Inform.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Аймақтағы комиссиялар ҚР жаңа Конституциясы бойынша жалпыұлттық референдумды бастап кетті. 520 референдум учаскесінің әрқайсысы қажетті жабдықтармен: жасырын дауыс беру кабиналарымен, бюллетеньдерге арналған жәшіктермен, республикалық референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімдерімен және әрбір азамат өз қалауы бойынша жаңа Конституция жобасымен таныса алатын ақпараттық стендтермен жабдықталған.
– Өңір бойынша шамамен 500 мыңдай адам дауыс беру құқығына ие. Тізімде 26 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі жан тіркелген болса, олардың ішінде 3200 адамға ерекше жағдайлар қажет. Арбаға таңылғандар 305 референдум учаскесінде, көру қабілеті нашар дауыс берушілер 365 учаскеде, ал есту қабілеті нашар дауыс берушілер 293 учаскеде дауыс бере алады. Учаскелердің басым бөлігі пандустармен жабдықталып, арнайы бағыттағыштар орнатылған. Сондай-ақ көру қабілеті бұзылған сайлаушылардың дауыс беруге өз бетінше қатысуына мүмкіндік беретін Брайль шрифтімен жазылған 520 бюллетень трафареті дайын тұр, - дейді облыстық аумақтық референдум комиссиясының төрағасы Гүлнар Аманжолова.
Кей азаматтар денсаулығына байланысты үйден дауыс беруді қаласа, сағат 12.00-ге дейін тиісті референдум учаскесіне хабарласып, өтініш қалдыра алады. Мұндай жағдайда комиссия өкілдері тұрғынның үйіне бюллетенді алып барады. Тұрақты тіркеуі жоқ азаматтарға Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларындағы 6 референдум учаскесінде бір күнге тіркеліп, таңдауын жасауға мүмкіндік бар. Бүгін аталған үш қаладағы қоғамдық көліктер жолаушыларды тегін тасымалдайды. Сондай-ақ инватаксилер тегін қызмет көрсетеді.
Еске сала кетейік, Референдум күні Павлодарда 1,5 мыңнан астам тәуелсіз бақылаушы қызмет етеді.