін халықаралық тәжірибеге сүйену қажет. Атап айтқанда, морфологиялық диагноздарды Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (WHO) классификацияларына сәйкес жүргізу, гистологиялық және иммуногистохимиялық препараттардың сапасын бақылауды CAP (College of American Pathologists) және Nordic Immunohistochemical Quality Control (NordiQC) ұсынымдарына сай кезең-кезеңімен енгізу маңызды. Бұл тәсіл зертханалық нәтижелердің қайталанғыштығын арттырып, клиницистер үшін диагноздың сенімділігін қамтамасыз етеді және патологиялық-анатомиялық қызметтің халықаралық деңгейдегі сапасын көтеруге мүмкіндік береді.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Айсұлу СЪЕЗХАН