Qazaq24.com, Sputnik.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
АСТАНА, 15 шілде – Sputnik. Павлодар қаласында алаяқтардың сөзіне сенген зейнеткерлер банк бөлімшесінде петарда тұтатқан.
Оқиға бүгін саған 16:00 шамасында болған.
Банктердің бірінде пиротехникалық бұйымның жарылғаны туралы полицияға хабарлама түскен. Оқиға салдарынан екі зейнеткер жеңіл жарақат алды, дейді полиция.
Анықталғандай, зейнеткерлер телефон алаяқтарының құрбаны болған. Бұған дейін олар жалған инвестициялық жобаларға ақша салып, қомақты қаржысынан айырылған. Аталған факті бойынша полиция тергеу жүргізіп жатыр.
"Соған қарамастан, алаяқтар жәбірленушілермен қайта байланысқа шыққан. Бұрын салынған қаражатты қайтарып береміз деген желеумен және психологиялық қысым көрсету әдістерін пайдаланып, олар зейнеткерлерді торт пен петарда сатып алуға көндірген. Алаяқтардың нұсқауын орындаған зейнеткерлер торттың ішіне салынған петарданы тұтатқан", - дейді Павлодар облысы полиция департаменті.
Аталған факті бойынша бірқатар қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілерді анықтау және ұстау мақсатында жедел-іздестіру іс-шаралары жалғасып жатыр.
Полиция азаматтарды барынша қырағы болуға шақырады.