Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
Жергілікті түзеу мекемелері мен колонияларда жазасын өтеп жатқандардың 75 %-ы өндіріс орындарында еңбек етуге мүмкіндік алған. Мамандардың айтуынша, бұл тәртіпті нығайтып, жауапкершілікті арттыруға ықпал етеді.
Өңірде сотталғандарды қайта әлеуметтендіру жобасының жүзеге асырылып жатқанына екі жыл өтті. Осы кезең ішінде жоба өзінің тиімділігін дәлелдеген.
- Бірлескен күш-жігердің арқасында 1200-ден астам сотталушыны жұмыспен қамтыдық. Келешекте өндіріс ауқымын кеңейтіп, қосымша жұмыс орындарын ашуға күш саламыз. Жергілікті атқарушы органдармен де тығыз байланыс орнаған. Павлодардың түзеу мекемелерінде жаңа жұмыс орындарын ашу үшін кәсіпкерлермен 13 келісімшарт жасалған. Қосымша цехтар салуға дайындық жүріп жатыр, - дейді облыс прокурорының орынбасары Ербол Ысқақов.
Облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бастығының орынбасары Асқар Серғазиннің айтуынша, облыс мекемелерінде 2300 адам жазасын өтеп жатыр.
«Сотталғандарды жұмыспен қамту деңгейін арттыру – біздің негізгі мақсатымыз. Бұл көрсеткішті шамамен 90 %-ға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз», - дейді ол.
Мәселен №46 түзеу мекемесінде тігін цехтары, жиһаз, металл конструкциялар және құрылыс материалдарын өндіру учаскелері жұмыс істейді. Еңбекақы сотталғандарға сот міндеттемелерін орындауға мүмкіндік береді. Жыл басынан бері олардың шотына талап-арыздар мен алименттерді өтеу үшін бес миллионнан астам теңге аударылған.
Еске сала кетейік, Павлодарда түзеу мекемесінің қызметкері пара алғаны үшін 6 жылға сотталды.