Qazaq24.com, Arasha.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
Telegram платформасы экстремизмге шақыратын арналар мен террористік ұйымдардың материалдарын талап бойынша жоймаған, бұл өз кезегінде қайғылы оқиғаларға әкеп соқтырған, деп жазды Ресейлік БАҚ.
Бұл туралы алғашқылардың бірі болып «Российская газета» және «Комсомольская правда» басылымдары хабарлады. Екі басылым да «Telegram-ды пайдалану арқылы жасалған қылмыстарға» мысал ретінде «Крокустағы» терактіні, Дарья Дугина мен генерал Игорь Кирилловтың өлтірілуін атайды.
Мақалаларда айтылғандай, платформа әкімшілігі Роскомнадзордың талаптарын орындамай, экстремизмге шақыратын 10,5 мыңнан астам арнаны және экстремистік әрі террористік ұйымдардың материалдары орналастырылған 1125 арнаны жоймаған.
Басылымдардың мәліметінше, Telegram балалар порнографиясына қатысты 1369 арнаны, чат пен ботты, есірткіге қатысты 3771 арнаны, суицидке қатысты 2666 арнаны, сондай-ақ «кәмелетке толмағандарды заңсыз әрекеттерге тартуға» байланысты 2124 арнаны өшірмеген. ІІМ мен ФСБ деректеріне сүйене отырып, авторлар 2022 жылдан бері Telegram қандай да бір түрде 153 мың қылмысқа қатысты болғанын, оның ішінде 33 мыңы «диверсиялық-террористик және экстремистік бағыттағы» қылмыстар екенін жазады.
Террористік әрекетке жәрдемдесу бабы бойынша (РФ Қылмыстық кодексінің 205.1-бабы, 1.1-бөлігі) Дуровқа сегіз жылдан бастап өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қаупі төнуі мүмкін.
Бұл жағдай Ресейде осы жылдың 1 сәуірінен бастап Telegram-ды толық бұғаттау мүмкіндігі туралы қызу талқылаулар аясында орын алуда. Мессенджердің бұғатталуы туралы Baza телеграм-арнасы өз анонимді дереккөздеріне сілтеме жасап хабарлаған болатын.
Ресей Федерациясының билік өкілдері бұл мәселеге қатысты түрлі пікір білдірді кейде шенеуніктер мен депутаттардың көзқарастары бір-біріне мүлдем қайшы келді. Қалай болғанда да, Павел Дуров платформасының ресейлік пайдаланушылары мұндай жаңалықтарға алаңдаушылық білдіруде.