Inform.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..
Ертіс-Баян өңіріндегі мемлекеттік орман қоры – 478,7 мың гектар. Оның 312,1 мың гектары орманмен көмкерілген.
Орман шаруашылығы саласында облыс әкімдігіне қарасты үш орман қорғау мекемесі жұмыс істейді. Сонымен қатар өңірде екі республикалық табиғат қорғау мекемесі бар: «Ертіс орманы» резерваты және Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркі.
– Өңір ормандарында негізінен қарағай, қайың, көктерек, терек, тал және жөке ағаштары кең таралған. Әсіресе Ертіс бойындағы қарағайлы алқаптар аймақтың табиғи байлығы саналады. Қазіргі таңда табиғат қорғау мекемелерінде төрт тәлімбақ жұмыс істейді. Оның үшеуі «Ертіс орманы» аумағында, біреуі Баянауыл ұлттық паркінде орналасқан. Алайда олар облыстың көшеттерге деген жылдық сұранысын толық қамтамасыз ете алмайды. Сондықтан қажетті көшеттер сырттан сатып алу және уақытша тәлімбақтар ұйымдастыру арқылы қамтамасыз етіледі, - дейді Павлодар облысының жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Сағын Төлеутаев.
Мамандардың айтуынша, биыл жалпы аумағы 1250 гектар жерге 7,8 миллион көшет отырғызу көзделген. Оның басым бөлігі – қылқан жапырақты қарағай мен қатты ағаш тұқымдас қарағаш. Қазіргі уақытта көктемгі орман отырғызу науқанына дайындық жүріп жатыр. Тиісті конкурстық рәсімдер өткізіліп, отырғызу материалы дайындалып жатыр.
– Мемлекет басшысының тапсырмасы мен ормандарды молықтыру бойынша бекітілген кешенді жоспар шеңберінде 2021 жылдан бастап мемлекеттік орман қоры айтарлықтай ұлғайып келеді. Тек былтыр аймақта 1150 мың гектар алқапқа қылқан жапырақты және жапырақты тұқымдылардың 6,5 млн көшеті отырғызылған, - деп қосты С.Төлеутаев.
Ормандарды сақтау тек ағаш отырғызумен шектелмейді. Ауруға шалдыққан, зақымданған немесе қураған ағаштарды уақтылы анықтап, санитарлық кесу жұмыстарын жүргізу – орманның экологиялық тепе-теңдігін сақтаудың маңызды бөлігі. Облыста іріктеп және жаппай санитарлық кесу жұмыстары тұрақты түрде жүргізіледі.
Мамандар орман өрттері мен заңсыз ағаш кесу деректері негізгі мәселе болып отырғанын айтады. Әсіресе құрғақшылық жылдары өрт қаупі күшейеді. Осыған байланысты алдын алу шаралары күшейтілген. Соңғы жылдары орман шаруашылықтарының материалдық-техникалық базасы да едәуір нығайған. 2022–2025 жылдары 5 өрт автоцистернасы, 8 трактор, 10 шағын өрт кешені, 33 мотоцикл және өзге де арнайы техника сатып алынған. Биыл тағы 47 техника алу жоспарланып отыр. Сонымен қатар 2022 жылдан бастап орман шаруашылығы мамандарының жалақысы кезең-кезеңімен өсіріліп келеді. Бұл – саладағы кадр тапшылығын азайтуға және мамандарды ұстап қалуға бағытталған шара.
Еске сала кетейік, Қызылордадағы орман алқабын 83% сексеуіл алып жатыр.