Павлодарда Жанбике Шанинаның портреті сақталып тұр

18.04.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..

Бұқар жырау музейінде ұзақ жылдар елеусіз жатып қалған аса құнды һәм бірегей жәдігердің бірі – Жанбике Шанинаның портреті. Қазақ өнерінде өзіндік із қалдырған Жанбике Шанина қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері Жұмат Шанинның жұбайы. Әлгі сурет Мұхтар Әуезовтің «Қарагөз» пьесасында Қарагөз рөлін сомдаған киімінде салынған. Авторы белгісіз суретті музейге Ж.Шанинаның сіңілісі Мағзия Төлеубекова 1992 жылы тапсырған екен. Сурет арада 19 жыл өткенде, 2021 жылы ғана көпшілік назарына ұсынылды.

Жанбике Шанина 1900 жылы қазіргі Қарағанды облысы Қазыбек би ауданына қарасты Шөптікөл ауылында дүниеге келген. Жастайынан әнге бейімділігімен ерекшеленген ол өнер жолына Қазақ ұлттық театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі, Қазақ КСР-нің халық әртісі Жұмат Шаниннің ықпалымен келген. Жұмат Шанин 1917 жылы Қарқаралы қаласына келіп, уездік кооперативте бухгалтер қызметін атқарады. Сол кезеңдегі сауық кештерінің бірінде ол өнерпаз әрі көрікті Жанбикемен танысып, екеуі отбасын құрады.

Жұмат Шанин жұбайы Жанбикені театр қызметіне тартып, актерлік өнердің қыр-сырын меңгеруге жәрдемдеседі. Өнерге құштар Жанбике театр сахнасында түрлі рөлдерді сомдап, кәсіби шеберлігін шыңдай бастайды.

1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне Темірбек Жүргенов, Сәкен Сейфуллин, Жамбыл Жабаев, Күләш Байсейітова бастаған көрнекті мемлекет және мәдениет қайраткерлерімен бірге Жұмат Шанин мен Жанбике Шанина да аттанады. Осы сапарда олардың омыраудағы баласы Аян жол үстінде шетінеп, үлкендер ерлі-зайыптыны елге қайтуға үгіттейді. Алайда Жұмат Шанин «Өлер бала өлді, бала біздікі, бірақ қазақ өнері өлмесін» деп сапарды тоқтатпау туралы шешім қабылдайды. Сәбиді Мәскеудегі мұсылмандар зиратына жерлейді. Онкүндік барысында Жұмат Шаниннің режиссурасымен «Жалбыр» және «Қыз Жібек» опералары қойылып, Қыз Жібек бейнесін сомдаған Күләш Байсейітованың және Төлегеннің анасы Қамқа рөліндегі Жанбике Шанинаның шеберлігі көрермен тарапынан жоғары бағаланады.

1937 жылы Жұмат Шанинге «халық жауы» деген жалған айып тағылып, тұтқындалды. Ал 1938 жылы 26 ақпанда тергеусіз және сотсыз ату жазасына кесілген. Сол кезеңдегі НКВД-ның 1937 жылғы 15 тамыздағы №00486 бұйрығына сәйкес «отанын сатқандардың» отбасы мүшелеріне қарсы қуғын-сүргін жүргізіліп, 1938 жылы Жанбике Шанина да қамауға алынып, сегіз жылға сотталады. Ол «АЛЖИР» лагерінде ауыр жағдайларды бастан өткереді.

Жанбике Шанинаның ең үлкен үміті ұлы Раупбекте болған еді. Алайда Раупбек Мәскеу өнер институтын скрипка мамандығы бойынша үздік бітіргенімен, анасының қамауға алынуының ауыр зардабынан 1939 жылы қайтыс болады.

Ал актрисаның өзі 1946 жылы босатылып, Қарағандыдағы сіңлісі Мағзияның қолына келеді. Осы жерде тігін фабрикасына жұмысқа орналасады. Алайда ұзақ жылдар бойы өткен ауыр азаптың салдарынан өкпе ауруына шалдығып, 1958 жылы дүниеден озады.

Мамандар картина шамамен 1928-1930 жылдары салынуы мүмкін екенін айтады.

Бұған дейін Мәшһүр Жүсіптің бейнесі қалай сақталып қалғаны туралы қызықты материал жариялағанбыз. 

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью