Sputnik.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
АСТАНА, 24 қазан – Sputnik. Павлодарда үш жасар қыздың өмірі үшін дәрігерлер күресіп жатыр. Туысының айтуынша, бала тісін емдету кезінде есінен танып қалған. Қазір ол облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Оқиға туралы қыздың туысы әлеуметтік желіде жазды. Оның айтуынша, 21 қазанда стоматологияда тісін емдетіп отырған жиенінің жағдайы күрт нашарлаған. Баланың көзі шарасынан шығып, тыныс алуы қиындаған.
Туысының сөзінше, анасының шыр-пыр болғанына қарамастан, стоматолог емді тоқтатпай, "қазір басылады" деп сендірген. Әйелдің мәлімдеуінше, клиника қызметкерлері алғашында жедел жәрдем шақыру туралы өтінішке бірден әрекет етпеген. Кейін жедел жәрдемді көрші кабинеттегі медбике шақырған.
Туысының айтуынша, қыз есінен танып, аузынан көбік аққан.
"Жедел жәрдем көлігінде баланың жүрегі тоқтап қалды. Облыстық балалар ауруханасында да жүрегі қайта тоқтаған", – деп жазды әйел.
Ол қыздың үш тәулік бойы ес-түссіз жансақтау бөлімінде жатқанын және өкпені жасанды желдету аппаратына қосылғанын айтты.
Стоматологияның жауабы
Клиника өкілдері барлық медициналық процедура бекітілген хаттамаларға сәйкес жүргізілетінін мәлімдеді. Сондай-ақ оқиғаның мән-жайы мен себептерін анықтау үшін ресми тексеру басталғанын хабарлады.
"Ресми тексеру аяқталғанға дейін клиника қызметкерлерінің кінәсі туралы қандай да бір қорытынды жасауға әлі ерте", – делінген стоматологияның түсініктемесінде.
Клиника науқастың емделуіне қатысты егжей-тегжейлі ақпарат беруден бас тартты. Мұны медициналық құпия мен пациенттің дербес деректерін қорғау қажеттілігімен түсіндірді.
Денсаулық сақтау басқармасы не дейді?
Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 2023 жылы туған қыз 21 қазанда сағат 15:45-те жедел жәрдеммен облыстық балалар ауруханасына жеткізілген. Бала бірден жансақтау бөліміне жатқызылған.
"Бала жансақтау бөліміне аса ауыр жағдайда түсті. Қазіргі уақытта қыз өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған, қарқынды ем қабылдап жатыр", – деп хабарлады басқарма.
22 қазанда павлодарлық дәрігерлер "Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы" (UMC) мен Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының мамандарымен телемедициналық кеңес өткізіп, алдағы емдеу тактикасын пысықтаған. Ауруханада күн сайын консилиум ұйымдастырылып, баланың жағдайы бақылануда. Жағдайды облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы жеке бақылауына алған.
Ведомствоның ресми түсініктемесінде баланың комаға түскені және жүрегі екі рет тоқтағаны туралы ақпарат нақтыланбаған.
Қазір оқиғаның мән-жайын құқық қорғау органдары анықтап жатыр. Тексеру нәтижесі бойынша құқықтық баға беріледі.