Павлодарда төрт мұз өткелі жұмыс істеп тұр

26.01.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..

Ертіс өзеніндегі мұз өткелдерінің төртеуі ғана ресми түрде ашылған. Қалғаны мұздың жұқалығына және тиісті рұқсаттың алынбауына байланысты жабық тұр.

— Қазіргі уақытта Аққулы ауданының Ямышев, Тереңкөл ауданының Тереңкөл, Песчан, Береговое ауылдары маңындағы мұз өткелдері толықтай жабдықталып, қызмет көрсетіп тұр. Бүгіннен бастап Павлодар ауданының Жаңақала ауылы маңындағы мұз жолы жабылды. Ал Май ауданында алдағы күндері бір мұз өткелі ашылады деп жоспарланған. Қалған өткелдер ауа райына, мұздың қалыңдығына және ауыл халқының қажеттілігіне байланысты ашылады, — деп хабарлады Kazinform тілшісіне өңірлік төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының офицері Темірлан Жапалбай.

Ішкі істер министрлігінің 2015 жылғы 19 қаңтардағы № 34 бұйрығына сәйкес, мұздың қалыңдығы 25 сантиметрден асса, автокөліктердің өтуіне, 10 сантиметрден асса, жаяу адамның жүруіне рұқсат беріледі.

Фото: Павлодар облысы ТЖД

Бірақ бұйрықта өткелдерден түсетін жерлерде екі жақтан да орнатылған қалқандарда арнайы қысқы құрал-жабдықтар (ілгектер, сатылар, құтқару шеңберлері, бөренелер) қойылуы керектігі ескертілген.

Бұған қоса кіреберістерде өткелдің атауы, жұмыс уақыты және оны құру мен ұстауға жауаптылардың деректері көрсетілген маңдайшалар орнатылады. Әрі ол жердегі мұздың қалыңдығы күніне 2 рет өлшенуі тиіс.

Фото: Павлодар облысы ТЖД

«Қазгидромет» РМК Павлодар филиалының ақпарынша, Ертіс өзеніндегі гидрологиялық бекеттерде мұздың қалыңдығы 40-тан 58 сантиметрге дейін жетіп тұр. Мамандар мұздың қалыңдығы өткен жылдың деңгейінде екенін айтады.

Ал Су ресурстары комитетінің су ресурстарын пайдалану және қорғау жөніндегі «Ертіс» бассейндік инспекциясының өкілдері өзенге су жіберудің тәуліктік нормасы сақталып тұрғанын хабарлады.

Мамандардың сөзінше, Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарындағы су қоймаларынан Ертіс өзеніне су жіберу қысқы уақытта да жалғаса береді. Өзеннің төменгі ағысында орналасқан біздің өңір үшін бұл аса маңызды.

Фото: Павлодар облысы ТЖД

— Шүлбі су қоймасынан орташа есеппен секундына 650 текше метр су жіберіліп жатыр, ол әдеттегі нормаға сәйкес келеді. Ал Бұқтырмадан су жіберу көлемінің маусымдық нормасы 500 текше метр болса, қазір ол 650 текше метрге дейін ұлғайтылған. Бұл Шүлбідегі су деңгейін ұстап тұрумен байланысты болып отыр. Өзендегі су көлемінің күрт артуына немесе кеміп кетуіне Шүлбі су қоймасы ерекше әсер етеді. Ондағы судың деңгейі шамамен Балтық теңізі деңгейінен 239-240 метрде ұсталады. Бұл қауіпсіз деңгей. Деңгей 241-242 метрге дейін өссе, ол қауіпті деген сөз. Бүгінде барлық көрсеткіш қалыпты деңгейді көрсетіп отыр. Ертіс өзенінде су деңгейінің ұлғаюы күтілмейді. Мұз өткелдеріне ешқандай қауіп жоқ, — дейді «Ертіс» бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары Елеусіз Қамбаров.

Былтырғы желтоқсан айында Ертіс өзенінде мұз қабаты мейлінше жұқа болуына байланысты мұз өткелдері ашылмай отырғанын жазғанбыз

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью