Пептидтік терапия: медициналық төңкеріс пе, әлде бизнес пе?

01.09.2026

Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..

Иә, пептидтер спортта, косметологияда және медицинада ең көп талқыланатын тақырыптардың біріне айналды. Біз пеп­тидтердің ағзадағы маңызы мен қазіргі «трендке» айналған тұстарына тоқталуды жөн көреміз. Пептидтер – аминқышқыл­дарының тізбегінен тұратын кішігірім молекулалар. Олар өз құрамындағы амин­қышқылдарының санына қарай екі үлкен топқа бөлінеді: біріншісі, олиго­пептидтер, тізбегі қысқа дипептидтер, трипептидтер, тетрапептидтер. Көбіне спортта және косметологияда белсенді түрде қолданылады. Екіншісі, полипеп­тидтер, тізбегі ұзағырақ, құрамындағы аминқышқылдары 20-дан асады. 

Қазір артық салмақтан лезде арылу үшін пептидтердің екінші тобына жататын полипептидтерді бақылаусыз қолдану трендке айналған. Аминқышқылдарының тізбегінен тұратын кішкентай молекула­ларды денеге уколмен енгізген соң, олар іштегі клеткаларға барып: «Метаболизмді жеделдет», «Тамаққа деген тәбетті бас», «Майды өрте» деген сияқты команда береді. Жалпы, бұл уколдардың маркетинг жұмысы керемет жолға қойылған: «Диета ұстамайсыз, қиналып жаттығу жасамайсыз, аптасына бір рет укол саласыз, сонымен бір не екі айдан соң арықтайсыз». Әлеуметтік желілерден «арықтау» деп іздеп қалсаңыз, алдыңыздан пептидтің жарнамасы атып шығады. «1 айда 10 келі тастатқан сиқырлы дәрі», «Голливуд жұлдыздарының арықтау сыры» деген жарнамалар кез келген адамды еліктірері сөзсіз. Соның бәрінің айтып жүргені – пептидтер мен арнайы инъек­циялар.

Жарнама демекші, оның құрбанына айнала жаздағандар да бар. Астаналық Самал (атын өзгерттік) әлеуметтік желі арқылы пептидтік терапияның жарнамасын көріп, соны жарнамалаған орталыққа барады. Ол жерде Самалды УДЗ-дан өткізіп, бауыр, өт, ұйқыбезін тексерген дәрігер: «бауыр­ыңыз майланған, өтіңіз толып тұр. Ағзаңызда зат алмасу төмендеген. Сондықтан сізге пептидтік терапия қажет. Екі айда арықтатамыз. Егер қаржылай мүмкіндігіңіз болмаса, біз сізге 24 айға бөліп төлеуді ұсынамыз», – дейді. Кейіпкеріміз сыпайы қоштасып кетіп қалады. Айта кетейік, олардың бөліп төлеуге ұсынғаны – 900 мың теңгенің шамасындағы қызмет. Әрі дәрілер де ұсынған.

Пептидтердің әсер ету принципі 3 қадамнан тұрады: біріншісі, миды «алдайды». Асқазанға тамақ түскенде, бұл пептидтер миға «Мен тойдым, енді тамақ жеудің қажеті жоқ» деген сигнал жібереді. Тәттіге немесе майлы тағамға деген құмар­лық сиқырлы түрде басылады. Екіншісі, асқазанды баяулатады. Үшіншісі, зат алмасуды реттейді. Қандағы қант пен ин­сулин деңгейін қалыпқа келтіріп, ағза­ның артық майды жинауына жол бермейді.

Бұл терапияның танымал болуына әлеуметтік желімен қатар әлемдік жұлдыз­дардың ашық мойындауы да әсер еткенін айтуымыз керек. Мысалы, Tesla & X бас­шы­сы Илон Масктан оқырмандары қалайша қысқа мерзімде арықтағанын сұрағанда, ол жасырмай-ақ: «Интервалды аштық және Вегови (Wegovy/Семаглутид)», – деп жауап берген. 

Жылдар бойы артық салмақпен күресіп келген тележүргізуші Опра Уинфри де пептидті терапияны пайдаланғанын ашық айтты. Ол бұл әдісті «ерік-жігердің жоқ­тығынан құтқаратын құрал емес, меди­циналық көмек», – деп сипаттаған.

Алайда актер Стивен Фрай мен комедиант Эми Шумер сияқты жұлдыз­дардың жүрек айнуы мен әлсіздік сияқты ауыр жанама әсерлерге шыдай алмай, бұл терапияны тоқтатуға мәжбүр болғанын да ұмытпауымыз керек.

Шекараны қалай айқындауға болады?

Пептидтік терапия – нағыз меди­циналық төңкеріс пен миллиардтаған долларлық бизнестің тоғысқан жері. Яғни бір жағынан қарасаң, медицинадағы зор жаңалық, екінші жағынан, бизнестің нағыз өзі.

Медициналық жағынан алсақ, пептидтер – болашақтың дәрілері. Бұл – жай ғана маркетологтардың ойлап тапқаны емес, Нобель сыйлығы дәре­жесіндегі ғылыми жаңалықтың нәтижесі. Олар нақты нысанаға әсер етеді. Бұрынғы агрессивті дәрілер сияқты бүкіл ағзаны зақымдамайды. Пептид белгілі бір рецепторға кілт сияқты сәйкес келеді де, тек қажетті үдерісті (мысалы, инсулин бөлуді немесе клетканы реге­нерациялауды) іске қосады. 

Созылмалы ауруларды емдейді. GLP-1 пептидтері бастапқыда 2-типті қант диабеті мен 2,3-дәрежелі семіздікті емдеу үшін (инсульт, инфаркт қаупін 20%-ға азайту) ойлап табылды. Ол расымен де зат алмасу бұзылысын емдейді. Ағзаға табиғи жақын. Пептидтер біздің денеде табиғи түрде бар заттардың аналогы болғандықтан, дұрыс тағайындалса, тиімділігі өте жоғары.

Ал бизнес жағына өткеннен бастап нағыз «сұр зона» басталады. Арықтау тақырыбы әлемдегі ең өтімді тақырып­тардың бірі болғандықтан, пептидті қарапайым халыққа тауар ретінде ұсынған күні фармацевтикалық гиганттардың бәсекесі пайда болды. Мысалы, Novo Nordisk (Ozempic, Wegovy) және Eli Lilly (Mounjaro) сияқты компаниялардың капитализациясы пептидтердің арқасында триллион долларға жақындады. Бұл – фармацевтика тарихындағы ең табысты өнімдердің бірі екенінің көрсеткіші.

Сау ағзаға пептид керек пе?

Медицина саласында 20 жылдан астам тәжірибесі бар білікті дәрігер Күміс-ай Аташеваның айтуынша, пептидтер дегені-міз – GLP-1 (Глюкагон тәрізді пептид-1 / Glucagon-like peptide-1) және GIP (Глюкозаға тәуелді инсулинотропты полипептид / Glucose-dependent insulinotropic polypeptide) құрамы бар пре­параттар. Олар сатылымда Оземпик (семаглутид), Саксенда (лираглутид), Мунджаро (тирзепатид) атауларымен сатылады. Бұл препарат негізінен қант диабетімен ауыратын науқастарға арналған. Кейде семіздіктің ең ауыр сатысында қолдану ұсынылады. Бұлардың екеуі де – ағзаның табиғи «көмекшілері».

GLP-1 бұл қандағы қант көтерілген кезде ұйқы безін ынталандырып, қажетті мөлшерде инсулин бөлінуін қамтамасыз етеді. Ал мұны ұйқы безі сау, ағзасы инсулинді бөлуге қауқарлы адамдарға еккенде не болады? 

– Әрине, катастрофа осы жерде басталады. Тамақ босап шығуы баяулаған соң ол жерде жүрек айну, құсу секілді асқынулар пайда болады. Өзі бөлініп тұрған гормонды ынта­ландырған кезде ағзада конфликтті жағдай туындайды. Яғни ағза кейін өздігінен гормон бөлуі қасиетін бұзып алып, содан препаратқа өмір бойы тәуелділік туындауы мүмкін. Фармс­тратегияда Lifetime Value деген ұғым бар. Фармацевтикалық гиганттардың мақсаты пациентті біржолата сауықтыру емес, оны өмір бойы осы препаратқа тәуелді етіп қою. Бұл – миллиардтаған долларлық бизнес-стратегияның бірі, – деді маман.

Аташева сондай-ақ пептидтердің асқазан-ішек жолының бұзылуына алып келетін қаупін де айтты. Мысалы, асқа­занның босаңсуы мен тағамның шығуы шамадан тыс баяулаған соң, үнемі жүрек айну, құсу, іш өту және басқа да ауыр асқынулар пайда болмақ.

Жасанды саркопения немесе бұлшық еттің жоғалуын туындатады. GIP компоненті май тіндерінің алмасуына әсер етіп қана қоймай, ағзаның маймен қатар маңызды бұлшық ет массасын да тез жоғалтуына әкеледі. Ozempic Face феномені де сау ағзаға пептидтерді қолданудың «жемісі». Маман мұндай жолмен арыған адамдарды сырттай тану өте оңай екенін айтады. Оларда тері асты май қабаты мен бұлшық ет жұтаңдап, терінің серпімділігі нашарлайды да, бет салбырап қалады. 

– Қымбат әрі қауіпті «жеңіл жолды» таңдаудың қажеті жоқ. Егер сізде энергия жетіспесе, салмақ қосылып жатса, алдымен білікті терапевт-маманға барып, толық тексерістен өтіңіз. Ағзаңызға не жетпей жатқанын анықтаңыз. Нағыз тұрақты нә­тиже тек мәселенің түбірін шешіп, қажетті микроэлементтерді толықтырғанда, дұрыс тамақтану мәдениеті мен физикалық белсенділікті қалыптастырғанда ғана келеді. Сол кезде ғана метаболизм табиғи жолмен дұрыс жұмыс істейді, – дейді Күміс-ай Аташева.

Қорыта келе айтарымыз, әркімнің денсаулығы – өзінің жауапкершілігіндегі нығметтің бірі. Оны эксперимент алаңына айналдырып, түрлі тәжірибе жасау түптің түбінде жақсылыққа әкелмейтінін санасы сау адам өзі де сезеді. Десе де, «сұлулық құрбандықты талап етеді» деген тұрғыда қарасақ, онда медициналық көрсеткіші жоқ адамдарға да укол түрінде салынатын пептидтер әлі де тамырын жая берері сөзсіз.

Айгүл СЕЙІЛ

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью