Inform.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
Пентагон басшысы Пит Хегсет АҚШ пен Израильдің әрекеттері Иранның АҚШ қарулы күштері мен әлемдегі америкалық мүдделерге бағытталған көпжылдық шабуылдарына жауап болғанын мәлімдеді.
– Біз бұл соғысты бастаған жоқпыз, бірақ президент Трамп тұсында оны аяқтаймыз. Бұл режимді ауыстыру соғысы емес, алайда режим өзгеруі тиіс және әлем бұдан ұтады. «Америкаға өлім» және «Израильге өлім» деп ұрандатқан режим «Америкадан ажал» және «Израильден ажал» құшты, – деді Пит Хегсет.
Оның айтуынша, АҚШ-тың негізгі мақсаттары – Иранның шабуылдаушы зымырандарын, зымыран өндірісін, әскери-теңіз күштерін және қауіпсіздік инфрақұрылымын жою, сондай-ақ елдің ядролық қаруға ие болуына жол бермеу.
Хегсет қақтығыстың созылатыны туралы болжамдарды жоққа шығарғанымен, нақты мерзімін де атаған жоқ. Ол Иран аумағында америкалық құрлық әскерлері жоқ екенін растады, бірақ болашақ әрекеттерге қатысты жан-жақты түсініктеме бермейтінін айтты.
– Біз иран халқы бұл мүмкіндікті пайдаланады деген үміттеміз. Президент Трамп олардың уақыты келгенін айқын жеткізді, – деді Пентагон басшысы.
Хегсет әскери қимылдар адам шығынына әкелетінін атап өтті.
– Соғыс – тозақ, бұл әрдайым солай болады. Біз қаза тапқан төрт америкалықтың және жараланғандардың құрметіне тағзым етеміз, – деді ол.
Бұған қоса, АҚШ Қарулы күштері штаб бастықтары біріккен комитетінің төрағасы Дэн Кейн Ирандағы әскери мақсаттарға жету күрделі болатынын және қосымша күш-жігерді талап ететінін мәлімдеді.
Оның айтуынша, операцияның бастапқы кезеңінде Иранның басқару және бақылау инфрақұрылымына, әскери-теңіз күштеріне, баллистикалық зымыран позицияларына және барлау жүйелеріне соққы жасалған. Бұл қарсы тараптың әрекеттерін үйлестіру және жауап беру мүмкіндігін шектеуге бағытталған.
Сондай-ақ Кейн әскери шығындарды бағалау үшін уақыт қажет екенін, ал болашақтағы мақсаттарды анықтау кезінде бұл деректер ескерілетінін айтты.
Бұған дейін Дональд Трамп Иранға қарсы ауқымды әскери операция басталғанын жариялаған болатын.