Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Тәртіп сақшыларының айтуынша, әлеуметтік желілер мен цифрлық коммуникациялардың қарқынды дамуының әсерінен тек қарым-қатынас форматы ғана емес, қылмыстың сипаты да өзгеру үстінде. Бүгінгі таңда ең алаңдататын мәселелердің бірі - сталкинг, яғни адамның жеке шекарасына заңсыз қол сұғушылық, қыр соңына түсу. Мұндай сипаттағы қылмыстар көбіне онлайн кеңістікте басталып, кейін нақты қауіпке айналуы мүмкін.
- Сталкинг деректерінде көбіне құрбандар – әйел адамдар. Мысал үшін Ақсу қаласында ер адам ұзақ уақыт бойы әлеуметтік желілерде әртүрлі жалған аккаунттар жасап, қыз бала туралы жалған ақпарат таратқан. Яғни ондағы ақпараттар қыз интимдік қызмет көрсетеді дегенге меңзеген. Сондай-ақ ол жәбірленушіге әртүрлі нөмірлерден қорқыту хабарламаларын жіберген, - дейді Павлодар облысы полиция департаменті басшысының орынбасары Сафуан Жампейісов.
Ұқсас жағдай Павлодар қаласында да тіркелген. 29 жастағы ер адам әлеуметтік желілер арқылы қыздың соңына түскен. Ал Екібастұзда әйелге бұрынғы күйеуі WhatsApp мессенджері арқылы денсаулығына зиян келтіремін деп жазып қорқытқан.
- Сталкинг деректері бойынша қылмыстық іс қозғалды. Барлық күдіктілер анықталып, полиция бөлімшелеріне жеткізілді. Тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде. Адамның жеке шекарасы мен қауіпсіздігін бұзу қылмыс екенін әркім түсінуі керек, - дейді департамент өкілі.
Еске сала кетейік, СҚО-да сталкинг дерегі бойынша алғашқы үкім шықты.