Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..
Семей гарнизонының әскери сотының үкімінде алаяқтық жасаудың төрт эпизоды көрсетілген. Қызметтік іс-әрекетті ұйымдастыру бөлімінің офицері алғаш рет 2023 жылдың күзінде шақырылушыдан бір миллион теңге алған. Ал 2024 жылдың маусым айында бір миллион, одан соң сол жылдың қазан айында 1,4 миллион теңге алған. Ақша алудың соңғы дерегі 2025 жылдың шілдесінде тіркелген. Соңғы рет «көмек» әскери жиынға шақырылған запастағы павлодарлыққа қажет болған.
Нәтижесінде ақша берген шақырылушылардың барлығы әскери қызметке алынбаған. Бірақ олардың бармай қалуына департамент офицерінің ешқандай ықпалы болмаған. Шақырылушылар жай ғана медициналық комиссиядан өтпей қалған. Олар өздерінің алданғанын түсініп, Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментіне жүгінеді.
— Сотталушы үкімнің сипаттамалық бөлігінде көрсетілген жәбірленушілердің мүлкін жымқыру уақытын, орны мен тәсілін толық растады. Ол барлық ақшалай қаражатты жымқырғанын түсіндірді. Тағылған айыпты, ақша сомасын дауламайды және жасаған ісіне толық өкінеді. Қазіргі уақытта жәбірленушілерге келтірілген материалдық шығынды толық өтеп, олардан кешірім сұрады. Сондай-ақ соттан бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды сұрады, — делінген Семей гарнизоны әскери сотының үкімінде.
Сот тараптарды тыңдап, дәлелдемелерді зерттей келе, офицердің кінәсі дәлелденді деген қорытындыға келді. Сот үкімімен Павлодар облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің 31 жастағы бұрынғы қызметкеріне алынған соманың 8 еселенген мөлшерінде айыппұл тағайындалды. Оның сомасы 29 миллион теңгеден асады. Бұл соманы кінәлі тұлға жарты жыл ішінде төлеуі тиіс.
Еске сала кетейік, Павлодарда екі полицейді тістеп алған ер адам сотталды.