Патриоттық тәрбие мәселелері талқыланды

23.07.2026

Aikyn.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Іс-шараға Батыс Қазақстан облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Гүлжанар Шөкеева, облыстық Өңірлік коммуникациялар қыз­меті басшысының орынбасары Ырысбек Тыныш­тыбаев, білім басқармасы мен қорғаныс істері жөнін­дегі департамент өкілдері қатысты. Сондай-ақ жиынға Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің БҚО бойынша өкілі, Орал қалалық прокуратурасының қызметкерлері, Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығының сарбаздары, дін істері басқармасы мен жастар ресурстық орта­лығының мамандары, Қоғамдық кеңес мүшелері, ар­дагерлер ұйымдары, қоғам белсенділері және бұ­қаралық ақпарат құралдарының өкілдері жиналды.

Дөңгелек үстел барысында қоғамдағы адалдық, азаматтық жауапкершілік пен отансүйгіштік құндылықтарын нығайту, оларды өскелең ұрпақтың бойына сіңіру жолдары жан-жақты талқыланды. Қатысушылар жастардың елге қызмет етуге деген ынтасын арттыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және саналы, жауапты азамат қалыптастыру жөніндегі ой-пікірлерін ортаға салды. Жиында сөз алғандар ел тарихын білу, Отанға деген сүйіспеншілік пен жауапкершілік сезімі әр азаматтың бойында бала кезден қалыптасуы қажет екенін атап өтті.

«Германиядағы кеңес әскері тобы ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігінің БҚО фи­лиалының төрағасы Ұзақбай Жақсылықов ел тыныш­тығы мен шекара қауіпсіздігін сақтау әр азаматтың ортақ міндеті екенін айтты.

– Еліміздің шекарасы берік, жұртымыз тыныш болуы керек. Бүгінгі бай-қуатты мемлекетті келер ұрпаққа аманаттау – баршамыздың міндетіміз. Ел қорғайтын жастардың бойында Отанға, туған жерге деген құрмет пен сүйіспеншілік болуы қажет. Олар алған білімі мен тәжірибесін ел игілігіне жұмсап, Қазақстанды әлемге үлгі ете білуге тиіс, – деді ол.

Кездесуде шынайы патриотизм туған елдің тарихын құрметтеуден, заң талаптарын сақтаудан, адал еңбек етуден және қоғам игілігі үшін қызмет етуден басталатыны айтылды. Қазіргі кезде білім беру ұйымдарында оқушылардың азаматтық ұстанымын қалыптастыруға, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге және тарихи санасын нығайтуға бағытталған жұмыс­тар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Орал қалалық бі­лім беру бөлімінің әдіскері Бауыржан Насыров мек­тептерде оқушыларды әскери-патриоттық бағытта тәр­биелейтін клубтар жұмыс істейтінін жеткізді.

– Қазір әр мектепте «Жас сарбаз» клубы бар. Со­нымен қатар полиция департаментімен бірле­сіп құрылған «Жас сақшы» клубтары жұмыс іс­тей­ді. Әскери-патриоттық бағыттағы мұндай ұйымдар­дың негізгі мақсаты – балалардың Отанға деген сүйіс­пеншілігін арттырып, олардың бойында жауап­кершілік пен тәртіпті қалыптастыру, – деді ол.

БҚО қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Гүлжанар Шөкеева «Адал азамат» қағидаты қоғам мүшелерінің мінез-құлқы мен іс-әрекетінің озық үлгісін қалыптастыруды көздейтінін атап өтті.

– Адал азамат – Отанын құрметтейтін, білімді, білікті, жауапкершілігі мол, саламатты өмір салтын ұстанатын және адал еңбегімен табысқа жететін тұлға. Қазіргі қоғамның келбеті – мемлекетіміздің болашағы. Сондықтан осындай мазмұнды кездесулер мен пікір алмасу алаңдары жиі ұйымдастырылуы керек, – деді Гүлжанар Шөкеева.

Дөңгелек үстел еркін пікір алмасу форматында өтіп, қатысушылар қазіргі қоғамдағы патриоттық сананы қалыптастырудың өзекті мәселелері мен оны жетілдіру тетіктерін талқылады. Іс-шара қорытындысында қоғамдағы бірлік пен азаматтық жауапкершілікті нығайту, жас ұрпақтың патриоттық тәрбиесін күшейту және «Адал азамат» қағидатын кеңінен насихаттауға бағытталған бірқатар ұсыныс айтылды.

 Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью