Павлодар облысында жабайы шошқалар үйірі әуеден байқалды

30.09.2026

Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..

Павлодар облысында әуе мониторингі кезінде қабандар үйірі видеоға түсіп қалды. Ролик әлеуметтік желі қолданушыларының назарын аударды, деп хабарлайды Tengri Travel.

"Әуе мониторингі"

Видеоны Баянауыл ұлттық паркі Instagram-дағы парақшасында жариялады. Кадрлардан қабандардың шағын үйірі орман ішіне қарай қашып бара жатқанын көруге болады.

"Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде аумақты кезекті әуеден бақылау кезінде жабайы қабандар тобы видеоға түсірілді. Әуеден жүргізілетін бақылау ұлттық парк аумағын шолып, табиғи ортадағы жануарлардың қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді. Бұл жолы мамандардың назарына орманды алқап арасында жүрген қабандар ілікті", - деп хабарлады ұлттық парк.

Instagram-дағы бұл жазбаны көру

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті бөліскен жазба (@qazaqormany)

Ұлттық парктің кейінгі мәліметтері бойынша, оның аумағында 90-ға жуық жабайы қабан мекендейді.

Баянауыл ұлттық паркі

Ұлттық парк 1985 жылғы 12 тамызда құрылған. Ол Павлодар облысының оңтүстігінде, Екібастұздан шамамен 100 шақырым жерде орналасқан.

Парктің ауданы 68 452,8 гектар. Оның аумағында биіктігі 400-ден 1027 метрге дейінгі таулар, сондай-ақ Сабындықөл, Жасыбай, Торайғыр және Біржанкөл атты төрт ірі тұщы көл бар.

Парк аймақтың табиғаты мен жануарлар дүниесін сақтау мақсатында құрылған. Мұнда өсімдіктердің 460-тан астам түрі, құстардың 50-ге жуық түрі және сүтқоректілердің 40 түрі кездеседі.

Олардың ішінде сирек кездесетін және қорғалатын түрлер бар, атап айтқанда: арқар, бүркіт, тазқара, ақбас құмай, ителгі, үкі, бұйра бірқазан, сыбырлақ аққу, қара дегелек, ақбас тырна, қарабас өгізшағала және безгелдек.

Айта кетейік, жақында Баянауыл ұлттық паркінде орнатылған фототұзаққа бұландар түсіп қалған болатын.

Сонымен қатар таяуда Қарқаралы ұлттық паркіндегі фототұзаққа қасқыр ілікті. Жыртқыш бұған дейін бүркіт балапандары мен маралдар таспаланған аумақта байқалған.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз

Қосу

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью