Inform.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Облыстық жедел жәрдем стансасының ақпарынша, түстен бері 4 ірі жол-көлік оқиғасы болып, бірнеше адам зардап шеккен.
— Павлодар-Ақсу автожолындағы жаңа көпірде бірден 5 көлік соқтығысты. Оқиға орнында 3 жедел жәрдем бригадасы мен Апаттар медицинасы орталығының бригадасы жұмыс істеді. 1969 және 1981 жылы туған ер адамдар тексерілуден бас тартты, ал 1985 жылғы тағы бір зардап шегуші дене жарақаттарымен Павлодар қалалық № 1 ауруханасына жеткізілді. Сондай-ақ Шарбақты көпіріндегі жол апатынан кейін аталған ауруханаға 40 жас шамасындағы ер адам жеткізілді. Зардап шегушінің миы шайқалған, — деп хабарлады жедел жәрдем қызметінен.
Облыс орталығындағы жол апатынан 4 адам зардап шеккен. Жарақат алған 1987 жылғы әйел адам қалалық № 1 ауруханаға жатқызылған.
Ал Павлодар қаласындағы көшелердің бірінде 37 жастағы ер адамды постамат басып қалған. Зардап шегуші травматологиялық пунктке жеткізілген. Дүлей дауыл Баянауыл ауданын жарықтан ажыратып тастаған. Аудан бойынша тек Майқайың кентінде электр жарығы бар. Аудан бойынша энергетикалық мекемеде 8 мыңға жуық абонент тіркелген.
— Аудан бойынша ат құлағы көрінбейтін боран соғып тұр. Сондықтан энергетикалық мекеменің қызметкерлерін зақымданған жерлерді іздеп, қалпына келтіру жұмыстарына әзірше жібермей отырмыз. Ең бастысы — адамдардың өмірі сақталуы керек. Ауа райы дұрысталған соң жөндеу бригадасы ақауды іздеуге аттанады. Болжам бойынша Майқайың — Баянауыл ортасындағы электр желілерінің бірі үзілген, — дейді аудан әкімі Ардақ Кісентаев.
Ауа райының күрт бұзылуына және жазатайым оқиғалардың артуына байланысты полиция, төтенше жағдайлар және 103 қызметтері тұрғындарға сақ болу қажеттігін ескертіп отыр.
— Ұзақ сапарға шығудан бас тартуды ұсынамыз. Көшеге шыға қалсаңыздар жарнама тақталарынан, биік ағаштар мен тұрақсыз конструкциялардан аулақ болыңыздар. Ал жүргізушілер арақашықтық пен жылдамдық режимін қатаң сақтауы керектігін ескертеміз. Боран уақытында және кептеліс жағдайында шұғыл қызметтердің келу уақыты ұзаруы мүмкін екенін ұмытпаңыздар. Сондықтан сіздердің жеке сақтықтарыңыз -қауіпсіздіктің кепілі, — дейді облыстық жедел жәрдем стансасы басшысының орынбасары Ирина Мищенко.
Еске сала кетейік, ауа райына байланысты екі өңірде көлік қозғалысы шектелді.