Qazaq24.com, 7kun.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
Павлодар облысында бірнеше жылдан бері жалғасқан ірі салық дауына кассациялық сот нүкте қойды.
Прокуратураның наразылығынан кейін сот қосылған құн салығы (ҚҚС) бойынша жүргізілген қосымша есептеуді заңды деп таныды.
Іс "СПЕЦСТРОЙ Групп ЛТД" ЖШС-не қатысты қаралды. Компания бұрынғы "ПАВЛОДАР-СПЕЦСТРОЙ", "ГЕРМЕС-ПВ" және "Көкшетау жол-пайдалану учаскесі" кәсіпорындарының құқықтық мұрагері болып саналады.
Қайта ұйымдастыру нәтижесінде серіктестікке 138 миллион теңгеден астам қосылған құн салығының қалдығы беріліп, салықтық артықшылық қалыптасқан. Осыған байланысты мемлекеттік кірістер органы түзету жұмыстарын жүргізіп, аталған соманы қосымша есептеген.
Алайда кәсіпорын салық органының шешімімен келіспей, сотқа жүгінген. Нәтижесінде бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар компанияның талабын қанағаттандырып, оның пайдасына шешім шығарған.
Кейін іс Бас прокуратураның наразылығы негізінде кассациялық сотта қайта қаралды. Сот төменгі инстанциялар қабылдаған шешімдердің күшін жойып, серіктестіктің талаптарын қанағаттандырудан бас тартты.
Осылайша кассациялық сот салық органының әрекеттерін заңды деп танып, қосымша есептелген 138 миллион теңге көлеміндегі ҚҚС бойынша шешімді күшінде қалдырды.
Қадағалау органының мәліметінше, бұл шешім әділ салық салу қағидаттарын сақтауға және мемлекет мүддесін қорғауға мүмкіндік берген.
Сонымен қатар кассациялық сот тағы бір салық дауы бойынша шешім шығарды. Атап айтқанда, "ҚазБитумСервис" ЖШС-не қатысты 7 миллион теңге көлеміндегі қосымша салық есептеуі де заңды деп танылды.
Мамандардың пікірінше, аталған сот шешімдері салық заңнамасын қолдану тәжірибесін біріздендіруге және бюджет кірістерінің сақталуын қамтамасыз етуге ықпал етеді.